Сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік органдардың шешімдеріне сотқа дейінгі тәртіппен шағымдану туралы

Тәжірибеде азаматтар мен заңды тұлғалардың құрылыс салуға арналған бастапқы материалдарды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден, эскиздік жобаларды келісуден бас тартуға, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өзге де шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты қиындықтарға тап болатын жағдайлары кездеседі.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде мемлекеттік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа дейінгі тәртіппен шағымдану көзделгенін түсіндіру қажет.

Аталған құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Құрылыс кодексімен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 265 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларымен» реттеледі.

Аталған Қағидалар құрылыс салу және реконструкциялау үшін бастапқы материалдарды, оның ішінде сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру, сондай-ақ эскизді (эскиздік жобаны) келісу тәртібін айқындайды.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тартуға сотқа дейінгі тәртіппен шағымдану мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

№ 265 бұйрықпен бекітілген Қағидалардың 48-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген шағымдарды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен қарайды.

Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған көрсетілетін қызметті берушіге беріледі.

Егер көрсетілетін қызметті беруші үш жұмыс күні ішінде шағымданушының талаптарын толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдамаса немесе әкімшілік әрекет жасамаса, шағым әкімшілік іспен бірге шағымды қарайтын органға жіберіледі.

Бұл ретте көрсетілетін қызметті берушіге келіп түскен шағым бес жұмыс күні ішінде, ал мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен шағым он бес жұмыс күні ішінде қаралады.

Аталған Қағидалардың 49-тармағында, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-бөлігіне сәйкес сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол берілетіні тікелей көзделген.

Осылайша, құрылыс салуға арналған бастапқы материалдарды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден немесе эскиздік жобаны келісуден бас тарту туралы шешім алған азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік сотқа жүгінгенге дейін заңнамада белгіленген сотқа дейінгі шағымдану тәртібін сақтауға міндетті.

Шағым берген кезде мемлекеттік қызмет көрсету туралы бастапқы өтініштің көшірмесін, алынған бас тарту туралы шешімді, сондай-ақ өтініш берушінің дәлелдерін растайтын құжаттарды қоса тіркеген жөн.

Шағымды қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл ретте заңда көзделген ерекшеліктер болмаған жағдайда, сотқа дейінгі шағымданудың міндетті тәртібін сақтамау Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 138-бабына сәйкес әкімшілік талап қоюды қайтаруға негіз болуы мүмкін екенін ескеру қажет.

Сонымен қатар, құрылыс саласында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде туындайтын даулар мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзге де дауларды ажырата білу қажет.

№ 265 Қағидаларда көзделген шағымданудың арнайы тәртібін қолдану дауланып отырған шешімнің сипатына және тиісті мемлекеттік органның өкілеттіктеріне байланысты айқындалады.

Осылайша, сотқа дейінгі шағымдану тәртібін сақтау сәулет және қала құрылысы саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуға дау айту кезінде сот арқылы қорғалу құқығын іске асырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Заңнамада белгіленген тәртіппен уақтылы шағымдану азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әкімшілік дауларды сот талқылауынсыз шешуге ықпал етеді.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы  С. Кусембаева

Мемлекеттік аукциондарда сатып алынған көлік құралдарын тіркеу және сотқа дейінгі шағымдану тәртібін сақтау туралы

Тәжірибеде мемлекеттік аукциондарда тәркіленген көлік құралдарын сатып алған азаматтардың...

«Республика күні- елдігіміздің айғағы»

Еліміздің тәуелсіздікке бастар жолында айрықша мәнге ие тарихи белестер...

Азаматтық процестегі эксаумақтық соттылық: сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру тетігі

Қазіргі таңда азаматтық-құқықтық қатынастардың кеңеюі мен цифрлық технологиялардың енгізілуі...

«Ардагермен бір күн» тақырыбында кездесу өтті

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде...

Жер қатынастарынан туындайтын әкімшілік дауларды қараудың өзекті мәселелері

Өңір соттарында қаралатын әкімшілік істердің кең таралған санаттарының бірі...