2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот өз жұмысын бастады. Бұл – сот жүйесіндегі құрылымдық өзгеріс қана емес, әкімшілік әділетті дамытудағы жаңа кезең. Жаңа соттың құрылуы азаматтардың құқықтарын қорғауға қандай мүмкіндіктер берді, кассациялық қараудың сапасы қалай өзгерді және бұл реформа Конституциялық өзгерістермен қалай ұштасады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздедік.
– Ринат Табиғатұлы, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы қандай қажеттіліктен туындады жəне ол өз жұмысын нақты қай күннен бастады? Бұл күннің əкімшілік əділет жүйесі үшін маңызы неде?
– Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот 2025 жылғы 1 шілдеде өз қызметін бастады. Бұл – жай ғана күнтізбедегі дата емес, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы жаңа кезеңнің басталуы. Əкімшілік даулар бойынша «жаппай кассация» институты жаңалық емес. Ол 2021 жылғы шілдеден бастап Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс (ƏРПК) аясында табысты жұмыс істеп келеді. Алайда бұған дейін бұл функцияны Жоғарғы Сот атқарғандықтан, жоғарғы сот органына едəуір жүктеме түскен еді. 2025 жылы жеке кассациялық соттың құрылуы – реформаның заңды жалғасы. Енді бұл əкімшілік сот төрелігіне ғана маманданған дербес буын. Соның нəтижесінде істерді қарау сапасы артты. Нақтырақ айтар болсақ, судьялар алқасы азаматтар мен əкімшілік органдар арасындағы дауларға тереңірек назар аудара алады. Қарапайым азамат үшін бұл – істі əділ қайта қарауға қолжетімділік анағұрлым тиімді бола түсті деген сөз. ƏРПК-нің барлық артықшылықтары, соның ішінде соттың белсенді рөлі мен əкімшілік органның кінəлілігі презумпциясы сақталып, кассацияның институционалдық дербестігі арқылы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – еліміздегі сот төрелігін жедел əрі ашық етуге бағытталған маңызды қадам.
– Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құзыретіне қандай санаттағы істер кіреді? Ол төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін қандай өлшемдер бойынша қайта қарайды?
– Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың сот актілерін олардың заңдылығы тұрғысынан қайта қарайды. Негізгі міндеті – берілген шағым шеңберінде іс материалдарын зерделеп, заң нормаларының дұрыс қолданылғанын жəне азаматтардың құқықтарының бұзылмағанын тексеру. Қаралатын істер ауқымы кең, өйткені сот азаматтар мен бизнес субъектілерінің əкімшілік органдармен туындайтын кез келген дауларын қарайды. Бұл жер жəне тұрғын үй мəселелері, салық даулары, экология, сəулет немесе мемлекеттік сатып алу салаларындағы істер болуы мүмкін.
– Дербес кассациялық соттың құрылуы қарапайым азаматтар мен бизнес субъектілері үшін қандай нақты өзгерістер əкелді? Бұл реформаның бұрынғы жүйеден басты айырмашылығы неде?
– Дербес кассациялық соттың құрылуымен азаматтардың құқықтарын қорғау анағұрлым қолжетімді əрі жедел бола түсті. Ең маңызды өзгеріс мерзімге қатысты. Бұрын кассациялық шағым беру үшін бір ай ғана берілсе, енді азаматтарға құжаттарды дайындап, сотқа жүгіну үшін алты ай уақыт беріледі. Судьялар саны едəуір артып, екі есеге көбейді. Бұл істерді əлдеқайда жылдам əрі мұқият қарауға мүмкіндік береді, созбалаңдықты болдырмайды. Сонымен қатар 2021 жылдан бері ƏРПК аясында қолданылып келе жатқан «жаппай кассация» қағидаты сақталды: əрбір өтініш алдын ала сүзгіден өтпей-ақ судьялар алқасының қарауына беріледі. Нəтижесінде рəсім азаматтар үшін қарапайым əрі ыңғайлы бола түсті. Шағымды дайындауға көбірек уақыт беріліп, шешімдер қысқа мерзімде қабылданады.
– Жаппай кассация» қағидатының сақталуы неліктен маңызды? Бұл институт азаматтардың сотқа қолжетімділігі мен əділ шешім алу мүмкіндігіне қалай əсер етеді?
– Кассациялық соттың құрылуы – бүкіл жария құқық жүйесіне берілген маңызды дабыл. Оның шешімдері бірыңғай əрі нақты құқық қолдану тəжірибесін қалыптастырады. Енді төменгі сатыдағы соттар мен əкімшілік органдар үшін заңды қалай түсіндіру қажеттігі жөнінде нақты бағдар бар. Бұл əртүрлі түсіндірулер мен жергілікті деңгейдегі еркін шешім қабылдаудың алдын алады. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап бұл сот заңдылықты нығайтудың негізгі тетігіне айналды. Əкімшілік органдар кассацияның олардың қателіктерін жедел əрі кəсіби түрде түзететінін көре отырып, бастапқы кезеңнен-ақ сапалы əрі негізделген шешім қабылдауға ұмтылады.
– Өңірлерде тұратын азаматтар үшін кассация лық сотқа жүгіну қаншалықты қолжетімді? Істі қарау барысында цифрлық сервистердің рөлі қандай жəне азаматтарға қандай мүмкіндіктер береді?
– Кассациялық соттың құрылуы азаматтарға ең бастысы – əкімшілік органмен дауда «соңғы нүкте қоюға» нақты мүмкіндік береді. Егер өңірде қабылданған шешім əділетсіз деп есептелсе, бұл жолдың соңы емес. Заңдылықты арнайы инстанция қайта тексереді.Астанаға барудың қажеті жоқ. Сот жұмысы толық цифрлық форматта ұйымдастырылған. Кассациялық шағымды «Сот кабинеті» немесе e-Otinish платформасы арқылы үйден шықпай-ақ беруге болады. Ол үшін интернет пен электрондық цифрлық қолтаңба жеткілікті. Қажет болған жағдайда шағымды пошта арқылы да жолдауға болады. Барлық байланыс деректері мен нұсқаулықтар соттың ресми сайтында орналастырылған. Осылайша құқықты қорғау мүмкіндігі азаматтың тұратын жеріне тəуелді емес.
– Кассациялық шағым беру кезінде азаматтар мен өкілдер жиі қандай қателіктер жібереді? Мұндай олқылықтардың алдын алу үшін сот тарапынан қандай түсіндіру жұмыс тары жүргізілуде?
– Иə, қателіктер кездеседі, бірақ олардың үлесі аз. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында шағымдардың шамамен 4 пайызы ғана кері қайтарылған. Ең жиі кездесетін себеп – мемлекеттік бажды дұрыс төлемеу. Көптеген азаматтар оны тұрғылықты жері бойынша төлейді, алайда баж сот орналасқан жер бойынша төленуі тиіс. Аталған сот Астана қаласының Нұра ауданында орналасқан, сондықтан төлем деректемелері сол ауданның Мемлекеттік кірістер басқармасына сəйкес болуы қажет. Сондай-ақ сенімхаттың болмауы немесе алты айлық мерзімді себепсіз өткізіп алу да құжаттардың қайтарылуына əкеледі. Осы техникалық кемшіліктердің алдын алу үшін арнайы чек-парақ əзірленіп, соттың ресми сайтында жəне əлеуметтік желілерінде жарияланған.
– Жоспарланып отырған Конституциялық өзгерістер əкімшілік əділеттің мəртебесіне қалай əсер етеді? Бұл сот төрелігі жүйесінде қандай сапалық өзгерістерге жол ашуы мүмкін?
– Қаңтар айының соңында жарияланған Конституцияға өзгерістер жобасында «Əділетті Қазақстан» идеологиясы мен «Заң жəне тəртіп» қағидаты бекітілген. Ең маңыздысы – еліміз тарихында алғаш рет əкімшілік сот өндірісі Конс титуцияда азаматтық жəне қылмыстық сот төрелігімен қатар сот билігін жүзеге асырудың дербес нысаны ретінде танылып отыр. Бұған дейін əкімшілік соттардың қызметі тек ƏРПК арқылы реттелсе, енді олардың мəртебесі Негізгі заңда бекітіледі. Бұл жарияқұқықтық дау ларды қарайтын соттардың беделін арттырып, азаматтарға конституция лық деңгейде кепілдік береді.
– Жалпы алғанда, Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы «Əділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында сот жүйе сінің дамуына қандай ұзақмерзімді əсер береді деп ойлайсыз?
– Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Алғаш рет конституция лық деңгейде жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан жəне пайдаланудан қорғау нормасы бекітіледі. Əсіресе, цифрландыру дəуірінде бұл аса өзекті. Енді жеке ақпаратты заңсыз пайдалануға негізгі заңмен тікелей тыйым салынады. Сонымен қатар сот қызметіне қатысты бірқатар маңызды құқықтар «Негізгі құқықтар мен бостандықтар» бөліміне енгізілді. Бұл оларды жай рəсімдік норма емес, адамның ажырамас құқықтары ретінде айқындайды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


