12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сөнген шырақ

Қараталдың иірімді тұсына жайынға тастаған жұтпасын тексермек болған Әсет жуан жіптен тартқанда зіл салмақты бірден сезді. Тамыр, түбірге оралып қалғандай қатты емес, тартып еді сәл қозғалғандай болды.  Жүрегі аттай тулап сала берген, өте ауыр.  Су патшасы Сүлеймен, бергеніңе шүкір, – деп  шыжымдап тағы тартты. Күткеніндей болмады, олжасы тулап қарсыласпады. Бұнысы қалай, үш тармақты жұтпаға мөңке шаншып тастағанына екі-ақ күн, түскен балық өле қоятындай болған жоқ, сонысына қарағанда бұл салғаннан-ақ  қауып, қармақпен әбден алысып  әлсіреген болуы керек. Ол жұтпа бауын тағы тартты.  Жіп сүйемдеп жылжып келеді.  Осылай үш-төрт метр бері қозғағанда жұтпа мен ұстағаны таяздау жерге жақындап та қалған еді. Жіпті сүйреген күйі  жайдақтау жерге қарай ыңғайланған Әсет тізеге дейін  су кешіп баппен ғана тарта берді, абайламаса болмайды  Қараталдың жайыны деген жоян келеді. Былтыр көршісі Есімбайды жұтпасымен бірге жұлып әкете жаздаған. Есімбай ұшқалақтау ғой қапқан жайынды тартып жүргенде баудың балтырына оралып қалғанын байқамапты.  Балық бір жұлқығанда саз жағада табаны тайып,  аяғын көктен келтірді. Көзі алақтап өзенге қарай сүйретіліп бара жатқан көршісін Әсет әзер ұстап үлгерген. Есімбайдың жұтпа тастап жүрген жерін көрейін деп бірге келгені мұндай абырой болар ма.  Содан кейін бұл да сақ қимылдайтын болған. Қазірдің өзінде капроннан өрілген баланың бармағындай жұтпа жібінің ағыспен өзінен аулағырақ кеткенін қайта-қайта қарап қояды.  Балықтың жұлқынар ыңғайы жоғына көзі жетті, Әбден сілесі қатқан болуы керек, – деп батылдау тарта бастады. Ауыр. Әсет салмаққа сүйінді, шамамен жетпіс-сексен келі бар болар, одан көп болмаса аз емес,   деген қуанышты ой ішін қыттықтады. Жүзіне ризалықтың нұры жүгірген. Осы мезетте бір нәрсе ағараң етті. Әсеттің жүзіндегі әлгі нұр лезде жоғалып, өңі қуарып сала берген. Жіптен тағы тартып жұтпа ұшындағыға үңіле қарады да көзі атыздай болып жіпті тастай сала  шегінді.

Екі сағат шамасында әлгі тұсқа аудан милициясы мен облыстың сарапшы тобы, тергеушілері  келіп жетті.

  • Балық аулаған сіз бе? – деді орта бойлы, қыр мұрынды, бидай өңді жігіт бұған бұрыла.
  • Иә… – Әсеттің даусы дірілдеп тұр. Қанша басылайын деседе өз-өзіне келе алмады.
  • Сіз сабыр етіңіз, қалай болғанын маған айтып беріңізші, мен тергеушімін, фамильям Дәуренов, – деді жігіт.

Әсет болған жайды толық айтып берді.

  • Қазір сол күйі тұр, тиіскен жоқсыз? – деді тергеуші.
  • Құдай сақтасын, ода нем бар! Қай жерге дейін тартым сол тұста жатыр.
  • Жақсы, – деді Дәуренов қағаз қаламын папкасына салып жатып.

Содан кейін су жағалап жүрген милицияға: Жігіттер, шығарайық! – деп дауыстады. Екі сержант жұтпа бауынан ұстап тарта бастады.  Жұтпа жүгі таяз жерге келгенде тағы екі милиция суға түсіп өлікті көтеріп алмақ болған. Бірақ қолайы келмеді.

  • Тергеуші жолдас, екеу екен, – деді жастау сержант шошына.

Өліктерді жағаға шығарғанда талай адам теріс айнып, лоқсыды. Тергеушінің өзі де әзер шыдаған. Борсыған иіс айналаны алып кетті. Шынымен екі адам екен.  Дәуренов көп жылдық тәжірбиесінде талай оқиғаның куәсі болып еді, ал мынандайды бірінші рет көріп тұр. Екі ер адамды бір-біріне арқаластырып сыммен шандыпты. Астыңғысының кеудесіне ДТның шынжыр табанының бір кесегін байлап, суға тастаған. Егер балықшының жуан инелі жұтпасы  сол сымдарға ілінбесе бұлардың су бетіне шығуы мүмкін емес еді.  Тергеуші тобы оқиға орнын мұқият қарап жатқан кезде сарапшы Алексеев сымды шешіп, марқұмдарды ары-бері аударыстырып қарады. Сосын  шыққан Дәуреновті ымдап шақырды.

  • Мынаны көрдіңіз бе? – деді ол мәйіттің кеудесінде үңірейіп тұрған

тұсты көрсетіп. – Оқ ізі.

  • Калибрын айта аласыз ба?
  • Жоқ, оны тек сүйектерді толық сараптамадан өткізгеннен кейін ғана айта аламын.
  • Жарайды. Болды ма, алып кетейік пе?

Алексеев құралдарын жинастырып жатып, қолын сілтей салды.

– Жігіттер, мәйіттерді тиеңдер! Моргке жеткізейік!

 

***

Қанды оқиға жайлы сыбыс  ұзынқұлақ арқылы Талдықорғанға тез тарап кетті. Ел ішінде «Сұмдық-ай, мылтық ұстаған қанішер пайда болыпты! Екі адамды атып тастапты. Жай ғана атпапты бастарын балтамен шауып тастапты. Милиция өліктердің кім екенін анықтай алмай көме салыпты» дегендей үрейлі өсек кеулеп кетті. Ел аузына қақпақ бола алмайсың, оның үстіне бұл өтірік-шыны аралас сөз. Өтірігі – марқұмдарды ешкім балталамаған, расы – қаза тапқандардың кім екенін анықтау шынымен қиын тиді. Суда екі айдан аса жатып қалған мәйіттер қатты ісініп, бұзылған еді.  Саусақ ізін картотека бойынша тексеруге де келмеді. Саматтың қолында бары сарапшы Алексеевтің қорытындысы ғана. Екеуін де шолақ мылтықпен кеуде тұстан атқан,  бірінің оқ дәл жүрегіне тиіпті, екіншісінің өкпесін тесіп, омыртқаға қадалған.  Марқұмдардың  бірі тәуліктен аса тірі жатқан екен.  Әбден қансырап көз жұмған. Демек оларды бірден суға тастамаған. Өзенге  тірідей тастаса өкпесін түгел су алып кетер еді дейді Алексеев.  Оқиға басқа жерде болып, бұлардың денесін із жасыру үшін көлікке тиеп әкелген екен.  Бары осы. Іс баяу жылжып жатқандықтан милиция бастығы мен тергеуші тобын Тыныбаевтың өзі шақыртып, қатты сөкті. Облхатшыдан ұрыс есту бастығына ату жазасынан ауыр тиген секілді. Шыға бұған тиісті, содан бері тыныштық бермейді. «Қашан?! Тап! Тез!»  Бастығының  қорында осы үш сөз ғана қалғандай. Дәуренов күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытты. Екі марқұмның суретін жан-жаққа жолдады. Содан республика, облыстағы жоғалған адамдардың тізімін алдырып, олардың туыстарын шақыртып, көрсетумен болды. Ешкім танымады.

Кербұлақ ауданынан келген Заман ақсақал да мәйіттерге  үңіле қарап басын шайқаған. Танымады.

  • Ол емес болса қуаныңыз, қария. Демек балаңыз әлі тірі, – деп

жұбата сөйлеп сыртқа бастады.

  • Айналайын, аузыңа май. Баламның тірі екенінің хабарын жеткізсең

қалағаныңды ал, – деп Заман қарт соңынан кемсеңдеп келеді.Нәтижесіз істен қалжыраған тергеуші шал сөзін бір естіп, бір естімей ілбіп жүре берген. Есік  аузына жеткенде ғана  шал аяғының тықыры сап тиылғанын байқады.  Соңына қарап еді Заман қарты ұзын дәліздің қақ ортасында, еден жуушы әйелге бажырая қарап тұр екен,

  • Ата! Ау, ақсақал!

Заман қарт қыбыр етпеді. Дәуренов қайта қарияның қасына барған. Шал еден жуушының шүберегіне қарап тұр екен. Екі көзі шарасынан шығып кететіндей. Жүзіндегі әжімдері тереңдей түсіп, мұрны қусырылыпты. Дір-дір еткен саусақтарымен шүберекті көрсеткенде ғана әккі тергеуші ұға қойды.

  • Таныс киім бе, ата?

Заманда үн жоқ, көзінен жас тарамдай бастапты.

  • Сіз мына шүберекті қайдан алдыңыз, – деді Самат швабра

басындағы ақ матаны алып.

  • Ой, ана бөлмеде киім-кешек үйіліп жатыр ғой, сол жерден ала

салғам, еденді құрғатқанға матасы жақсы екен, – деді әйел жайбарақат.   Үңіле қарап тергеушінің өзі де таныды,  көкшіл жолақтары бар ақ көйлек әлгі екі марқұмның бірінен шешілген еді. Суда көп жатып, қан, оқ-дәрі ізі, органикалық айғаққа жарардың бәрі шайылып кеткендіктен кәдеге жарамас деп, қоймаға қойдырып еді.  Оңып, іри бастаған көйлекті қария танып тұр.

  • Ауыл іші болған соң жастар тентектік жасамай тұра ма? Жексенім қарулы еді, топ болып жабылғандарды сілейте сабағаны үшін  істі болып, төрт жылға сотталды. Ақылды тентек қой, тәртібі жақсы болғаны үшін ерте шығарды. Ол қамалғанда шешесі осы көйлекті алып қойды, жолы ақ болсыншы деп ақ түстісін таңдапты. Содан Жексенім оралғанша екеуміз осы көйлекке құбыламыздай қарап, жалынып келдік қой, –деді Заман қария мәйітті танып, тергеуші кабинетіне келгеннен кейін.
  • Қасындағы жігітті танисыз ба?
  • Танымадым. Бірақ Берік екенін тұспалдап тұрмын. Құдай-ай, ауылға қалай жеткізем бұл хабарды? Жалғызым еді ғой, үмітім, жалғасым еді ғой…

Соңғы сөздерді әзер айтқан Заман ақсақал алқымын қарманып,  талықси берген. Тергеуші стақанын ала салып суға жүгірді.

Бір ай бойы жанды жеген жемір ойлардың шешімі осыдан кейін табыла бастады. Екінші адамның есімі анықталғанда Дәуренов жіп ұшын ұстағандай болды. Ол – Берік Ергөбеков екен. Талдықорғанда Берікті танымайтын адам аз. Бокспен шұғылданған, ер мінезді жігіт азаматтар ортасында ерекше беделді еді. Сұлу сөз болып сырғыған  советтік идеологияның астыңғы ағысында  қылмыстық әлем бар еді. Ол қылмыстық әлемнің тірі құдайларының бірі Рыков деген болатын. Әкесі талай лауазымды қызмет атқарып жасынан «Волга» мініп өскен  Алексей Рыков  бетіне адам қаратпайтын. Милицияның өзі онымен байланысқанды қаламайды.Әкесінің Мәскеу, Ленинградқа дейін таныс-тамыры бар, бөлімшеге алшаңдай баса кіріп, талай істі жапқызып тастады. Сол Рыковты осы Берік тәубасына келтіріпті. Мейрамханада отырып елдің берекесін алған Алексеймен сөзге келіп қалып,  сұлатып салған екен. Содан кейін Рықов қанша аңдыса да есесін қайтара алмаған. Жанында өзі сынды спортшы төрт-бес жігіті бар Берік жүрген жерге басқалар да жоламайтын еді. Аңыздай, аңыздай болса да ақиқаты басым бұл әңгімені Дәуренов талай жерде естіген. Соңғы төрт-бес жылда Талдықорғанда Берік туралы сөз басылды. Үйленіп, ауылына кетіпті деген келте дерек жүрді. Тек Рыковтардың бір астам ісі жайлы естісе ғана әріптестері. «Әкең, бұған тағы бір Берік керек-ау» – деп кіжінетін. Дәуренов сол жігітті  бір көрсем деп еді, жазуды қарасаңызшы.

Рыков пен Беріктің егескенінен беріде көп уақыт өтіп кеткен. Былай қарасаң одан күдіктенер түк жоқ. Бірақ тергеуші түйсігі солай тарта берді. Жоғарыдан келіп жатқан көп ескертпеге ызаланған Самат  батыл қадамға бел буды.  Әуелі амалын тауып Рыковтың көлігін тексеру керек, одан кейін үйін. Бұған ешкім рұқсат бермейді. Сондықтан тергеуші авто инспекциядағы таныстарына өтініш жасады. Өзі де қарапайым инспектор болып  солардың қасына қосылды. Қала ортасында ойқастап келе жатқан Рыковты тоқтатып алу қиындық туғызбады.

  • Кімсіңдер? Мені танымайсыңдар ма? – деді ол жап-жаңа

«Жигулиінен» түсе зіркілдеп.

  • Кешіріңіз, танимыз. Сонда да сіз жол ережесін бұздыңыз ғой, бұлай

жүруге болмайды, – деді экипаж басшысы аға лейтенат Федотов.

  • Болмайды?! Әй, сен жұмыстан ұшқың келген сорлысың ғой! – деді

Рыков.

  • Кешіріңіз, сіз ішімдік ішкен жоқсыз ба? – деді Дәуренов сөзге араласып.
  • Немене?! Мынауың кім?
  • Менің әріптесім ғой, сержант Дәуренов, – дей салды аға лейтенант

сескенген сыңай танытып.

  • Ей, қысықкөз, – деді Рыков. – Мен сенің әкеңді танытамын. Мен

рульде удай мас болып келе жатсам  да тоқтатпайтындай етемін.

  • Мейлі, өз еркіңіз, бірақ қазір бізбен сараптамаға барасыз, – деді

Дәуренов қитығып.

  • Не дейсің?

Рыков бұны жағасынан ала түскен. Дәуренов шалт қимылдап,қолын бұрап жіберді.

  • Жібер! Жібер деймін. Ауырып кетті.
  • Сіз милиция қызметкеріне қарсылық көрсеттіңіз. Оған мына

әріптестерім куә.  Көшедегі адамдардыңда ішінен сотта түсінік беретіндер табылады, –деді Дәуренов жорта ашуланып.

  • Әй, командир, жіберші. Тоқтай тұр, сөйлесейік.

Қолын жібере салып еді Рыков қайта күшейді.

  • Жүр. Барайық. Тек айтпады деме, осыдан кейінгі ісім сенімен

болады.

  • Жарайды. –деді Дәуренов.

Аға лейтенат Рыковты МАИ көлігіне отырғызды да Дәуренов «Жигулиді» айдап баратын болды. Керегі де осы еді. Ол сараптама бөлімінің алдына он минут кештеу келді. Сарапшы Алексеевке Рыков көлігінің ішіндегі,  жүк салғышындағы түрлі майлы дақтардан  сынама алуына сол жеткілікті болды.

Бұл жетіп тоқтағаннан кейін шамамен жиырма минуттан соң зертханадан Рыков шықты. Түтігіп кетіпті.

  • Міне! Міне! – деді ол қолындағы тілімдей қағазды бұлғақтатып. –

Сап-саумын!

  • Онда сізден кешірім сұраймын, – деді Дәуренов.
  • Сен менің ешқашан да ештеңені кешірмейтінімді білмейді екенсің, –

деді Рыков алара қарап.

  • Білемін. Сонда да кешірім сұраймын. Кешіріңіз.
  • Әкел кілтті!

Рыков көлігін оталдырып, қозғалып бара жатып:

  • Бейшара, сен ертеңнен бастап жұмыссызсың! –  деп қарқылдап

күліп кетті. Неге екені белгісіз көлігін гүжілдетіп бара жатқан Рыковтың ізінен қарап тұрып Самат жымиды.

  • Жолдас тергеуші, үлгердіңіздер ме?

Бұл аға лейтенаттың қасына келгенін байқамай қалыпты. Басын изеді.

  • Енді бір нәтиже шығарыңыз, әйтпесе менің басыма бәле болады…

Дәуренов аға лейтенантты бастан-аяқ барлай қарап шықты.

  • Саспа бауырым. Нәтиже болады…Болмаса тек сенің

ғана  емес,менің де басым кетеді.

 

 

 

***

  • Рыковтың жүк салғышындағы қоңыр дақтар қан ізі екен. Ол оқтан

қаза тапқан Байділдәев Жексеннің қан тобына сәйкес.

Алексеевтен осы сөзді естиі сала Дәуренов бастығына жүгірді.

  • Таптам! Қылмыскерді таптым! – деп хатшы қызға қарамай

кабинетке кіріп кетіп еді, іште үш-төрт адам отыр екен.   Бөлім басшылары. Қос өкпесін қолына ала жеткен бұны жақтырмай қарасты.

  • Жолдас Дәуренов, бұның қалай? – деді полковник мұрты тікірейіп.
  • Жолдас полковник, анықтадым! Таптым қылмыскерді.
  • Кім ол?
  • Рыков!

Фамилияны естігенде бәрі елең етісті. Полковник қабағын шытты. Содан кейін қасындағыларға есікті меңзеді.

  • Сендер бара беріңдер, мен тергеушімен оңаша сөйлесейін.
  • Әй, Дәуренов, – деді ол қызметкерлері шығып кеткен соң. –

Мұндайды айғайлап айта ма?!

  • Кешіріңіз, қуанғаннан…
  • Қандай дәлелің бар? Кәне, көрсет.
  • Рыковтың жүксалғышынан қан ізі табылды. Ол Байділдәев

Жексеннің қаны…

  • Тоқта. Сен оның көлігін қалай тексердің, менен рұқсат сұраған

жоқсың ғой?

Тергеуші барлық жайды жайып салды. Бастығы бір қызарып, бір бозарды.

  • Қап! Мынауың түкке жарамайды, – деді бір кезде.
  • Неге?
  • Тексергенің заңсыз, демек сараптама да заңсыз. Қанды өздері жақты көлікке десе не бетіңді айтасың?

Тергеушінің өңі бұзылып сала берген.

  • Оны ойламаппын…
  • «Баланың ісі шала» деген осындайда айтылады. – полковник саусағымен стол тықырлатты. – Так… Айғақ анық қой?
  • Алексеев ешқашан қателеспейді.
  • Ал, енді не істейміз? Оны қалай тексеріп, дәлелдейміз?

Дәуренов төмен қарады. Шынымен-ақ тығырыққа тіреліп еді. Қылмыскерді біле тұра тұтқындай алмаудан асқан азап бар ма.

  • Жарайды, ұнжырғаң түспесін. Мен оның әкесін жақсы танимын.

Қонаққа барып қайтайын, –деді полковник көзіне қулық жасырып.  Тергеуші аңтарыла қараған.

  • Саспа. Сенің ендігі жалғыз айғағың мылтық емес пе, үлкен Рыковтың аң ататын әдеті бар еді, қартайғалы онысын қойды. Ырс-ырс етіп семіздіктен жүре алмайды. Мылтығын шаң басып кеткен шығар, – деді Қанат Құдайбергенұлы жымиып. Дәуренов оның ойын сол кезде ғана ұқты.
  • Қашан барасыз?
  • Сенің көмегің қажет.
  • Мен әзірмін.

Петр Рыков сырты қораш, іші  ғажап саяжайында жүргенді жақсы

көруші еді. Қаланың асүйі де, бөлмесі де тар пәтерінен көрі тау баурайындағы саяжай мен саф ауа жанның рақаты емес пе.  Саяжай аумағында бос тұрғаны да баршылық еді. Петр Рыков ағашы қурап, ауласын шөп басып жататын ондай саяжайлардың иесін сыбағаннан шаршаған емес.

  • Иттің балалары, асып-тасқандық қой, пәтер де бар, саяжай да алып

қойған. Бірақ сол түкке керек емес өздеріне. Оданда кедейлеу біреуге бере салса ғой, құдайға мың мәрте шүкіршілік айтып, тап-таза етіп ұстар еді. Ленин өсиетін ұмытқандарды оңдырмау керек, – деп үнемі кіжініп жүретін. Осы кеште сол бос саяжайлардың бірінің алды ию-қию боп кетті. Милицияның бірнеше көлігі тұр екен. Көйлегі алқам-салқам, қарны шермиген Петр Василевич қақпасынан шығып, бақылап тұрды. Милиция бастығының өзі жүр екен. Шамасы ауыр қылмыс болды, –  деп Рыков бал ашып қойды. Осы кезде полковник байқап қалып, осылай беттеген.

  • О, Петр Василевич, қымбаттым! Қалыңыз қалай? Мазаңызды алдық

па? – деді Қанат Құдайбергенұлы.

  • Құдайым-ау, Қанат Құдаймергенұлы, сізді де көретін күн бар екен-

ау. Бір соғып, аман-есендігіңізді біліп шығайын-ақ деймін, қол тимей-ақ қойды. Амансыз ба?

Екеуінің құшағы айқаса кетті. Петр Василевич полковникті екі-үш қайтара сүйді. Екеуін сырттай бақылап тұрған тергеуші жиіркеніп кеткен. Басқа-басқа, дәл осы еркектердің сүйскеніне үйрене алмай-ақ қойды.

  • Дәуренов, – деді полковник бұған қайырылып. – Сендер ана үйді

тексеріп, саусақ ізін алыңдар. Барыңды сал, қылмыскерді табуымыз керек. Петр тамырымдай аса абыройлы болмаса да аты-шулы арызқой адамның үйі. Басымыз бәлеге қалады.

  • Құп болады, жолдас полковник!– деді бұл басын изеп.
  • Ал мен Петр Васлевичпен әңгімелесіп, бір-екі шыны шәй ішіп

шығайын.

  • Жүріңіз, жүріңіз. Шай да, басқасы да табылады. – деп күлген Петр

Рыков қақпадан кіре, – Анюта, жаным, шай қой! Бізге қонақ келді! – деп көтеріңкі дауыспен сөйлеп барады. Полковник қақпаны қалқалап жатып бұған көзін қысып үлгерді.

Самат  бастаған топ саяжайды бір сағаттан аса түртпектеп жүрді. Тергеуші Рыковтың саяжайы жаққа үздіге қараумен болды.  Қас қарая бастағанда полковниктің төбесі көрінді-ау. Оны Петр Рыковтың өзі шығарып салды.

  • Саспаңыз. Бәрін тастай етемін. Еш алаңдамаңыз. Жоямыз.
  • Сөйтіңізші, Қанат Құдаймергенұлы. Бұл иттің баласы әбден ерке

болып өсіп еді. Мылтықта несі бар деймін…

  • Алаңдамаңыз, уайымдайтын түк те жоқ. Қазір көзіңізше

тапсырамын жігіттерге, құжат бойынша жауапты Дәуренов болады. –

Сосын бұл жаққа дауыстап: Дәуренов, бері кел! – деп шақырды.

Бұл сол кезде ғана бастығының қолындағыға назар аударып еді. Мылтықтың қайыс қынабын ұстап тұр екен.

  • Мә, Дәуренов, мынаны ал. Петр Василевичке сенің көмегің керек

болып тұр,  – деді даусын қатайтып. – Баласы мылтығын бүлдіріп қойыпты. Тізімнен сыздырып, жойып, құжатты менің досыма ұстату керек. Қолыңнан келе ме?

  • Келгенде қандай, – Дәуренов қуанып кетті.
  • Сөйт.

Спирт исі бұрқыраған екеу ұзақ қоштасты. Петр Василевич

бастығын тағы сүйді. Бұл тағы жеркенді.

Қайтар  кезде Қанат Құдаймергенұлы бұны өз көлігіне отырғызып алды. Содан кейін жаңағы қынапты ашып, шолақ мылтықты сопаң еткізді.

  • Мынау біздің жалғыз дәлеліміз, бауырым. Енді бәрі өзіңе

байланысты.

  • Рақмет сізге, Қанат аға. Бірақ мылтықты қалай қолға түсіргеніңізді

ұға алмай отырғаным.

Полковник жымиды.

  • Мұндай адамдар мақтағанды, мақтанғанды жақсы көреді. Елу

граммнан екі-үшеу тартқаннан кейін ол кісінің мерген екенін білетінімді,  Мәскеудегі атқару комитетінде істейтін досы келгенде  жас лейтенант Қанаттың бұлардың тыныштығын сақтап жүргенін, сол кезде мұның мергендігіне қайран қалғанымды айттым.

Бұның көзіндегі сұрақты полковник тез ұға қойды.

  • Несіне таңырқайсың, бұның мені танып, көзге ілгеніне көп болған

жоқ қой.  Жастау кезімде мен де бұларға барып кел, шауып келдің бірі болатынмын, көзіне ілмейтін. Жаңағы оқиға да рас, тек мерген дегенім өтірік. Екеуі өле мас болып қалған, үйіне әрең жеткіздік…

  • Содан?
  • Содан, – деді Қанат Құдаймергенұлы негізгі әңгімесіне оралып. –

Мақтап едім делдиіп шыға келді. Мылтығыңыз мықты еді деп қосып қойдым. Ойбой, оны достарым сыйлаған, ұзақтан ұратын отыз екі ғой, – деп тағы көпірді. Қазір көрсетемін деп ал келіп үйін ақтарсын,  таппайды. Мен: Петр Василевич, қойыңызшы, керек емес, келіңіз одан да жүз грамм ішейік деп тоқтатқан боламын. Қайдан, «менің үйімде темірдей тәртіп болуы керек, коммунист бардакқа төзбейді» деп өзі де шаршады, әйелінің де есін шығарды. Ақыры шоланнан, бұрышқа жасырынған жерінен тауып әкелді ғой. Қабын ашып суырып алды да өзі шошып кетті. Баласы ұңғыны кесіп тастапты. Содан бұны құжат бойынша жойып, заң жүзінде тазарып алуыңыз керек, әйтпесе ертең басыңызға бәле болуы мүмкін деп  қорқыттым. Ақыры «бұл шаруаны милиция бастығынан артық кім атқарсын» деп өзіме тапсырма беріп жіберді. Болғаны осы.

Дәуренов өзін талайды көрген, бір адамдай тәжірбиесі бар тергеуші санайтын, бірақ дәл бүгін үйренері әлі де баршылық екенін түсінді.

 

 

 

***

 

Баллистикалық сараптаманың қорытындысын он күннен аса күтті. Тергеуші үшін уақыт тоқтап қалғандай көрінді. Қанат Құдаймергенұлы да соны тағатсыздана күтіп жүргендей, жиі хабарласады.   Ақыры бес парақ қағаз жетті-ау. Ала сала бастығына барды. Тағы да жиын өтіп жатыр екен. Хатшы бұның келгенін айтып еді дереу ішке шақыртты.

  • Кел! Сараптаманы әкелдің бе?
  • Иә!
  • Біздің ойымыз дұрыс па екен?
  • Иә.
  • Онда ертең Петр Василевичке сен қонақ болып қайт, — полковник

күлді. – Енді қандай тексеру жүргіземін десеңде жолың ашық.

  • Рақмет сізге, Қанат Құдаймергенұлы.
  • Бара бер, рақметті істі ашсаң саған айтамыз мына отырған бәріміз.
  • Құп болады.

Бастық пен тергеуші арасындағы құпия диалогты ұқпаған өзгелер аңтарылған қалпы қала берді. Петр Василевич дегеннен өзгенің бәрі жұмбақ  дүние еді.

Келесі күні тергеуші бастаған бірнеше адам Петр Рыковтың үйіне сау ете қалды.

  • Әй, кімді басынып жүрсіңдер?! – деп жалын күжірейткен

шермек қарынға қағазды көлденең тосты.

  • Сіздің мылтығыңызбен екі адамды атып өлтірген. Танысам

десеңіз сараптамалық қорытынды мінекей, – деді Дәуренов қағазды ұсынып.

  • Қайдағы өлім, қайдағы сараптама? – осы сәтте Петр Рыковтың

ойына полковник оралғандай . – Әй, сұмырай-ай, әй, иттің баласы-ай… Әкеңді танытармын…

Саматта оның кіжінгеніне қарап отырар уақыт жоқ еді. Петр Василевичтің үйін тінтіп шықты, көлігін де қарады. Үлкен гаражда Алексейдің  ақ «Жигулиінің» орны бос тұр. Қайда?  Бұл сұраққа Петр Василевич тымырайып жауап бермеді. Әйелі де «Мен қайдан білемін?» деп шап ете қалды.  Бұлардың манадан бергісі ойын екенін, біреу ескерткенін Самат сол кезде ұға қойды. Жедел түрде Алексейдің көлігін іздестіруге пәрмен берді. Талдықорғаннан да, облыстан да табылмады. Одан іргелес жатқан Алматы облысындағы әріптестеріне хабарласып еді, бір тәуліктен кейін ғана  бірінші Алматы  теміржол вокзалына жақын жердегі  шағын  ауладан табылды. Бос тұр. Тіпті, кілтін де қалдырып кетіпті. Пойызға отырып кеткен болды.

Самат  табанды болды, әуелі республика бойынша іздетті, одан кейін бүкілодақтыққа өтініш берді. Ақыры Алексей Рыков Мәскеуде тұтқындалды.  Тоқсан күн мен түн шалдықпай ізденген Дәуренов бұл хабарды естігенде шын шаттанды.

 

 

***

  • Не үшін өлтірдің?
  • Кімді?
  • Ергөбеков пен Байділдаевты.
  • Оларың кім?

Алексей Рыковтың айылын жияр түрі байқалмайды. Тергеуші басқа

қырынан келді.

  • Жарайды, Ергөбековке сені күшіктей қыңсылатқаны үшін өшіктің

делік, Байділдаевта не жазығы бар еді…

Оғы нысанаға дөп тиді. Басынан сөз асырмай, өзін аса құдіретті санайтын Рыков арс етті.

  • Кім қыңсылатты, кімді? Сен не оттап отырсың?
  • Ой, Ергөбековтың сені мысықша мияулатып сабағанын бүкіл

Талдықорған біледі ғой.

  • Кімді?!
  • Сені!
  • Мә саған қыңсылаған! – ашу бунаған Рыков шағын үстелдің арғы

басынан бұны салып қалған. Кісенді шештірген тергеушінің өзі еді. Ақымақ адамның ашуы мен қолы тез болады. Бұл есебі де дұрыс болды. Жұдырық сілтеген Рыковтың қолын тез қағып жіберіп, шынтағынан шап берді де білезікке жабысып бұрады. Күдікті жаны қысылып:

– Сука, сені де өлтірем! –деп қырылдады.

Самат оның қолын бұрай түсті.

–  Болды. Жібер! Жіберші…

  • Мойындаймысың!
  • Мойындаймын!

Үстел үстіне шалқасынан құлап ыңыранып жатқан Рыковты жібере

салды.

  • Ал, сөйле? Мылтықтың да, көлігіңнің ішіндегі қанның да

сараптамасы  бар, мені де, өзіңді де сарсаңға салмай барын айт. Бұлтаққа салсаң жазаңа жаза жамап беремін.

Рыковтың ұнжырғасы түсіп кетті.

Оқиға былай болған екен. Рыков пен достары мейрамханаға кірсе Берік пен Жексен тамақтанып отыр екен.  Көп жылдан бері көрмегенімен бірден таниды. Берік те танып, қолын көтеріп алыстан амандасыпты. Бұлар қасына барып, отыра кетеді. Дәм, шарап тапсырады.  Берік:

  • Мынау Жексен деген досым, балалықпен сотталып еді, жазасын

өтеп оралды, – депті. – Соны бір қызбен таныстырайын деп алып келдім. Қатарынан қалғаны болмайды ғой. Өзің үйлендің бе, Леша?

  • Жоқ, мен әлі ханшайымымды жолықтырған жоқпын, – дейді Рыков.

Ол да қасындағы  жігіттерді таныстырып, бәрі аздап шарап ішеді. Тек Алексей ғана іштегі ызаны басу үшін көбірек сілтейді. Біраздан кейін Берік пен Жексен қайтпақ болады, қызбен келер күні жолығатындарын айтып, қоштасады. Рыковта оларды жібере салам деген ой жоқ еді. Ашық тисе алмайды, Беріктің бірнеше адамға бой бермесін жақсы біледі. Содан қулыққа басады.

  • Бауырым, қала сыртына шығып таза ауа жұтайық, – деген тілек

білдіреді. Жігіттер бас тартыпты. Степан мен Вадим бұларды қайта-қайта құшақтап сөзге айналдырып тұрғанда  қалған екеуі  көлікке барып, Сергей рульге жайғасады, Алексей шолақ мылтықты алып қайтып келеді. Мылтық кезеніп, екі жігітті көлікке отырғызады. Қала сыртына шығып, қара жолдың үстіне тоқтайды.

  • Бір кездегі қылығың есіңде ме? – дейді Рыков қасқайып тұрған

Берікке. Анау жүзін тайдырмастан:

  • Жас кездегі ерегесті осы уақытқа дейін ұмытпай жүргеніңе қайран

қалдым, Леша, қой, тарт мылтықты, – дейді.

  • Тарт деймісің… Аяғымды құшып кешірім сұра!
  • Немене? – Берік мырс етеді. – Сенің есің дұрыс емес шығар? Тарт ары алдағы ойыншығыңды шошаңдатпай.
  • Жап аузыңды!
  • Әй, Леша, еркекпіз ғой, бұрынғыны кек тұтып жүрсең жекпе-жек шығайық. Әлде оған шыдамай тұрмысың? – Берік мырс етеді.

Осы кезде арақ пен ашу бунап тұрған Рыков шүріппені басып

қалыпты. Қарға адым жерден атылған оқ Берікті жұлып түседі.  Жексен де, қоршап тұрғандар да селт ете қалып, жетіп барса Берік жерде қанжоса болып жатыр екен.

  • Ей, не бүлдірдің, денің сау ма? – дейді Рыковтың достарының бірі.
  • Араласпа! Екіншісі қайда? – дейді көзіне қан толған Рыков.

Оның өзін де тірі қалдырмасын сезген Жексен қарынан қыса ұстап тұрған Степанды шынтақпен ұрып,  қаша жөнеледі.

Тергеуші әр детальді саспай  баяндап отырған Рыковтың жүзіне анықтап қарады, қорқыныш жоқ. Ертеңгі күні жазадан құтылып кететініне сенімді адам секілді. Бәрін айтайын қолыңнан келсе шауып ал дегендей безеріп отыр.

  • Оның еш жазығы жоқ еді ғой.
  • Ол мына дүниеге келгені. Мені көргені үшін жазықты. Сондықтан

өлтірдік.

  • Қайтіп? Толық айт.
  • Ол айдалаға қашты, біз көлікпен қуып бердік. Сергей тез қуып жетіп

сүйкеп өтті. Мен түсе сала жетіп барсам ырс-ырс етіп жатыр екен. Мылтықты кеудесіне тақап тұрып атып салдым. Бақ етуге шамасы келмеді.  Содан кейін екеуін жүксалғышқа салып қала сыртындағы бұзылған үйлердің біріне апарып тастадық.

  • Байділдаев тірі болған екен…
  • Иә, оны бес күннен кейін, денелерді суға тастайық деп дайындалып

барғанда білдік. Қаны сорғалап біз қалдырған жерден  біраз жылжыпты. Итжанды екен.

– Ол да сен секілді бір үйдің жалғызы еді.

– Басеке, ондай аянышты әңгіме айтпашы, жалғызы болса қыдырмай үйінде отыруы керек еді.

Бала кезінен ешкім бетінен қағып көрмеген Рыковқа мұндай  сөз әсер етпесін Самат білді.

  • Содан?
  • Содан екеуінің өлігін тағы да тиеп алып Қараталға апардық та Вадимнің қорасынан алған темірге байлап, суға тастадық. Әлгі балықшы болмаса таппас едіңдер, әттең… Сәл алысырақ апарғанда…

Рыков ернін тістеледі. Дәуреновтың бұдан ары тыңдауға төзімі жетпеді. Күзетшіні шақырып, «Әкет», – деп  бұйырды. Содан изолятордан шықты да Қараталға қарай тартты. Жиырма минуттай жаяулата жүріп жағалауға келіп еді өзен лайланып ағып жатыр екен. Шамасы таудағы қар ери бастаса керек. Су беті айғыз-айғыз, адамның әжімделген жүзіндей көрінеді. Саматтың  есіне Заман қарт түсті. Бір әулеттің үміт шырағы сөнді-ау.  Іші өзендей алай-түлей болып кетті.

 

 

***

Рыков пен оның сыбайластары он жылдан он бес жылға дейін сотталды. Әкесіне жаутаң-жаутаң қараған қылмыскердің түрі тым аянышты еді. Петр Василевич те шөгіп қалыпты. Үкім оқылғанда зал сілтідей тынды. Судья балғасын сарт еткізгенде саңқ еткен дауыс ілесе шықты.

  • Адамның жазасы осы. Сендерді әлі құдайдың жазасы күтіп тұр!

Лағнет!

Самат  жалт қарап еді,  Заман ақсақал екен.  Иегі кемсеңдеп тұр.

Серік Әбікенұлы

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...