Соңғы жылдары елімізде медиация әдісі кеңінен қолданыла бастады. Оны сот саласында ғана емес Ассамблея арқылы ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті сақтауға да пайдалану жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде еліміздегі медиация әдісінің тынысы ашылып, қолдану аясы кеңіп жатқаны байқалып отыр. Атап өтер жайт, қазіргі жаһандану жағдайында халықаралық коммерциялық дауларды бейбіт жолмен шешу маңызды қажеттілікке айналуда. Медиация осы қажеттілікті тиімді түрде қамтамасыз ететін құралдардың бірі ретінде кеңінен қолданылады.
Жалпы медиацияны Сингапур секілді елдерде сәтті қолданып жатыр деп еліміздің сот жүйесінде де қолданысқа енгізгенімен бұл бұрыннан ата бабамыз қолданған дауларды бітіммен шешу, яғни бітімгерлік жүйесі екені рас. Осы орайда айта кетер жайт, Сингапур медиация конвенциясы халықаралық деңгейде трансшекаралық дауларды реттеудің жаңа стандарттарын енгізді. Бұл құжат халықаралық келісімдердің заңды орындалуын қамтамасыз етіп, бизнес қауымдастықтары мен жеке тұлғаларға медиация арқылы тұрақты шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сингапур медиация конвенциясы 2018 жылы БҰҰ аясында қабылданып, 2019 жылы күшіне енді. Оның басты мақсаты – медиация нәтижесінде жасалған халықаралық коммерциялық келісімдерді заңды түрде бекіту және орындау. Бұрын мұндай келісімдердің орындалуы тек ұлттық заңнамалар аясында шешілсе, конвенция бұл үдерісті халықаралық деңгейде жеңілдетіп, дауларды бейбіт жолмен шешуді ынталандырады.
Конвенцияға сәйкес, медиация тараптардың уақытын үнемдеуге, шығындарын азайтуға және процесті бейбіт әрі жылдам жолмен аяқтауға мүмкіндік береді. Осылайша, бизнес пен жеке тұлғалар үшін қауіпсіздік деңгейі артып, халықаралық қатынастарда сенім күшейеді.
Орындық Нұрсұлтан, Интизаров Абылайхан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4 курс студенттері