12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте тұратынын білсем де, оның айтқан  ертегісін тыңдағым келді. Ұйқы көзге ілінгенше әжем  ұзақ  сонар ертегі айтты. Қатты ұйықтап кетіппін.  Әжем түн ортасы ауа сыртқа  шыққанда менің бір уыс  шашым оның шашбауына  ілініп қалып, өзімен бірге мені де тартып оятты.  Мен де апыл-ғұпыл  әжеме сүйеніп,  онымен бірге ілесе тұрдым.

–Әжем, жаным-ау, неге тұрдың, ұйықтай ғой, деп   әбек болды. Мен де ұйқылы ояу әжеммен ілесіп тысқа шықтым. Мұндай керемет таң самалын бұрын көрмеппін.  Әлгінде ғана көктемнің ақ жаңбыры  себелеп өткен сияқты. Бесінде әжем  ала сиырды саууға  шыққанда  жүндей түтілген сұрша  бұлт айды арқалап  тұрған-ды.  Далалық ғой, кәкір-шүкірдің бәрін  жел қуалап кетеді.   Далада айлы аспаннан сүт сәуле құлап  тұр екен. Маржандай тізілген қиял тізбегі, мөлдір дала. Айнала қара адыр, қамыққан ауыл. Біздің ауыл құмдауыт шеге топырақты жерде орналасқан. Қазақы үйлер, зәулім ғимараттар жоқ, бәрі алақандағыдай көрінеді. Көшкен бұлт  ылдида құлап жатқан теңізді де  тұмшалап алған. Ауданнан жүз шақырымдай шалғайда орналасқан ауылда  бейсауыт адам жүрмейді, халқы  бір-бірін жақсы таниды. Құмды айнала дәрет сындырып алдық. Үйдің алдындағы құмдауыт жолдан мезгілсіз  уақытта   мәшине сырғып иөтті. Көлік бұл ауылдыкі емес, бейсауыт түнде адасып жүрген болар. Ауылдың жанынан үлкен жол өтеді неге сол жолмен жүрмегеніне таңдандым.  Біздің онда шаруамыз не?

Таңертең ауылдан шу шықты. Біздің үйден бірер үй ілгері қоныс тепкен көрші әжейдің бұзаулы сиыры ұрланыпты. Ауыл малы қора айналасында желдің өтіне тұмсығын төсеп, қалаған жерінде жатады. Бұл масадан қорғанған түрі. Әсима әжейді  ауыл іші  қатты құрметтейді. Асыраушы жалғыз қызы тұрмысқа  шығып, сауып ішіп отырған жалғыз сиырынан аяқасты айрылып қалды.  Менің де әжем жалғыз, бірақ ол кеңестің жұмысына  ерте араласқан, ауылнай болған көзі ашық кісі-тін. Таңертеңгілік шайды  қанып ішіп алған  әжем, дастарханды шетінен қайырды да,  қазір келем, үйде отыр, деп, асығыс сыртқа шығып кетті. Қайда барады, шақырған үй жоқ, ауылда базар да, монша да жоқ. Әжем сол кеткеннен түс әлетінде бір оралды. Үйге кейістік танытып кірді де, көргенсіз найсаптар, жалғыз басты кейуананы шырылдатып, қай пұшпаққа барар дерсің, жазасын тартар, деді, сүйретпелі кебісін шешіп жатып.

–Гүлшетай, бүгін түнде екеуміз далаға шықтық, сонда мезгілсіз жүріп өткен мәшинені көрдік, содан не ой түйдің?

–Әже, мен қайдан білейін, қараңғы түнде адасып жүрген біреу шығар?

–Жоқ, қалқам, адасып жүрген біреу емес, түнде үйдің іргесінде жатқан  Әсима әжеңнің бұзаулы сиырын  тиеп алып кетіпті.

–Қалай?! Ой, айналайын, бүгінде адамнан асқан хайуан болмай тұр ғой, не болса да бұл іс солардың ісі. Жаңа ерте кеткенде, сельсоветке барып, осыны айтып келдім. Шіркіндер, із тастамай кетіпті, әккі ұрылар сияқты. Қайда кетер дерсің, әйтеуір күн көзіне бір шығар!  Орекең орнында екен, түс қайта ауыл белсенділерін шақырамын апа, соған қатысқаныңыз абзал болар еді, деді. Орекең дегеніміз,  осы ауылдың бастығы.  Жарығым, Гүлшетай, түндегі суыт жүрген мәшинені  сен де көрдің ғой, менімен жиналысқа сенің де барғаның дұрыс.

–Әже, мен әлі кішкентаймын ғой,  менің сөзіме кім сенеді?

–Мәселе,  жаста емес, алғырлықта қалқам, бол енді, кешігеміз.

–Бізге сенбесе ше?

–Менің сендіретін дәлелім бар, ол сен. Кеше түзге   шыққанда әлгі мәшиненің нөмірін дымқыл құмға сызып жазып кеткенмін. Қазір қолыңа қағаз, қалам ал да, соны жазып кел, өшіп қалмаған болар.

–Ой, әже, ертең бүкіл ауыл күлмей ме, әжетін өтеп отырып та, үкіметке пайдасын келтіреді, деп. Айтса айта берсін, көрген мен ғой, ал сен куәгерсің.

Сельсовет ағай жиналысқа кешігіп келді. Жиналғандарды дереу кабинетіне шақырып, ауылдан кеше мал ұрланғанын, ұрының не болса да, сырттан келгенін айтты. Ағай ашулы кейіп танытып:

 – Кейбіреулер менің онда шаруам қанша деуі мүмкін.  Елде ұрлық тараса, әділетсіздік орнайды.  Енді олай болмайды, Мемлекет басшысы бізден әділеттіктік орнатуды талап етіп отыр.  Егер ұрлық-қарлық белең алса, көргендер, менің онда шаруам қанша деп, айналамызда болып жатқан келеңсіздікке мән бермесе, малымызды қасқыр емес, ұрылар жесе, білгендер тілін тістеп қалса, кедей-мұқтаждардың, жетім-жесірлердің жан айқайы көктерге жетіп  жаңғырса, біз қалай бір-бірімізге көмектесе аламыз? Осы мәселеге үн қосыңыздар.

 «Пұшық мұрынның есесі ернінен шығады» демеуші ме еді, ешкім үндей қоймады.

– Ағайындар, көргендеріңіз бар ма, кімде қандай пікір бар, деді бастық ағай, бір жөткерініп алып.  Үнсіздікті  әжем бұзып,  алдымен сөз алды.

–Кеше, түнде далаға шықтым, қасымда мына қызым болды.Түн ортасында мезгілсіз уақытта бір мәшине үйдің алдынан саудырап өтті. Жүрісі суыт сияқты көрінді. Мен дереу мәшиненің нөмірін құмға бастырдым. Міне, қызым, соны қағазға түсіріп әкеліп отыр, өзгесін өздеріңіз шешесіздер. Ағай ұсынған қағазды аударып көрді де, мынау біздің облыстың нөмірі емес ғой, дереу орталыққа телефон шалайын, -деп телефонның құлағын бұрады.

–Алло, аудандық полиция бөлімінің бастығы ма, екен?

–Иә, сұрап тұрған кім болды?

–Мен  Жаңақұрылыс селолық кеңесінің төрағасы Мелшекеновпін. Кеше түнде біздің ауылдан  еңбек ардагерінің бұзаулы сиыры ұрланды, әзірге күдігіміз, түн ортасында ауыл ішінен өткен  белгісіз нөмірлі мәшинеге түсіп отыр. Көлік сағатына 80 шақырым алғанның өзінде аудан  шекарасынан шығып кете қоймаған болуы керек. Ұрыны ұстауға көмек сұраймыз, —  деді қорадағы өз малы ұрланғандай. Орнынан тұрған күйі бір қара қорапшаны қолына алып: –Ало, ало, мен Мелшекеновпін, ауылдан мал ұрланды, бейсауыт көлікті көрсеңдер,  дереу рация арқылы хабар беріңіздер, көздеріңіз жетсе, сабырмен жолын бөгеуге әрекет етулеріңізді сұраймын, деді бәріне естіртіп. Рация дегенді сонда көрдім, ол шалғайда жатқан малшыларға ғана беріледі екен.  Жиналыс бір сағатқа созылды. Менің  үлкендер арасындағы  болатын  жиналысқа алғашқы қатысуым.  Ауылнай бірер күнде тағы жинайтынын айтты. Шүкірі аз, күбірі көп  жұртпыз ғой, кеңседен  шыға бергенде желсөз көбейіп кетті.

–Ағай, апайлар қайтадан кеңсеге кіріңіздер, ағай шақырып жатыр, деді хатшы қыз аптыға сөйлеп. Қайта оралдық. Ауылнай әлгінде ғана рациядан хабар жеткенін, белгісіз көліктің Сырдарияның  «Қарлан»  қалқымалы өткізу көпірінен өткенін хабарлады. Көлік Өзбекстан еліне тиесілі екені анықталды. Алда Қарақалпақстанның  шекарасы. Мәшине бағыт алған Кәукей ауылы  етек-жеңі кең, мың қаралы табынға молынан жететіндей  мол атырап. Аудан орталығынан 300 шақырымдай. Жұмсақ құмдауытты жолмен маңдытып жүре алмайсың. Жеңіл көлік болмаса, ауыр техникалар ит ырғыңмен көбік құсап қалқып қалады. Белгісіз көлік  Қызылқұмның қыр бөктерінен  құлдилаған тұста, «Ақсақал тәуіп»  деген жерде жолы бөгелген. Енді 25 шақырымнан кейін Қарақалпақстан шекаралық  бақылау-өткізу  бекеті. Әккі ұрылардың жолын бөгеген учаскелік инспектор мен шекара қызметінің қызметкерлері.

Көліктегі екі адамның құжаттары тексерілген, бәрі дұрыс. Ресейдің  Волгоград, Сарытауқым  қалаларына  жеміс-жидек апарып,  елдеріне бос  қайтып келе жатқан беті екен.  Мәшиненің қорапшасы ашылғанда олар не істерін білмей, аңтарылып қалған. Ұрланған мал, мәшиненің жүк тиелген қорабынан табылған. Олар қолға түсіп, тергеу амалдарын жүргізу үшін, аудан орталығына жеткізілді.

Арада екі ай өткенде тағы да  ауылнайға шақырылдық. Жиналысты бастық көке көңілді бастады.  Ол көп оқыған кісі, білмейтіні жоқ, өзі Ресей жақта оқыпты. 

–Жолдастар, ұрланған мал иесіне қайтарылды. Ұшыға апамыз бен оның немересі қырағылық танытты. Қырағылық демекші, осыған ұқсас бір әңгіме айтайын, деді  ауылнай.  Ертеде  Мәскеу жақта көшеде қатты кетіп бара жатқан бір көлік, жаяу жүргіншіні жаншып, сүйретіп кетіпті. Жолаушы сол жерде қаза тапқан. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жиналған жұрттан көрген-білгендері туралы  сұрау жүргізген. Оқиға орнынан ізін жасырған көліктің нөмері ешкімнің есінде қалмаған. Сол кезде  Мәскеуде анасымен қыдырып жүрген  қазақстандық жас бала «көліктің соңғы нөмірінде кранның ілмегіндей цифрлар көп болды, мен соны ғана байқадым» депті. Бала өтірік айтпайды, оның айтқаны полиция қызметкерлеріне қиындық тудырмапты. Криминалистер мен психологтардың қатысуымен із кескен полицияның жедел өкілі көлік иесін тез құрықтапты. Сөйтсе, оқиға орнынан жасырынған көліктің нөмерінде 2 саны  көп болған екен. Алғыр баланың кранның ілмегі дегенін криминалистер  екі санына ұқсатқан. Бүгінгі мысалымызда осыған ұқсас болып отыр.

Үлкен кісі  түн баласында қажетін өтеуге тысқа шығады. Сөйтіп отырып, ауылдың ішінен мезгілсіз өткен көліктің нөмерін құмға сызып алады. Міне, мергектік!

Ауылнай барлық жиналғандарға  алғыс айтты. Бізге  ауыл белсенділері  алдында  қырағылық танытқанымыз үшін алғыс айтылды. Әжеме, жарты келі пілі бар 3 әшмөнке  шай, кілем берді, мамама мектеп жиналысында Құрмет грамотасы мен пионер лагеріне жолдама берілген. Мамам  айтқан осы әңгіме әлі есімде.

Азат ҮСЕН

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...