12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Рахман АЛШАНОВ, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:«МАМАН ДАЯРЛАУҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ ТИІМСІЗ ЖҰМСАЛУДА»

– Коронавирус індетінің әсері қоғамның барлық саласында күн өткен сайын артып келе жатыр. Мәселе қаншалықты қауіпті?
– Мен статистиканы қарап шықтым, Қазақстан орта топта жүр. Жыл сайын әлемде орта есеппен 56 млн адам түрлі аурудан қайтыс болады екен. Оның ішінде жүрек ауруы бірінші орында. Ал, ковидті жұқтырғандар бойынша бұрын 17-ші орында еді, қазір бірінші орынға көтерілді. Коронавирус індетінің экономикалық салдары адамзат тарихында бұрын болмаған ең жоғары деңгейде тұр.
– Жаңа оқу жылында қашықтан оқу жүйесі жалғасатын болды ма?
– Бізде коронавирус індетінің таралуының алғашқы кезеңі жақсы өтті де, төтенше жағдай аяқталды дегенде бірден лап ете қалды. Вирустың осылай тарайтынын ешкім дұрыс түсінбеді. Түсінбеген соң ережелерін де қайта-қайта өзгертіп отыр. Оқу орындарында қашықтықты сақтау талабына қатысты қауіп бар, себебі індет енді оқу орындарында лап ете қалса, жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін. Коронавирусты бастапқы кезде тек егде адамға қауіпті деп еді, енді жасқа қарамайтын ауру екені анықталып отыр. Соған байланысты министрлік те қиналуда. Олар жаңа оқу жылын бастаудың 3 түрлі нұсқасын жасады. Біріншісі, қашықтан оқыту. Екіншісі, дәстүрлі және қашықтан оқуды араластыру, үшіншісі, тек офлайн деп. Бірақ, кеше оқу жылын онлайн түрінде бастайтындарын жариялады. Ішінара балабақша, бастауыш мектептерге рұқсат береміз деді. Өйткені, балаларын оқыта алмай ата-аналар да қиналып қалды. Министрлік жоғары оқу орындарына мүмкіндігінше жағдайға қарап, әрекет етіңдер деді. Яғни, шет тілі, музыка сияқты санаулы адам оқитын мамандықтар бойынша мұғалімдер бетперде тағып сабағын оқыта беруге болады. Өткен тәжірибені де қайта қарап жатыр, күн сайын түрлі семинар өтеді. Оқу орындарындағы техникалық серверлер қашықтан оқуға көшкен кезде жүктемеге шыдай алмай қалды, енді жаз кезінде оны күшейтіңдер деп жатыр. Өткенде осыған байланысты вице-министрлердің бірінің кураторлығымен рейтинг шығарылды. Онда қашықтан оқыту кезінде техникалық сервері нашар 19 жоғары оқу орнының аты аталған.
– Қашықтан оқытуға жоғары оқу орындары ғана емес, жалпы білім беретін мекемелер мен ондағы оқытушылар да дайын болмай шыққан жоқ па?
– Сондықтан осы жолы мұғалімдердің бейнесабақтарының сапасын көтеру жайы айтылды. Соған байланысты білім беруге қатысты жақсы қорларды жинап жатырмыз. Қазір бейнелекциялар 580-ге жетті. Біз өз тарапымыздан республикамыздың бүкіл
әлеуетін біріктірейік дегенді айттық. Дүниежүзіндегі қолданыстағы бейнелекцияларды түгел қазақша аударайық. Қазір бәрі ашық қой. Сонымен қатар мұғалімдерді қашықтан оқытуға үйрету, оқыту жұмысын күшейту жайы да қозғалды. Студенттер ғана емес
көп мұғалімдердің үйінде компьютері жоқ. Мектеп мұғалімдерінің де тек 30 пайызында бар екен. Ақпарат бергенде мықтымыз ғой, жеме-жемге келгенде бізде көп нәрсе әлі дайын емес. Мұғалімдердің жұмыс істеу қабілеті де жеткіліксіз боп шықты. Пандемия жағдайдың бәрін ашып берді. Биыл мектеп бітірушілердің сынақ кезіндегі орташа балы да былтырғыдан төмендеу болды. Шалғайдағы ауылдарда интернеттің жоқтығы да айтылып, осыған көңіл бөлу керек деген әңгіме қозғалды. Бұл мәселе бойынша Парламентте Жетісу университетінің ректоры Ә. Бектұрғанов жетекшілік ететін арнайы топ құрылды.
– Пандемия қысқа уақыттың ішінде тек білім саласында ғана емес, экономикада т.б. салаларда да проблемалар бар екенін көрсетті. Одан сабақ алу жағы қалай жүріп жатыр?
– Бұған дейін экономиканы әртараптандырамыз, жаңа кәсіпорын ашамыз деген әңгіме көп айтылды. Алайда, қанша кәсіпорын ашылып, қаншасы жабылып қалғаны әлі толық сараланған жоқ. Оны Президент де қатты сынға алды. Бұрын жоғары оқу
орындарына бітірушілерді еңбекке орналастыру талабы қойылатын, биыл ол жағдайға байланысты сұралмайтын болды. Пандемия кезінде көптеген кәсіпорын жабылды, кейбірінің жұмысы қысқартылды. Соған байланысты түлектерге жұмысқа орналасуда үлкен қиындық болайын деп тұр енді. Сондықтан, жұмысқа орналасу пайызын тек зерттеу, сараптау үшін алайық.
Міндетті түрде есеп өткізу дегенді қоя тұру керек, заман өзгерді деген әңгіме қозғалды. Өкінішке орай білім туралы заңға қашықтан оқыту кірген жоқ. Кезінде министрлік сырттан оқуды алып тастады да, қашықтан оқуды кіргізбей қойды. Біз оны кіргізсін
дегенбіз. Уәде берді де, оны орындаған жоқ. Қазір енді істеп жатқан жұмыстарының бәрі заңға кереғар. Сол себепті заңды қайта қарап, өзгерістерді заңдастыру керек. Оның ар жағында мұғалімдерге еңбекақы төлеу жағы тұр. Бізге мұғалімдер штатын, жалақысын қысқартпа деп отыр. Әрине олардың жұмысы қазір бұрынғыдан көбеймесе кеміген жоқ. Видеолекция жасау деген сияқты жұмыстар қосылды. Осыған байланысты оқу орындарының да шығыны артты. Министрлік ақылы бөлімдегілердің оқу ақысын төлеуді оқу орындары өздері шешсін деп отыр. Алдында мемлекеттік грант көлемін 1 млн теңге деп белгіледі. Осыған орай ақылы бөлімдегі ақы да солай болып кетсе студенттердің көбінің жағдайы жоқ оны төлеуге. Олар сол себепті жан-жаққа, тіпті Президентке де көмек сұрап арызданды. Ол балаларды да түсінуге болады. Ата-аналарының жұмысы тұрып қалғаны, жабылғаны бар. Алайда оқу ақысынан оларды тағы да босата алмаймыз. Егер олай жасаса оқытушылардың жалақысын қайдан
тауып береді?
– Аймақтық мемлекеттік оқу орындарын жекешелендіру мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жекешеленетін аймақтық оқу орындарының тізімін бекітті. Білім министрі алдында Президентке кіргенде ол кісі бұлай болмайды деген деді. Кейбір оқу орындарында мемлекеттік
грантта оқып жатқандарының саны 10-20 пайыз ғана. Бірақ, қазір жаңа саясат бойынша мұғалімдер, дәрігерлер дайындауға жаңа көзқарас туды. Өкінішке орай реформа деп білім саласында бірталай дүниеден айырылып қалыппыз. Бір кездері педиатор дайындауды тоқтатып, көп жерде бала емдейтін дәрігерлер азайып қалды. Сол сияқты эпидемиолог, вирусолог мамандықтары кезінде жабылған еді. Қазір ол мамандар ауруханаларда жеткіліксіз боп қалды. Басқалары оның маманы емес. Сосын жұрт дәрігер дұрыс емдемеді, кейбір адамдар өмірден кетіп жатыр деп жүр. Дәрігерлердің еш кінәсі жоқ. Оларды кезінде бұған ешкім оқытпады. Бұрын экономикада тек қана қарқын керек деуші еді, тұрақтылық керек екенін енді түсініп жатырмыз. Жеме-жемге келген кезде бәрі шекараны жауып, ешкім ештеңе бермей қойды. Сол заттардың көбін өндіруге мүмкіншілік өзімізде де бар. Баяғыда Бисмарктен біреу соғыстан кім ұтады деп сұраған екен: «мектептегі оқушылар ұтады. Қалай оқытсаң, болашақ солай болады» депті. Сондықтан жаңа оқу жылында білім саласына ерекше көңіл бөлу керек. Қандай маман дайындауымыз керек зерттеп, жалпылауды қою керек. Біреуден дайынды ала саламыз деуге болмайды. Қазір доктарантураға тапсыруда талап етілетін шет тілін меңгерудің деңгейін анықтайтын түрлі компаниялар бар. IELTS оның көрсеткішін 1,5 айдан кейін шығарамыз дегенді айтады. Сонда біз олар анықтама бермейді екен деп доктарантураға адам қабылдамауымыз керек пе? Кей кезде біз осылай бәрін шетелге тіреп қоямыз. Мұндай көзсіздіктен арылу қажет.
Кейбір мамандықтар бізде әлі де қажеттіліктен артық дайындалып жатқан сияқты. Мемлекеттік білім грантына тапсырыс қашан бір ізге түсіп, жүйеленеді?

– Министрлік түрлі өзгерістер енгізіп жатыр. Әр комиссия отырысында қалай шештіңдер деймін. Жұмыс берушілермен жиі кездесем ғой, олар кейде маған мына мамандықтар керек емес дейді. Мысалы Қарағанды металлургия зауыты бізге керек металлургтар саны 25 адам ғана дейді. Сол сияқты мыс шығаратын өндіріс орны да белгілі. Олар жаңа өндіріс ашып жатқан жоқ. Жаңадан жұмысқа алатын адамы шектеулі. Кейбір кезде мемлекеттік білім грантын жоспарлайтын кезде министрлік оқу орындарында кафедралар бар ғой, оларды қысқартсақ ыңғайсыз дейді. Егер дайындап жатқан мамандары керек болмаса оларды
ұстап қажеті қанша. Сол сияқты бірде маған машина жасау мамандығын қызыл дипломмен бітірген жас маман келді. Мамандығы бойынша еш жерде жұмысқа орналаса алмаған. Бізде біраз салада жағдай осындай. Мұғалім дайындау мәселесі де солай. Өткенде Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тахир Балықбаев санаған екен жылына 1,5 мың мұғалім керек екен біздің елімізге. Ал, дайындап жатқанымыз 3,5 мың адам. Яғни маман дайындауға жұмсалатын мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалуда. Проблема тек қана кадр дайындауда емес. Мәселен, министрлікте өткен алқа жиналысында Нұр-Сұлтанда тұратын бір мұғалім
«бастауыш мектепте сабақ берем, айлығым 40 мың теңге. Мұғалім болғым келеді. Жұмысым өзіме ұнайды, бұл мамандықты армандап келдім. Бірақ 40 мың теңгелік жалақымның 29 мыңы коммуналдық қызметке төлеуге кетеді. Сонда мен қалай өмір сүруім керек» деді. Есептеп көрсек 10 жылда 120 мың адам мұғалімдік жұмыстан кетеді екен. Біз жетпейді деп жылда грантты
ұлғайтамыз. Бұл сала тесік шелек сияқты. 10 жылда онда 54 млрд теңге жоғалтады екенбіз. Соны мұғалімдердің жалақысына қосса олардың 90 пайызы өз жұмысында қалуы әбден мүмкін еді. Солтүстік өңірлерге бару үшін жылына 4 мың грант беріледі.
Соның көбісі 1 жылдан кейін кетіп қалады екен. Алдымен керек пе, керек емес пе деп сұрау керек негізі. Ректорлар айтады, оңтүстіктегі әріптестеріміз «біздің абитуриенттерімізді алып кетіп жатсың» деп ренішпен қарсы алады дейді. Әр министрліктегі
маман дайындауға қатысты барлық бағдарламаны біріктіру керек қой. Бізде әлі дұрыс жүйе жоқ бәрінің басын
біріктіретін. Әркім көрпені өзіне қарай тартып, өз бетінше тірлік жасап отыр. Сол сияқты техникалық мамандықтарға 15 мың грант беріледі. Соның қаншасы жұмысқа баратынын ешкім айта алмайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінің деканы айтып отыр, министрлік жұмысқа орналасу көрсеткіші 80 пайыз болмаса лицензияны тоқтатамыз дейтін көрінеді. Биотехнология зертханаларына ары кеткенде 200 адам ғана керек екен. Бұл салаға мың грант бөлінсе, оның 900-і осында келген. Келген адамды бізде оқыма деуге хақым жоқ. 4 жылдан кейін олар бітіреді, бірақ, 80 пайызы жұмыссыз қалады деп отыр. Кім қандай өндіріс орнын ашады, қандай салаларды дамытамыз деген сияқты көп сұрақтарға әлі жауап жоқ. Негізгі басшылық стратегиямен айналысуы керек, күнделікті жұмысты басқаларға тапсырып. Бізде бәрі бүгінгі күнмен ғана жұмыс жасауда.
– Бізде жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылданып, оған бюджеттен қомақты қаржы қарастырылады. Алайда атқарылған жұмыстың нәтижесін сұраған кезде бәрінің аяғы сұйылып кетеді. Бұл неліктен?
– Бағдарламамен қамтамасыз етуден белорустар бізден 10-25 есе озып кетті. Біз Алатау ақпараттық технологиялар паркін ашуға 46 млрд теңге жұмсадық. Оның қайда кеткені белгісіз. 124 млн. теңгенің затын оларсыз-ақ сыртқа шығарып отырмыз. Ал, белорустар сыртқа шығаратын өнімін млрд долларға жеткізді. Өткенде Назарбаев университетінде бір профессор Бразилия мен Оңтүстік Кореяны салыстырды. Экономикасы бірдей болса да Бразилия тек шикізатқа ғана күш салады. Онда жылына 3 мың PhD дайындайды екен. Ал, Оңтүстік Кореяда оның саны 59 мың адамды құрайды. Қазақстаннан халқы 3 есе ғана артық болса да, PhD дайындауда оны 20 есеге дейін арттырған. Сонда инновацияны кім жасайды? Бакалавр толық мамандық емес. Онымен инновация құру мүмкін емес. АҚШ-та бір институт төңірегінде мыңдаған кәсіпорын ашылған. Мысалы Массачусетск технологиялық институтының түлектері 120 мыңдай кәсіпорын ашып, қазір одан 200 млрд доллар табыс әкеледі. Оның көлемі
бүкіл Қазақстаннан асып тұр. Бізбен кездескен кезде Нью-Йорктің бір әкімі студенттер келіп, қаламызды құтқарып жіберді деп еді. Яғни ойланды, шешті, іске асырды. Бізде де кезінде коммерцияландыру орталығын ашты қыруар қаржы бөліп. Ол қайда кетіп жатыр деп ешкім сұрап жатқан жоқ. Министрлік жоғары оқу орындарының жанынан бизнес инкубатор, технопарк, стартаптар ашыңдар деді, бәріміз аштық. Алайда ақша бөлуге келгенде тек жаңа ғалымдарға береміз дейді. Егер жаңалықтарды өзіміз шығармасақ, елді қалай ілгері бастырамыз. Болашақ қазір осында жатыр. Оны АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдердің бәрі жасап отыр. Біз соны біліп отырып, басқаша жұмыс жасаймыз. Мен кеңес уақытынан бері 27 министрмен жұмыс жасаппын. Бәрі апыр-топыр боп келеді, кетеді. Алайда кім не істеді дегенде жауап айтуға қиналамыз.
– Қашықтан оқуды біз енді ғана бастап жатқанда, дамыған елдер оны шетелдік студенттерді өздеріне оқуға тартуда табысты жүзеге асыруда. Тіпті кейбір оқу бағдарламаларын интернет арқылы тегін жүргізіп, диплом да бере бастады.
– Соңғы он жылда біздің елімізде де мыңдаған бала шетелден қашықтан оқып, келіп жатыр және олардың дипломдарын мойындап жатырмыз. Кейбір институттарда онымен 150 мыңдай адам оқиды екен. Қазір дүниежүзінде қашықтан оқып жатқандар
саны млн-нан асып кетті. Қарқыны өте жоғары. Еуропаның технологиялық жоғары оқу орындары да бірігіп, кім нені оқыта алатынын бөлісіп жатыр. Қашықтан оқу технологиясына ашық университеттерде көп көңіл бөліп отыр. Нью-Йоркте болған кезде профессорлары қашықтан оқуды жартысы қолдап, жартысы оған қарсы екенін айтты. Олардың келтіретін уәжі студенттен бір-бірімен араласпаса, пікірталас болмаса қалай маман дайындауға болады. Сол сияқты қазір қашықтан оқу керек шығар, бірақ бұған дейінгінің бәрін көзді жұмып тастай салуға болмайды. Біз бір нәрсе болса бәрін құртып, мынау жаңасы деп бірден көшіріп аламыз ғой. Кей кезде сыртқы қабығын аламыз да, мазмұнына қолымыз жетпей қалады. Қазір лекцияны кім қалай оқытып жатыр,
сапасы қандай екенін ешкім білмейді. Қашықтан оқытудың әдістемесі қандай болу керек деген мәселе де толық шешілмеген. Оқытушы 15-20 минуттың ішінде бәрін айта алмайды ғой? Балаға нені оқытып, неге көңіл бөлу керек екенін және ертең алған
білімін одан қалай сұрайсың? Қазір қашықтан оқудың әдістемесі жасалып жатыр ғой. Оған көп көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, қазақша оқытуда. Қазір көп оқу орындарында студенттер 80-90 пайыз қазақша оқиды. Алайда әлі де қазақша көп оқулықтары жоқ.
Жазбаша да, электрондық түрде де. Қашықтан оқудың сапасын көтеру үшін қазақ тіліне көп көңіл бөлуіміз керек. Мектеп оқушыларының 80 пайызы қазақ мектебінде оқиды. Олар да сапалы білім алғысы келеді, бір-бірімен бәсекеге түсіп жатыр. Оны ата-анасы да біліп отыр. Қазақ тілінде оқыту күрделі мәселе. Оқыту әдістемесіне қатысты министрлік рапорт беріп жатыр ғой, бәрін қатырдық деп. Ол жағынан ешкім біздің алдымызға шықпайды. Мысалы мектепті 4 жыл бұрын Алтын белгіге 2 мың бала бітіріп еді, былтыр оның саны 6 мыңға жетіп, 3 есе өсті. Қысқа уақытта сапа осылай тез өсуі мүмкін бе? Кейбір мектептер 3-і бар балаларға да Алтын белгі беріп жібергені кейін белгілі болып, министр мұндай мектеп директорларын жұмыстан босатамыз деді. Бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек бәрін білімнен бастауымыз керек.
Білімнің бизнеске айналу үрдісі соңғы ширек ғасырда бүкіл әлемде қарқынды жүріп жатқан сияқты?
– Ол рас. Шетелден келіп білім алатындар саны қазір 100 млн-нан асып кетті. АҚШ-та тек Қытайдан келіп 200 мың адам оқиды. Онда бірінші орында Үндістан елі тұр. АҚШ жылына 20 млрд доллар табыс табады екен білім саласынан. Австралия 198 мың баланы оқытып, ондағы табысын 2 млрд долларға жеткізді. Бізде де өз табысын жоғары оқу орындары өзін дамытуға жіберуі керек еді. Алайда шындығында ондай болмай жатыр.
– Кезінде Президент тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарына жатақхана салу үшін жер беріп, құрылыс жұмысын қаржыландыру мәселесінде көмек қолын созу жайы қозғалған еді. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Жатақхана салуға берген ақшасы жетпеді. Банктер 8 жылға емес, 5 жылға ғана несие бере аламыз деді. Тараптар енді ғана бір мәмілеге келген сияқты. Инвестиция мерзімін 7 жылға түсіріп, ақшасын көбейтті. Курс өзгеріп кетпесе ол жоғары оқу орындарына тиімді болатын түрі бар. Мысалы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біз 3 мың адам сиятын үлкенін бір-ақ саламыз деп істі бастап кетті. Өңірлердегі бірқатар жоғары оқу орындары да бұл жұмысты жүзеге асыруға кірісті. Бағдарлама ақырындап болса да алға жылжып келе жатыр.
– ЖОО-лардағы оқу ақысын кім, қалай белгілейді?
– ЖОО өзі белгілейді. Мәселен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу ақысы 1,5 млн теңге. Басқа оқу орындарында ол біршама арзан. ҚазҰУдың оқытатын жері жоқ, студент саны 20 мыңнан асып кетті. Бұрын мұнда 7 мың бала оқитын, қазір 3 ауысыммен
оқытып жатырмыз деп оқу ақысын әдейі көтерген көрінеді. Министрлік биылдан бастап ЖОО-лар грант балын өздері қоюына рұқсат берді. Соған сәйкес кейбіреуі тек қана Алтын белгімен бітіргендерді алам десе, кейбірі шекті балдың көлемін көтеріп отыр.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор....