Сот залында отырған ананың жүрегі қайғыдан қарс айырылды. Әлпештеп өсірген қызының қазасына сене алар емес. Осы кезде сот залына үш бірдей адамды аяусыз өлтірген қандықол қылмыскерді алып келді. Қайғыдан қан жұтқан ана қолына мылтық берсе, ойланбастан қылмыскерді ата салар еді. Бірақ, қызы қайтып келер ме?
Өкініштен өзегі өртенген Асылзаттың анасы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Терең ойға шомды… Бағы ашылмаған байғұс қызының тағдырына үңілді. Бақытты өмір сүруге талпынған Асылзат небары 23 жаста еді ғой.
Асылзат бала күнінен елгезек қыз еді. Анасына барынша қолғанат болды. Мектепті үздік бітіріп, колледжге оқуға түсті. Осылайша жас қыздың қызықты студенттік күндері басталды. Бірақ, оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі, қызға көзі түсіп жүрген көрші ауылдың бір жігіті алып қашып кеткен еді. Тағдырға не шара! Елдің сөзінен қорыққан ана қызын танымайтын ортаға амалсыз қалдырған. Отбасын құрған қыздың оқуы жайына қалды. Күйеуі әрнәрсені сылтау етіп, таяқтан көз аштырмайтын. Бір күні жаңа босанып үйіне келген Асылзатты жолдасы өлімші етіп сабап, ауруханадан бір-ақ шығарды. Қызының халін көрген ана немересі Азат екеуін үйіне алып келген. Бірақ, балалы әйел кімге жақсын! Асылзаттың келгенін жеңгесі бетіне басып түртпектей берген. Не туыстардың аузына қақпақ бола алмай, не қызына кет дей алмай, сорлы ана шырылдады да қалды. Асылзат та жеңгесінің ойын іштей түсінген. Ағасының жайы белгілі. Әркімге жалданып құрылыс жұмысын жасайтын оның табысы тұрақты емес. Бір күн бар, бір күн жоқ. Қолы босай қалса достарымен ішімдік ішіп, үй бетін көрмей кетеді. Ал, жеңгесі болса бес баланың жайын күйттеп, үй шаруасынан босай алмайтын. Үйдегі күнделікті ұрыс-керістен шаршаған Асылзат ақыры Орал қаласына барып, жұмыс жасауға шешім қабылдаған. Алғашында кездескен әртүрлі жұмыстарды істеп, күнделікті табыс тауып жүрді. Өзінің жанын түсінетін Балнұрдай құрбы тапты. Екеуі бірге туған егіздей бір-біріне қамқор болды. Жұмысы алға басып, қолына ақша ұстаған Асылзаттың жағдайы да түзеле бастады. Үйіне көмектесіп, азын-аулақ артылған қаржысын жіберіп тұрды. Кейіннен анасы ауырып, Азатты өзінің қасына алып алды. Балнұр екеуі баласына кезектесіп қарайды. Жас баламен пәтерде тұру да оңай емес. Екі құрбы ақылдаса келіп, Орал қаласы, Зачаган кентіндегі жер үйдің ауласында орналасқан жалдамалы пәтерге көшкен. Сондағысы – ақша үнемдеу.
ІІ
Бір күні Асылзат жұмыстан кеш шықты. Ымырт түсіп, іңір қараңғылығы үйіріле бастаған кез еді. Аялдамаға келсе, тірі жан жоқ. Абыржып тұрған келіншек біреу ентелеп жанына жетіп келгенде селк ете қалды. 25-28 жас шамасындағы, орта бойлы, арықша келген, сақалды жігіт екен. Ішінен қорқып тұрса да Асылзат сескеніп қалғанын білдірмеуге тырысқан.
– Сәлеметсіз бе, автобус күтіп тұрсыз ба? – деді теріс қараған келіншекті сөзге тартпақ болған жігіт.
– Иә, – деп қысқа қайырды Асылзат.
– Сағат 12 болды. Мұндай уақытта автобус жүрмейді, жүріңіз мен сізді үйіңізге дейін жеткізіп салайын. Қазақ қызының аялдамада жалғыз тұрғаны жарамас, – деп бейтаныс бірден жанашырлық танытқанда келіншекті екіұдай сезімнің арбағаны рас. Асылзат ойланып ұзақ тұрды. Бойын қорқыныш пен үрей билеген әйел тәуекел етіп, ақыры амалсыздан бейтаныс жігіттің ұсынысын қабыл алған. Байжан сүйкімді әрі жас келіншекті қолтықтай жүріп өзінің автокөлігіне отырғызды. Самбырлай сөйлеген жігіт Асылзаттың қорқынышын біраз сейілткендей. Басында салқын сөйлеген әйел кейіннен ақтарылып, сырын айтып отырғанын аңғармай да қалды. Бұл өзінің қиындығын жайып салды, жігіт те уақытша сәтсіздіктерін бүкпесіз айтты. Содан екі бойдақтың таныстығы артып, кездесулері жиілей бастады. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, алғашында сақтық танытқан келіншек кейіннен Байжанға сенгені сонша, қауіп дегенді мүлде қаперіне алмайтын болды. Теңім болар деген жігіті жазасын өтеп шыққан қылмыскер екенін ол кезде қайдан білсін. Махаббаттан басы айналған келіншек қылмыскердің жетегінде кеткенін сезбеді.
Асылзат көшеде танысқан бейтаныс жігітті құрбысы Балнұрмен де таныстырды. Неге екені белгісіз, Байжан қызға мүлдем ұнамады. Оның сөзі де, өзі де жасанды секілді көрінді. Ойын Асылзатқа да айтқан. Бірақ, көзін шел басқан әйел бұл кезде құрбысының сөзіне құлақ түретіндей жағдайда емес еді. Тіпті құрбысының жанашырлық танытқанына сене қоймады. Бақытын тапқанына қызғанышпен қарап отыр деп қателесті. Көп ұзамай жігіт Асылзатпен бірге тұруға ниет білдіреді. Бұған үзілді-кесілді қарсы болған Балнұрдың сөзін тыңдаған ешкім жоқ…
ІІІ
Бір күні түс ауған уақытта Байжан сүйікті келіншегінің үйіне келеді. Есік сәл ашық тұр екен. Ептеп басып үйге кірді. Асылзаттың ұлы Азат кереуетте ұйықтап жатқан. Ал, Балнұр баланың қасында телефонын шұқылап алаңсыз отыр еді. Ауылдағы ата-анасының, туыстарының суреттеріне қараған қыз ештеңеден күдіктене қоймаған. Біреу иығына салақтатып қолын тастай салғанда орнынан секіріп тұрды. Қараса Байжан екен. Балнұр оның ішімдікке тойып алғанын бірден түсінді. Қорыққанын білдірмес үшін «Асылзат жұмыстан кешке келеді, қазір үйіңе қайт. Азатты оятып жібересің» деп жөнін айтқан. Араққа елтіген Байжан бұл сөздерді естімегендей. Екі құрбының елпілдеп құрмет көрсеткенін қате түсінген жігіт Балнұрды да өзін ұнатады деп ойлайтын. Содан болар, екі қыздың ортасында өзін ханзададай сезінген ол алдында тұрған қыз не айтса да қарсылық көрсетпейді деп ойлаған. Жігіттің қиялын Балнұрдың «шық үйден» деген сөзі бұзып жіберді. Жігіттен қауіптенген қыз ас үйге кіріп кетпек еді. Алайда, санасын нәпсі жайлаған Байжан артынан қалар емес. Құрбысының жігіті деп жүрген азаматтың қолайлы уақытты тауып өзіне қырындап тұрғанына қыз қатты ызаланды. Не істеу керек? Өзінің опасыздыққа бармасы түсінікті. Ал мынаныкі не?
– Асылзат жақсы адам, өмірде жолы болмаған бақытсыз жан. Сені кездестіргелі бері ертеңіне үлкен үміт артып жүр. Мына қылығыңды түсіне алмай тұрмын. Сен менің жүрегі таза, нәзік құрбыма тең емессің. Мұндай әрекетті тек хайуан ғана жасайды. Асылзатқа деген сезімің шынайы болса, бұлай жасамас едің. Қандай опасыз жансың? Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын. Міндетті түрде бәрін құрбыма айтамын. Білсін сенің қандай адам екеніңді, – деп ақтарылған Балнұр Байжанды жазғыра бастады. Қатты сөйлесем жігіт ойланар, кетіп қалар деген. Бірақ, Байжан Балнұрдың сөзін құлағына да ілген жоқ.
Араққа масайған жігітке бұл сөздер керісінше түрпідей тиген. Өзіне көне қоймағаны аздай, қарсы шығып, Асылзатқа шындықты айтуға оқталған қызға деген ашу-ызасы тереңдей берді. Балнұрдың енді «айтқанына көніп, айдауымен жүрмейтінін» түсінді. Асылзат мына жағдайдан хабардар болса, маңына жолатпайтыны белгілі. Байжанның ойына «енді Балнұрдан құтылу керек» деген арам ой сап ете түсті.
ІV
Өзіне қарап сөйлеп тұрған қызға қарай ентелей жүрген ол оң қолымен қарманып үстел үстіндегі пышаққа ұмтылған. Жігітті ақылға саламын деп сөйлеп тұрған қыз пышақты көзі шалысымен сыртқа қашуға тырысты. Алайда, жаман ой санасын жайлаған жігіт әбжіл қимылдап, қыздың білегінен шап беріп, өзіне қарай тартты. Пышақтан қорыққан қыз, өзінің дегенімен жүрер деп ойлаған. Бірақ, Балнұр өзіне төніп келе жатқан Байжанның бетін, қолын тырнағымен осып жіберді. Бойберместің нағыз өзі ғой мынау. Пышақтан да сескенбегенін қарамайсың ба? Шынашақтай қыздың дегеніне көнбей, тегеурінді қарсылық көрсеткеніне ызаланған Байжан бар ызасын пышақтан алардан, суық қаруды сығымдай түсті. Ауаны кескілеген оның әрекетінен сескенген қыз торға түскен көжектей состиып тұрып қалған. Байғұс қыз адаммен емес, тура бір әзірейілмен айқасқандай күй кешті. Суық қаруды алмақшы болып жанталасқанда, лыпылдаған пышақ жігіттің бас бармағын осып кетті. Көзі қарауытқан қаскөйге осының өзі жеткілікті еді. Өз ісіне есеп бермеген ол қолындағы пышақты Балнұрға қарай сермей берді. Өзіне қарай сылқ етіп құлаған қыздың өлі денесінің ауырлығын сезгенде ғана бір-ақ тоқтады. Қыздың денесін еденге тастамақ болғанда, ас үйдегі ыдысты құлатып алды.
Шудан оянап кеткен Азат бөлмеге жүгіріп кірген. Ұйқысын аша алмай, көзін уқалап тұрған бала жерде қанға боялып, қимылсыз жатқан тәтесін көре салып шыңғыра жылаған. 3 жастағы баланың дауысын көршілер естіп қояр деп қауіптенген қандықол көп ойланып тұрған жоқ. Жалаңдаған пышақпен бейкүнә сәбиді де аяусыз кескіледі. Екі өлі денені еденге тастаған ол кіре беріс есіктің алдына барып жайғасқан. Екі бірдей адамның өмірін жалмап, жер жастандырған қаскөйдің бойын бір дүлей күш жайлап алғандай. Дәл сол сәтте өзінен асқан батыл, өзінен мықты адам жоқтай. Адам өлтіру деген соншалықты қорқынышты емес екен ғой деді қысқа ойлаған қанышер. Дәл осы кезде қылмысын жасыру үшін ол кездескеннің бәрін жайпап салуға дайын еді. Ендігі күткені – Асылзат. Ол да ұзақ тостырмады. Терезенің ар жағынан қаннен-қаперсіз келе жатқан әйелді аңғарған Байжан орнынан атып тұрып, айналасына алақтай қарады. Пышағы қайда? Қай жерге қалдырып еді? Көзі терезенің алдында тұрған қайшыға түскен. Жалма-жан орнынан тұрған ол әйел табалдырықтан аттамай тұрып қолына қайшыны алуға ұмтылды.
V
Асылзат аулада тұрған Байжанның көлігін көріп, жігітінің үйде екенін бірден түсінді. Есік ашылды. «Бәрі мені күтіп отыр екен ғой» деген ол ешбір жаман ойсыз табалдырықтан аттаған. Үйге жақындағанда жүгіріп шығатын ұлы көріне қоймады. «Анашым» деп арсалаңдап келіп мойнына асылатын баласы бірдеңеге алданып отырған сияқты. Бұл уақытта Балнұр да қазан-ошақтың жанында кешкі астың қамымен жүретін. Үйдегі тыныштыққа таңданған келіншек киімін шешіп, сөмкесін ілгішке ілді. Бұларға не болды деген оймен «Балнұр, Азат» деп дауыстай бөлмеге қарай беттеген.
Есіктен кіре бергенде еденде қанға боялып жатқан ұлы мен құрбысын көріп айқайлап, шыңғырып жібергені сол еді, жон арқасынан қадалған суық қару әл-дәрменін алып қойды. Құлап бара жатып көзін ашқан келіншек қарсы алдында қан тамшылаған қайшыны шақылдатып тұрған нақсүйерін көрді. Қолын сермеген келіншек бар күшін жинап қаскөйдің аяғына жармасқан. Төбеден төнген оған келіншектің әлсіз соққылары еш әсер еткен жоқ. Баласын жоқтаған зарлы әйелдің үні де азғынның жүрегіне жете қоймады. Қан сасыған бөлмеде еркін адымдаған жігітінен жиренген Асылзаттың көз алдынан өткен күндер тізбектеліп өтіп жатыр. Қайдан ғана кездесіп еді? Неге сенді бұған? Жан құрбысының «Байжан сенің теңің емес, ол біздің түбімізге жетеді. Балаңның болашағын ойла, ол жігіттен біржола құтыл» деген сөздері құлағында жаңғырып тұр. Сол кезде жақынының сөзіне құлақ ассашы.
Көзі қарауытып, есінен танып, сылқ ете түсті. Көзі қанға толған қанішер өлі денені соққылауын тоқтатар емес. Қолы әлсіреп қайшыны сермеуге шамасы қалмаған кезде, сүйген келіншегінің өлі денесін еденге итеріп тастай салды. Жерде қан-жоса болып жатқан үш өлі денеге қарап «менің намысымды таптағанның ақыры осылай болады» деген ол артына масаттана қарады.
Байжан өзінің істеген ісіне еш өкінбеді. Керісінше, асықпай, саспай мүрделерді аттап-пұттап газдың қасына жеткен ол, май мен сіріңкені қолына алды. Газды ашық қалдыруды да ұмытпады. Оның ендігі мақсаты қылмысын жасыру. Майды еденге төгіп, үйдегі тез жанатын заттарды еденде жатқан өлі денелердің үстіне лақтырып, сіріңкені жағып тастай салды да, үйдің есігін кілттеп, адам аша алмастай етіп бекітті. Қолындағы қан тамшылаған қайшыны ауланың сыртында орналасқан арықтың ішіне тығып, өзі жеңіл көлігіне отырып түк болмағандай туыстарына қарай беттеді. Куәгерлердің көзіне түсіп қалмас үшін бой тасалап тығылған Байжан жеңіл көлігін сол күні төрт жүз мың теңгеге сатып үлгерген болатын. Күн батып, жұрт аяғының сирегенін күткен ол өңірден қашып кетуді жоспарлаған еді.
VІ
Таңғы алты жарым шамасы. Елдің бәрі қалың ұйқыда жатқан кез. Кәрім тарсылдаған дауыстан оянып, сыртқа қарай жүгірді. Қараса көрші үйдің ауласында орналасқан жалдамалы пәтер отқа оранып, қара түтін будақтап, лаулап жанып жатыр. Үйге қарай жүгірді, өртті ауыздықтау мүмкін емес. Есіне бірден сол үйдің тұрғындары түсті. Екі келіншек егіз қозыдай бір-біріне қамқор болып жүретін. Ал, Асылзаттың ұлы ақсақалдың немересімен ойнайтын. Кеше олардың үйге кіргенін көрді, бірақ шыққандарын байқамаған еді. Көршілерінің өмірін тілсіз жаудан арашалап алармын деген оймен бірден 103-ге хабарласты. Хабарлама түскен бойда өрт сөндірушілермен бірге мемлекеттік жедел тергеу құрамы да үйге келіп жетті. Тілсіз жаумен мамандар 20 минут арпалысып, өртті сөндіріп ішке кірді. Үй ішінен күйік шалынған, әрқайсының денесінде 18 жарақаты бар екі әйел мен бейкүнә сәбидің мүрдесі табылды.
Көршілер жалдамалы пәтерде тұратын Асылзат пен Балнұрды жақсы танитын. Олар бірауыздан соңғы кезде үйге ресейлік нөмірлі жеңіл көлік мінген жігіттің жиі келіп, әйелдермен етене араласып кеткенін жасырмады. Осы дерек бойынша 2017 жылдың 5 қыркүйегінде ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 1 тармағы бойынша іс қозғалып сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Алдын-ала тергеу кезінде үй ауласындағы цементтелген жол үстінен қанды із табылды. Бұл із үйдің сыртқы қоршауына дейін жеткен. Арнайы машықтанған иттермен іздестіру барысында оқиға орын алған үйден шамамен елу метр жерде орналасқан арықтан қан жұғылған қайшы табылады. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктің үйдің қасынан қозғалған іздері де анықталған. Иісшіл иттерге жеңіл көліктің ізіне түсу қиындық тудырмады. Осылайша қандықол қылмыскер тығылып жатқан жерінде құрықталды. Жедел іздестіру жұмысының арқасында қылмыскердің қолына сол күні кісен салынды. Көп ұзамай Батыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Байжан Сәметов ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімінің «3,10,13,14» тармағымен кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Үш тағдыр. Үш бейкүнә жан зұлымдықтың құрбанына айналды. Олардың артында ата-ана, бауырлары, ағайын-туысы жылап қала берді. Өкініштен өзегің өртенгенмен, өткен күндерді қайта қалпына келтіре алмайсың.
Раушан НАРБЕК