Конституциямен айқындалғандай, әрбір қазақстандықтың құқығы заңмен қорғалған. Бұл ретте азаматтар бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқылы. Осыған орай, азаматтық процестік әрекетке қабілеттілік нормалары Азаматтық процестік кодекстің 45-бабымен бекітілген. Осы бап бойынша он сегіз жасқа толғандар, сондай-ақ, заңды тұлғалар сотта құқықтарын жүзеге асырып, міндеттерін орындайды. Ал он төрттен он сегіз жасқа дейінгі және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері қорғайды. Сондай-ақ, заңды өкілдер өтінішхатының негізінде сот іске прокурорды тарта алады. Яғни, оларды заңды өкілдерімен бірге прокурор қорғайды.
Заңмен көзделген жағдайда кәмелетке толмағандар өздеріне тиесілі табыстарына иелік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істерде құқықтары мен заңды мүдделерін сотта жеке қорғай алады. Іске қатысатын адамдар іс материалдарымен танысуға, олардың үзінді көшірмелерін алуға, қарсылықтарын мәлімдеуге, сондай-ақ, дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға құқылы. Сонымен қатар олар іске қатысушыларға, мысалы, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақ қойып, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар, сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, т.б. осы кодекстің 46-бабында көрсетілген әрекеттер мен азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамада берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалану құқығына ие. Бірақ, олардың әрекеттері басқа адамдардың құқығы мен заңды мүдделеріне кері әсер етпеуі және істерді қарау мен шешу мерзімінің созылуына жол бермеуі тиіс.
Іске қатысушылардың осы баппен нақтыланған міндеттері бар. Атап айтсақ, істің нақтылы мән-жай туралы сотқа толық әрі шынайы мәлімет беруге, қарсы тарап растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттар ұсынуға, т.б. міндетті. Заңмен бекітілген міндеттерді орындамау осы кодексте көзделген процестік салдардың туындауына әкеп соғады. Корпоративтік тұрғыдағы дауда оған қатысатын тараптар бір-бірінен және куәлардан іс үшін маңызы бар құжаттарды сұратуға құқылы. Алайда, олар мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды сұрата алмайды.
Аталған баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттер жазбаша не электрондық құжат нысанындағы арыздар мен өтінішхаттар құжаттар арқылы жасалады. Жалпы алғанда, кез келген құқықтың қорғалуы сот арқылы жүзеге асырылады.
Құқықтық білім беру азаматтарға заңнамадағы өзгерістерден хабардар болуға көмектеседі, бұл заңдар мен нормативтік актілердің сақталуы мен жалпы қоғамның құқықтық мәдениетінің өсуіне ықпал етеді.
Дәурен Тілеубаев,
Бостандық аудандық сотының төрағасы
Алматы қаласы