Еліміздің тәуелсіздікке бастар жолында айрықша мәнге ие тарихи белестер аз емес. Солардың бірі – Қазақстанның өз тағдырын өзі айқындауға ұмтылысын нақты саяси шешіммен бекіткен кезең. Осы тұрғыдан алғанда Республика күні – жай ғана мерекелік дата емес, мемлекеттіліктің жаңа бағыты айқындалған маңызды күн. Бұл күннің мәні елдің дербес даму жолына бет бұруымен сабақтас. Қазақстанның аумақтық тұтастығы, саяси дербестігі, ұлттық мүддесі мен мемлекеттік биліктің негіздері айқындала бастады. Кейінгі Тәуелсіздікке бастар жол да осындай тарихи шешімдер арқылы қалыптасты.
Сондықтан Республика күнінің маңызын тек өткен оқиғаларды еске алумен шектеуге болмайды. Ол – елдің өз болашағына өзі жауап беруге ұмтылғанын, ұлттық мемлекеттілікке деген сенімін және азат өмірге деген талпынысын аңғартатын ерекше мереке. Бұл күн бізге тәуелсіздік бір сәтте келген сый емес екенін де еске салады. Оның артында халқымыздың ұзақ жылдар бойғы арманы, елдік мүдде жолындағы күресі мен тарихи таңдауы жатыр. Республика күнінің қадірі де осында. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік Егемендік туралы Декларация Қазақстанның саяси-құқықтық тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басуына жол ашты. Сол құжат арқылы республика өз аумағының тұтастығын, ішкі және сыртқы саясаттағы дербестігін, экономикалық мүддесін, азаматтық пен мемлекеттік биліктің негіздерін айқындауға ұмтылды. Бұл тәуелсіздіктің өзі болмаса да, тәуелсіздікке алып барған ең маңызды құқықтық қадамдардың бірі еді. Тарихқа қарасақ, мемлекеттілік бір күнде қалыптаспайды. Оның алдында ұзақ ізденіс, саяси ерік, ұлттық мүддені қорғау және халықтың азат өмірге деген талпынысы тұрады. Қазақ халқы да ғасырлар бойы өз жерінде өз билігі болғанын, ел тағдырын өзі шешкенін қалады. ХХ ғасырдың соңында туған тарихи мүмкіндік сол арманды жүзеге асыруға жол ашты. 25 қазан – егемендік идеясын құқықтық тұрғыдан бекіткен күн болса, 16 желтоқсан – сол ұмтылыстың толық мемлекеттік тәуелсіздікке айналған күні. Сондықтан Республика күнінің ұлттық мереке ретінде қайта оралуы тарихи жадымызды жаңғыртқан маңызды шешім болды. 2009 жылдан кейін бұл күн ресми мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, оның тарихи маңызы жойылған жоқ. 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы қоғамның мемлекеттілік тарихына жаңаша қарауына мүмкіндік берді. Республика күнінің мәні – әр азаматқа мемлекеттіліктің қадірін терең сезіндіруде. Мемлекет дегеніміз тек билік пен ресми мекемелердің жиынтығы емес. Оның негізін халық, жер, заң, тіл, тарих пен мәдениет құрайды. Ал осы құндылықтарды сақтау мен дамыту – барша азаматқа ортақ жауапкершілік. Сондықтанда Республика күні – тәуелсіздіктің мәнін терең түсініп, ел алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінетін, елдегі барлық азаматты ортақ Отан ұғымының айналасына біріктіретін маңызды мереке. Осы жерде құқық пен әділет мәселесіне де ерекше тоқталған жөн. Тәуелсіз мемлекетте азаматтардың құқығы қорғалмай, заңға сенім орнықпай, шынайы демократиялық қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан сот жүйесінің, құқық қорғау саласының және барлық мемлекеттік институттардың қызметі мемлекеттілікті нығайтумен тікелей байланысты. Судьяның шығарған әрбір әділ шешімі, мемлекеттік қызметшінің адал атқарған міндеті, мұғалімнің берген білімі, дәрігердің емдеген адамы, кәсіпкердің ашқан жұмыс орны, диқанның өндірген өнімі – бәрі де ел дамуына қосылған үлес. Егер біз заңды құрметтеп, білім мен еңбекке ұмтылып, қоғамдық татулықты сақтап, ел мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білсек, мемлекеттілігіміз де нығая береді. Осыдан отыз алты жыл бұрын жасалған тарихи таңдау бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңде қабылданған шешімдер елдің өз тағдырын өзі айқындауына, дербес даму бағытын таңдауына және кейінгі тәуелсіздіктің құқықтық негіздерін орнықтыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біздің алдымызда тұрған басты міндет – ата-бабадан аманат болып жеткен елдікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту және тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі бекемдеу. Тәуелсіздік тек өткен ұрпақтың жетістігі ғана емес, оны сақтау мен келер буынға аман жеткізу – қазіргі ұрпақтың да үлкен жауапкершілігі. Елдің қуаты ең алдымен оның бірлігінен, азаматтарының ынтымағынан, заңға құрметінен, адал еңбегінен және ортақ мақсатқа деген сенімінен көрінеді. Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның дамуына үлес қоса білсе, мемлекеттің де іргесі беки түседі. Сондықтан Республика күні бүгінгі жетістігімізді бағалап, ертеңгі болашағымызға жауапкершілікпен қарайтын күн. Оның шынайы мәні – елдің тұтастығын сақтау, тәуелсіздікті баянды ету және кейінгі ұрпаққа қуатты, өркендеген, тұғыры берік мемлекет қалдыру. Республика күні құтты болсын! Еліміздің бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, халқымыздың берекесі артып, келешегіміз кемел болғай. Егемен еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ, болашағы жарқын болсын!
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Т.Тілеп


