Құқықтық мемлекетті қалыптастыру сот өндірісін одан əрі
демократияландыру мен соттарды қандай да бір қысымнан жəне олардың
қызметіне араласудан қорғауды көздейді. Сот жүйесінің қызметі
Конституциямен, Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының
мəртебесі туралы заңмен айқындалған. Қазақстанның сот жүйесі істерді
қарау процесінің тəуелсіздігі мен əділдігін қамтамасыз ететін бірқатар
принциптерге негізделіп, олар Ата Заңмен бекітілген. Елімізде сот төрелігін
тек соттар жүзеге асырады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тəуелсіз
жəне Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру
жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді
жəне ол заң бойынша жауапкершілікке əкеп соғады. Нақты істер бойынша
судьялар есеп бермейді.
Конституцияның 77-бабына сай, заңды күшіне енген сот үкімімен
танылмайынша адам кінəлі болып саналмайды. Яғни, кінəсіздік
презумпциясы Қазақстандағы сот жүйесінің негізгі принциптерінің бірі
болып табылады. Әрбір қазақстандықтың əділ сот талқылауына құқығы
бар, сондай-ақ, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық
немесе əкімшілік жауапқа тартуға болмайды. Бұған қоса заңмен көзделген
соттылығын азаматтың өзінің келісімінсіз ешкімнің де өзгертуге құқы жоқ.
Сотта əркімнің өз сөзін тыңдата алатыны жəне айыпталушының өзінің
кінəсіздігін дəлелдеуге міндетті емес екені де осы баппен айқындалған.
Азаматтық сот ісін жүргізуде зандылық, жеке адамның ар-намысы мен
қадір-қасиетін құрметтеу, жеке өмірге, меншікке қол сұғылмаушылық,
судьялардың тəуелсіздігі, сондай-ақ, барлық адамның заң мен сот алдындағы
тендігі сынды заңмен көзделген қағидаттар қатаң сақталады. Қазіргі таңда
сот жүйесінде жаңа технологиялардың ең озық түрлері қолданылады.
Олардың көмегімен жүйе жұмысының ашықтығы мен жеделдігі, жариялығы
артты. Бұлар өз кезегінде жұртшылықтың сотқа қолжетімділігін толықтай
қамтамасыз етті.
Мəселен, сот мəжілісі залдары түгелдей аудио жəне бейне жазба
құрылғыларымен жабдықталған. Нəтижесінде барлық сот отырысы дыбыс-
бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі. Жаңа технологиялар
азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, олардың арыз-шағымындарын «Сот
кабинеті» арқылы беруге жол ашты. Электрондық құжат айналымының
бірыңғай жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект енгізу шаралары қарқынды
қолға алынуда. Онлайн сот отырыстарының халықтың құқықтық сауатын
көтеруде маңызы зор. Дауларды сотқа жеткізбей шешудің баламалы
тəсілдерін ендіруде соттар тарапынан ауқымды шаралар атқарылуда. Келер
жылы кассациялық соттың жұмысы басталатынын да айтып өткен жөн.
Жүйедегі мұндай реформалар, ең алдымен, халықтың соттарға деген
сенімін арттыруға бағытталған. Сондықтан, жаңа кадрларды іріктеу,
процесті жеңілдететін жəне адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру, т.б. жұмыстар нəтижелі іске
асырылуда.
Гүлмира Айтжанова,
Алмалы аудандық No2 сотының судьясы
Алматы қаласы