12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ИДЕОЛОГИЯСЫН ОРНЫҚТЫРУ МІНДЕТ»

Кеше сегізінші шақырылған Парламенттің үшінші сессиясы ашылып, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына дәстүрлі жолдауын жасады. Бұл арнауында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттырып, сапалы ұлт және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуымызға тұғыр болатын шараларды белгілеп берді. Экономиканы диверсификациялау, шағын және орта бизнесті қолдау жүйесінде қалыптасып отырған олқылықтарды атап, оларды жоюдың нақты жолдарын ұсынды. Қабылданатын заңдардың бағытын да айтты. Осылардың барлығы еліміздің даму бағытының тоғыз басымдығы ретінде жіктелді.

Алдымен Мемлекет басшысы ақша-несие саясаты мен фискальды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда несиенің нақты секторға, шағын және орта бизнеске жетпей, осының салдарынан іскерлік ортаның белсенділігі тұсалып, экономиканың тұрақтылығы мен дәйекті дамуы қиынға түсіп отырғанына қынжылыс білдірді. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Президенттің айтуынша, халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады екен. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Бізге «Банктер туралы» жаңа заң қажет. Жаңа құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Сонымен қатар, Президент республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмай жатқаны, мұның бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық екендігін мәлімдеді. Мұндай жағдай жиі қайталанса еліміздің дамуын тежейтінін, сондықтан оған жол бермей, бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөліне арнайы тоқталып, оның қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажеттігін айта келіп, «Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», – деді. Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жанжақты талқылау жүргізуді міндеттеді. Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Мемлекет басшысы бұған да арнайы тоқталып, жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін, ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болу тиістігіне назар аудартты. Президент сонымен қатар салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен бас тарту қажеттігін де атап көрсетті. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болатыны, ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиістігін атап көрсетті. Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыруға да айрықша маңыз берді. Бұл тұрғыда кәсіпкерлердің өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиістігін, бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдыру қажеттігін шегеледі. Өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болатынын, яғни құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн екендігін айтты. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңыздылығы жолдаудың екінші басымдығы болды. Үкіметтің алдында тұрған айрықша міндет ретінде 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керектігі айтылды. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Мемлекет басшысы әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажеттігін, бұл шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі ететініне назар аудартты. Кезек күттірмейтін міндеттердің бірі агроөнеркәсіп кешеніне қатысты белгіленді. Бұл орайда Президент ауылшаруашылығы үшін инвестицияның өзектілігін атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Жер телімдеріне қатысты да нақты талап қойылды. Бұл орайда Президент заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиістігін, ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керектігін тапсырды. «Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деді. Үшінші басымдық еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін қажетті шараларды қамтыды. Бұл орайда Президент терең өңдеу тәсілін меңгеруге назар аудартып, өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу қажеттігін міндеттеді. Аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керектігін, тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажеттігін мәлімдеді. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз етудің өзектілігін айта келіп, Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Айқындалған төртінші басымдық – инфрақұрылымға қатысты энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша, мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс.Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Осы орайда Мемлекет басшысы қоғамдағы түрлі деңгейдегі пікірталасқа өзек болып тұрған атом электр станциясын салуға қатысты өз шешімін жария етті. «Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін.Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын» деді Президент. Сонымен қатар Президент ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін де атап көрсетті. Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болғандығын, сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білу қажеттігін атап көрсетті. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту, суды барынша үнемдеу жұмысын жеткілікті ұйымдастыру қажеттігіне де назар аудартты. Бесінші басымдық ретінде еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру қажеттігі айқындалды. Бұл тұрғыда Президент жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатқанына тоқталып, осы бағыттағы мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейту қажеттігін атап көрсетті. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды.Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Орта білімге қатысты өзінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жайлы айта келіп, Үкімет осы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керектігін мәлімдеді. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді, атқарушы билік әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл білім беру ұйымдарын толық жаңартуы керектігін айтты. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу қажеттігіне назар аудартты. Алтыншы басымдық ұлт саулығын нығайту бойынша да нақты міндеттер айқындалды. Олардың қатарында бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажеттігі, ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиістігі айтылды. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажеттігі айтылды. Басымдықтың бірі мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыруға қатысты айқындалды. Бұл орайда жүктелген міндеттің бірі мемлекеттік қызметке үміткерді таңдаған кезде оның кәсіби және моралдық қасиеттерін мұқият ескеру болды. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі де басымдыққа айналды. Бұл орайда Президент цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне соқтырып жатқанын айта келіп, бүгінде қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгерудің аса маңыздылығын атап көрсетті. «Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдар алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс. Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз» деді Мемлекет басшысы. Бұл тұрғыдағы тағы өзекті мәселе ретінде азаматтардың қауіпсіздігін атап көрсетті. Ішкі істер министрлігіне ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуді міндеттеді. Президенттің айтуынша, құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Бұл орайда құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек. Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуына қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Отан алдындағы борышын өтеуге баратын сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екендігін шегелей айтты.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Беспомощные жертвы перед лицом преступности: фундаментальное исследование и призыв к действию

В современном мире, где повестка дня часто переполнена экономическими...

Қымызмұрындық көрем десең, Кегенге кел!

21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара жайлауында...

В АСТАНЕ ЧЕСТВУЮТ ЛУЧШИХ МЕДИЦИНСКИХ РАБОТНИКОВ СТРАНЫ

В преддверии профессионального праздника – Дня медицинского работника –...

АСТАНАДА ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астанада еліміздің денсаулық сақтау саласының...