Ресей әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің бірі болғанымен, бүгінде елде жанармай тапшылығы ушығып барады. Ақпаратқа сәйкес, Ресейдің 40-қа жуық өңірінде жанармай сатуға шектеулер енгізіліп, жанармай құю бекеттерінде ұзынсонар кезек пайда болған. Сонымен қатар жанармай бағасы да өсіп жатыр. Сарапшылар мұның негізгі себептерінің бірі ретінде Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған дрон шабуылдарын атап отыр. Соның салдарынан Ресей сырттан жанармай импорттауға мәжбүр болған.
Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Шекара маңында жанармайдың заңсыз тасымалы күшейе ме? Елдің ішкі нарығында тапшылық қаупі бар ма? Осы және өзге де маңызды мәселелерді сарапшы Дінмұхаммед Әзімбаймен бірге талқыладық.
Сарапшының сөзінше, Ресейде мұнай дағдарысы басталды деп айтуға болады.
Ресейде мұнай жоқ емес бар. Олардың зауыты да бар. 2024 жылы Ресей 5 миллион баррель мұнай өңдеген. Ішкі нарығына 4 миллион баррель мұнай жеткілікті екен. Сондықтан Ресей күніне 2 миллионнан аса баррель мұнай экспорттап отырады. Бірақ зауыттарға шабуыл жасалуы ішкі жағдайда ғана әсер етуі мүмкін, — дейді сарапшы.
Себебі Ресейдің кейбір өңірлерінде мұнай және жанармай болғанымен, оның жеткізілу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан өңірлердің біраз бөлігіне жанармай жеткізу қиынға соғуы мүмкін.
Дрон шабуылдары, жоспардан тыс жөндеу жұмыстары, қосалқы бөлшекке қатысты қиындықтар, теміржол қиындығының бәрі үлкен проблема тудырып отыр. Зақым келген зауыттардың орнын басқа зауыттар толтыра алмайды. Себебі бензинді бір жерден екінші жерге апаруда логистикалық қиындықтар туындайды, — дейді маман.
Дінмұхаммед Әзімбайдың айтуынша, қазір Ресейде мұнай тапшылығы емес, дайын жанармай тапшылығы байқалып отыр.
Сонымен қатар, санкция салдарынан да Ресейде зауыттарды жөндеуге ұзақ мерзім, яғни 3-4 ай кетуі мүмкін. Бәрін толыққанды жөндеуге мүмкіндігі жоқ. 1-2 зауытты ғана жөндейтін шығар. Бірақ қалған зауыттарды жөндеу үшін технологиялық мүмкіндік керек. Дрон шабуылдары жанармай дағдарысын одан әрі ұшықтыруы мүмкін, — дейді сарапшы.
Ресей мәселені шешу үшін Қазақстан мен Үндістаннан бензин сұратты деген ақпарат шықты. Үндістен 60 мың тонна жанармай жіберген. Алайда сарапшының сөзінше, 60 мың тонна жанармай — Ресейдегі дағдарысты шеше алатын көлем емес.
Ол өте аз көлем. Ресей тәулігіне 100 мың тоннадан аса бензин тұтынады. Үндістан жіберетін көлем жарты күндік тапшылықты ғана жаба алады. Қазақстан туралы айтар болсақ, әртүрлі мәлімет бар: 50 мың тонна жібердік дейді, енді бірі бермедік дейді. Бірақ әзірге ресми бекітілген келісім емес. Қазақстанда белгілі бір баланс бойынша артық көлем бар. Елде үш мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда олар ішкі нарықты бензинмен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқа аз көлемде экспорттауға мүмкіндік бар. Мысалы 2024 жылы тәулігіне 400 мың баррель мұнай ішкі нарықтың сұранысын жапқан. Ал ішкі нарық бойынша сұраныс 328 мың баррель. Яғни 70 мың баррельдей экспорттауға мүмкіндік бар. Бірақ бұл Қазақстанда осындай көлемде “бос” бензин бар дегенді білдірмейді. Ішкі баланста бензин ғана емес, дизель, әуекеросин, мазут басқа да өнімдерді өңірлерге жеткіземіз. Бізде артық жанармайдың болуы оны сыртқа шексіз сата аламыз дегенді білдірмейді, — дейді Дінмұхаммед Әзімбай.
Жазда көлік қозғалысы күшейеді, күзде егін жинау басталады. Сарапшының сөзінше, дәл осы кезеңде дизельге сұраныс артады.
Атырау мұнай өңдеу зауыты да жоспарлы жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Сондықтан ішкі нарыққа да жанармай шектеулі. Ресейге 50 мың тонна өте аз болғанымен, Қазақстан үшін елеулі көлем, — дейді сарапшы.
Сол себепті Қазақстан — Ресейдегі жанармай дағдарысын шеше алатын тұрақты донор деп айтуға келмейді.
Дінмұхаммед Әзімбайдың сөзінше, Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстан үшін дағдарыс туғызбайды.
Бірақ бізге үш арна арқылы әсер етуі мүмкін: әуекеросин, логистика және дизель. Біздегі үш мұнай өңдеу зауыты әуекеросинді өңдейді, бірақ жазғы маусымға байланысты рейс көбейіп, әуекеросинге сұраныс артады. Сондықтан жаз маусымы және қысқа қарай Ресейден дизель сұраймыз. Ресей қиындықтарға байланысты экспортты шектеді. Сондықтан Қазақстанға келетін әуекеросин көлемі азайып немесе қымбаттауы мүмкін. Ал ол әуе билеттерінің бағасына, ішкі, халықаралық рейстердің бағасына әсер етеді, — дейді сарапшы.
Екінші қауіп — логистикаға қатысты. Сарапшының сөзінше, бензин мен дизель қымбаттаса, міндетті түрде жүк тасымалдау да қымбаттайды.
Айналамыздағы көп зат жүк көлігімен тасымалданады. Сондықтан Ресейдегі бензиннің тапшылығы ішкі нарыққа, бағаның өсуіне әсер етеді. Бұл 2-3 айда дүкен сөрелеріндегі бағалар өзгереді деген сөз. Биыл маусым айында Ұлттық банк есептеуінше, жанармайдың өсуі инфляцияға 0,5 пайыз тармақ қосты деген сөз. Қазір инфляция 10,5 пайыз болса, оның ішіндегі 0,5 пайыз бензинның қымбаттауына байланысты, — дейді Дінмұхаммед Әзімбай.
Сарапшының сөзінше, Ресейдегі жанармай дағдарысы Қырғызстан мен Тәжікстанға тікелей әсер етеді. Себебі Қырғызстан Ресей жанармайына 90 пайыз тәуелді.
Мысалы 2020 жылы Қырғызстанда дизельдің ішкі өндірісі 125 мың тонна болса, импорт көлемі 417 мың тонна болған. Яғни үш есе импорттайды деген сөз, — дейді маман.


