Қазақстан Республикасының тұрақты даму саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, елімізде тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады. ТДМ-6 «Су және санитарияны қамтамасыз ету» мақсаты – баршаға таза суға қолжетімділікті қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін қамтиды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы студенттері осы өзекті тақырыпты жан-жақты талқылады.Су- қазіргі заманғы экологиялық және әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде су ресурстарын қорғау мен басқаруды қамтиды. Қазақстанда таза ауыз суға қол жеткізу мәселесі өзекті болып қалуда, әсіресе ауылдық өңірлерде. Кафедра студенттері бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңыздылығын атап өтіп, оның шешу жолдарын іздеуде инновациялық тәсілдер мен идеяларды ұсынды.Талқылау барысында студенттер су ресурстарын тиімді басқару үшін білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметінің рөлін ерекше атап өтті. Олар халық арасында су үнемдеудің мәдениетін қалыптастыру қажеттігін және экологиялық тәрбиенің маңызды екенін жеткізді.Іс-шара барысында студенттер суды үнемдеу және оны тазарту технологияларын жетілдіру бойынша бірнеше ұсыныс жасады.
1.Суды қайта өңдеу жүйесін енгізу – пайдаланылған суды қайта тазарту және ауыл шаруашылығында пайдалану.
2.Ақылды технологияларды қолдану – су шығынын бақылайтын және оңтайландыратын цифрлық жүйелерді дамыту.
3.Экологиялық білім беру – мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты даму қағидаларын насихаттау.
Тұрақты даму мақсаттарының «6-мақсатын» іске асыру тек мемлекет пен ғылым саласының емес, бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Кафедра студенттері қоғамдық санада судың құндылығын арттыру үшін түрлі әлеуметтік жобаларды қолға алуды ұсынды. Мысалы, волонтерлік топтар арқылы экологиялық акциялар өткізу, медиа құралдары арқылы ақпарат тарату және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.Студенттер бұл мәселеде жастардың белсенділігі маңызды екенін атап өтті. Себебі, жас ұрпақ тек идеяларды ұсынып қана қоймай, оларды жүзеге асыруда көшбасшы бола алады.Университет студенттерінің ТДМ-6 мақсаттарына арналған талқылауы еліміздің экологиялық және әлеуметтік мәселелеріне бей-жай қарамайтын білімді жастардың өсіп келе жатқанын көрсетті. Бұл кездесулер тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның тұрақты даму жолында нақты қадамдар жасауға негіз бола алады.
Таза су және оны сақтау – бұл әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Сондықтан жоғарыда аталған мақсатқа жету үшін барлық деңгейде ынтымақтастық қажет. Кафедра студенттері бұл бастамада өздерінің белсенділігімен және шығармашылық идеяларымен үлес қосуға дайын екенін көрсетті.
Дарханова С.Д
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы