12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Рақымшылық жасаудың да өз талабы бар

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің 2020 жылы өткен алқа мәжілісінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында азаматтар мен мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыстарға рақымшылық жасау қажеттігін айтқан болатын. Соған орай, ҚР Ішкі министрлігі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң дайындап, оған Президент былтырғы 7-желтоқсанда қол қойды.

Жалпы айтқанда, бұл заң онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық әрекетке барғандарға, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ, егде жастағыларға, жүкті және жасы 18-ге толмаған баласы бар әйелдерге қолданылады.

Осы заң нормаларына қысқаша тоқталсақ, қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босату 2-баптың 1, 2, 3, 4, 5-бөліктерімен сараланған. Яғни, негізгі жазадан теріс қылықтар, онша ауыр емес, сондай-ақ, залал келтірмеген не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыс жасағандар босатылады. Айта кетерлігі, әлеуметтік жағынан осал топтағылар залал мен талап-қою бар болса да кешіріледі. Сонымен қатар, рақымшылыққа теріс мінез-құлық танытпаған және жазасын өтеп бітуіне бiр жылдай уақыт қалғандар ілігеді.

Негізгі жазаның мерзім-мөлшерін қысқарту заңдылығы 3-бапта көрсетілген. Әлеуметтік осал топқа жататындарға қатысты айтсақ, жазасын өтеп жүрген немесе оны әлі орындамағандардың ауыр қылмыста негізгі жазасының өтелмеген не орындалмаған бөлігінің екіден бірі, ал, аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бірі қысқартылады.

Осал топқа кірмейтін жазасын өтеп жатқандар мен орындамағандар қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талап қою талаптарын толық өтесе, ауыр қылмыстар бойынша негізгі жазасының үштен бірі, аса ауыр қылмыстарда бір бөлігі қысқарады.

Рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тәртібі қалай жүзеге асады десек, жазаны орындайтын мекемелер мен органдар осы заңның уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа тиісті құжаттарды беруге міндетті. Атап айтқанда, жазаны өтеуден босату не оның мерзімін қысқарту туралы ұсыным, сотталушыға қатысты сот үкімі мен басқа да сот актілерінің көшірмесі, жазаның өтелген және қалған мерзімі туралы мәліметтер, сотталған адамның жеке немесе бақылау ісі, әлеуметтік жағынан осал жанның мәртебесін растайтын құжаттар.

Тиісті органдар осы заң күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етеді. Егер рақымшылық алуға заңды тұрғыда мүмкіндігі бар адам немесе оның заңды өкілі қарсы болса, ол қолданылмайды.

Қазақстанда сотталып, бірақ, жазасын тыс жерде өтеп жатқандар, сондай-ақ, жазасын өтеу үшін біздің елге берілген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

Рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандар тағдырына мемлекетіміз немқұрайды қарамайды. Бұл тұрғыда ел үкіметі мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ, Елорданың жергілікті атқарушы органдарына жауапкершілік жүктелген. Мысалы, жақындары жоқ әлеуметтік осал топтағы өз-өзіне күтім жасай алмайтын адамдарды стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтiк мекемелерге орналастыру, кәмелетке толмағандардың орта, техникалық немесе кәсіптік білім алуын жалғастыруына жәрдемдесу, сонымен қатар, ата-аналары немесе оларды алмастыратындар тәрбиесіне не мамандандырылған мемлекеттік органға жіберу, тұрғылықты жері жоқ, өмірлік қиын жағдайда қалғандарды дағдарыс орталықтарына орналастыру, заңмен айқындалған тағы басқа әлеуметтік көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды.

Өмір болған соң адам баласының сүрініп, қателікке бармауына кепілдік жоқ. Сондықтан, олардың қателіктерін түсініп, қоғамнан өз орындарын табуына атсалысу біздің азаматтық міндетіміз. Кешірім жасап, кеңдік таныту, қашан да ізгілікті іс.

Олжас Күреңбеков,

Қапшағай қалалық сотының төрағасы

Алматы облысы

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Тіл-асыл құндылық

Мемлекеттік тіл - бұл осы мемлекеттің рәміздерінің бірі болып...

Жастар мәселесі жалтақтықты көтермейді

«Сот пен дәрігері жоқ жерде өмір сүрмеңіз» дейді халық...