Республика күні халқымыздың тарихындағы айрықша маңызға ие, мемлекетіміздің қалыптасуы мен елдігіміздің нығаюын айқындайтын мереке. Бұл күн – еліміздің егемендікке жасаған тарихи қадамын еске алып қана қоймай, тәуелсіздігіміздің қадірін бағалап, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезінетін ерекше сәт.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, ұлттық мемлекеттілігіміздің жаңа кезеңіне жол ашты. Сондықтан Республика күні – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының, елдік мұраты мен бірлікке негізделген ортақ мақсатының символы.
Тәуелсіздік – ұлттың ең қастерлі құндылығы. Ал оны нығайту, мемлекеттің тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы келісім мен сенімді арттыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық әлеуетімен немесе материалдық жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Оның шынайы беріктігі заңның үстемдігімен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуымен, қоғамдағы әділеттілік пен өзара құрметтің орнығуымен айқындалады.
Осы тұрғыдан алғанда, сот жүйесіне жүктелетін міндеттің маңызы ерекше. Сот билігінің негізгі мақсаты – адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және әділ сот төрелігін жүзеге асыру. Әрбір істі заң талаптарына сай, бейтарап әрі әділ қарау – судьяның кәсіби парызы ғана емес, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі.
Әділ сот төрелігіне деген сенім – құқықтық мемлекеттің маңызды тіректерінің бірі. Азамат өз құқығының қорғалатынына, даудың заң аясында әділ шешілетініне сенген кезде қоғамдағы құқықтық мәдениет те нығая түседі. Сондықтан судья үшін заңдылықты сақтау, тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алу, әрбір шешімнің заңды әрі негізді болуын қамтамасыз ету айрықша мәнге ие.
Құқық үстемдігі орныққан қоғамда әр азамат өз құқығымен қатар, өз міндетін де терең түсінеді. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жауапкершілікті сезіну – өркениетті елдің азаматтарына тән қасиеттер. Құқықтық мемлекет құру тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана байланысты емес, ол бүкіл қоғамның құқықтық санасы мен азаматтық ұстанымынан бастау алады.
Республика күні бізге өткенімізді саралап, бүгінгі жетістіктерімізді бағамдап, келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Елдің ертеңі – білімді, адал, еңбекқор әрі жауапты ұрпақтың қолында. Жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және қоғам игілігі үшін еңбек етуге баулу – баршамызға ортақ міндет.
Республика күні – бірлігімізді бекемдеп, азаматтық жауапкершілігімізді арттыратын мереке. Оның мәні өткен тарихты құрметтеумен ғана шектелмейді. Бұл күн әрқайсымызға тәуелсіз Қазақстанның дамуына қандай үлес қоса алатынымызды ой елегінен өткізіп, әділетті, құқықтық әрі өркендеген қоғам қалыптастыру жолындағы міндеттерімізді жаңаша пайымдауға үндейді.
Мөлдір Оспанова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы


