2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Алматы өкілдігінде «Қазақстандағы реформалар: негізгі жетістіктер мен даму бағыттары» тақырыбында КИСИ GPS: GYLYM. PIKIR. SAYASAT ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысы өтті. Осыдан үш жыл бұрын, 2022 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жалпыұлттық референдумда барша халық тарапынан қолдауға ие болған конституциялық реформаларға бастама беріп, Ұлттық құрылтайдың құрылғанын жариялаған болатын. КИСИ GPS алаңында жетекші сарапшылар, саясаттанушылар, ғылыми қауымдастық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері саяси жаңғырудың негізгі жетістіктерін, соңғы үш жылда еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарды талқылады.
Отырысты ашқан ҚСЗИ-дың Алматыдағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова конституциялық реформаның елдің саяси құрылымын түбегейлі өзгерткенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер аясында партиялық және сайлау жүйесін либерализациялау шаралары жүзеге асырылып, президенттік өкілеттіктерді шектеу қадамдары жасалған. Сондай-ақ, Парламенттің рөлі күшейіп, Мәжіліс пен мәслихаттарға бір мандатты округтер бойынша сайлау енгізілді, ал депутаттардың өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді.
Әсел Назарбетова заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында да маңызды өзгерістер болғанын атап өтті. Соның ішінде, Конституциялық Сот қайта құрылып, азаматтарға өз құқықтарын қорғау үшін тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді. «Реформалар мемлекеттік басқару жүйесіне де әсер етті: билікті орталықсыздандыру жүзеге асырылып, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттігі кеңейтілді, бірнеше деңгейдегі әкімдерді сайлау енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы норма белгіленді. Сонымен қатар, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бекітілді, оған сәйкес үкімет шешім қабылдау кезінде азаматтардың пікірін ескеруге міндетті. Бұл мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігінің деңгейін арттырады», — деп атап өтті Әсел Назарбетова.
Алматы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов 2022 жылғы маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда конституциялық реформа мақұлданғаннан кейін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталды деген пікір білдірді. Оны жүзеге асырудың ең тиімді және инклюзивті құралы Ұлттық құрылтайдың алаңы болды.
«Ұлттық құрылтайға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси көзқарастар өкілдерінің қатысуы қоғамдық қатынастардың жаңа үлгісінде кең ауқымды пікірлер болатынын көрсетті. Құрылтайдың төрт отырысының ең маңызды нәтижесі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар заңдардың әзірленіп, қабылдануы болды. Атап айтқанда, бұл – Ұлттық құрылтай мүшелерінің белсенді азаматтық ұстанымы мен Мемлекет басшысының тұғырлы ұстанымының арқасында қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ойынға тәуелділікпен күрес туралы заңдар және басқа да заңнамалық актілер. Бұл мемлекеттік басқару жүйесі мен заң шығару үдерісінің ашықтығының көрсеткіші», — деді Алматы қаласының Азаматтық альянсы төрағасы.
Сондай-ақ реформалардың тиімділігі, алдағы даму жолдары, оның ішінде Ұлттық құрылтайда ұсынылған Ішкі саясат тұжырымдамасы, коммерциялық емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қатысты заңнамалық өзгерістер, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру бағдарламалары мен мемлекеттің жалпы болашақтағы дамуы талқыланды.
Аружан Мауленбай
Заң газеті