12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАНЫПЕЗЕР

Жұмабек Сәрсенгүлдікіне келгенде іңір қараңғылығы едәуір қоюланып қалған-ды. Әдеттегідей емес, бұл жолы үй иесі мұны салқындау қарсы алды. Шамасы алдағы айтылатын әңгіменің қандай бағытта өрбитінін түйсігімен түйіндеген сияқты. Сол үшін де сөзбұйдаға салмай: – Мен саған өткен жолы ескерттім ғой, «Енді біздің үйдің табалдырығынан аттаушы болма», – деп, – Арамыздағы айтылған әңгімелерді, берген уәделерді мүлдем ұмыт. Мен саған ешқашан да тұрмысқа шықпаймын! – Сәрсенгүл, сенімен ұрысу үшін емес, түсінісу үшін келдім. Осыншама жыл бірге жүріп, екеуіміздің де ата-ана-мызға үйленетінімізді жария еткен кезде неге аяқ астынан айрандай бұзылдың? Ағайын-туыстың, достарымның бетіне енді қалай қараймын? Жер қылдың ғой. Менің де намысым бар… – Намысың болса адамгершілігімді аяққа таптап, неге жезөкше қыздармен түнгі клубта сайран саласың? – Не айтып тұрсың! Қашан, кіммен сайран салыппын?! – Мұндайда сен ештеңені білмей қаласың. Сенбесең мә, қара, – деп, тартпаны ашты да Жұмабектің жартылай жалаңаш киінген бота тірсек, бура сан қызбен аймаласып отырған суретін қолына ұстатты. – Болашақ жарыңа деген адалдығыңды осылай дәлелдегің келді ме? Бұл оқиға кездейсоқ, бір рет болса ештеңе емес, соңғы үш ай бойы жаңағы қызбен тұрақты кездесіп жүргенсің. Көрмейін десем көзім, естімейін десем құлағым бар. Намыс тек сенде ғана емес, менде де бар.Үйленбей жатып көзіме шөп салатын күйеудің маған енді қажеті жоқ. Қысқасы, мен сені көргім келмейді. Егер дәл қазір үйді босатпасаң, полиция шақырамын. – Түсіндім. Сен ана шуда бас бастығыңмен әмпей-жәмпей болып, енді келіп бәріне мені кінәлі қылғың келген екен ғой. Одан да сені маған да, оған да жоқ қылайын. Мә, ендеше! – деп столдың шетінде тұрған фарфор вазамен Сәрсенгүлдің құлақ шекесінен құлаштай соқты. Оқиғаның аяқ астынан бұлайша күрт белең алатынын күтпеген Сәрсенгүл басын тартып үлгермеді. Ештеңені түсінбестен, ыңырсыған күйі гүрс етіп жерге құлады. Ашу мен қызғаныш ақылынан адастырған Жұмабек алғашында өзінің не істеп, не қойғанын ұғынбай қалды. Екі көзіне қан толып, аяқ-қолы дірілдеп Сәрсенгүлдің қасына барып еді, тіршілік тынысы білінер емес. Аузынан шым-шымдап аққан қан жалған дүниенің енді қайтып жалғасын таппайтынын аңғартқандай. Сәлден кейін өз-өзіне келген ол тоңазытқыштан алған бір стақан суды қылғыта ішті де, жоспарлап қойған шаруасын жүзеге асыруға кірісті. Екінші қабаттағы шағын бөлмеге кіріп, төбесіне жіп байлайтын ілмекті бекітті. Сәрсенгүлдің сумкасын ашып ішінен екі жүз АҚШ долларын, жиырма мың теңге көлеміндегі ақша мен ұялы телефонын қалтасына салып алды. Содан соң марқұмның денесін ілгішке асып, саусақ таңбалары қалды-ау деген жерлерді түгелдей сүртіп бола бергенде: – Жұмабек, не істеп жатырсың? Кім бар, көмектесіңдер!– деген ащы айқай үйді басына көтерді. Қылмыстың үстінен түскен Сәрсенгүлдің құрбысы Жамал екен. Әуел баста сыртқы есікті жауып келмегені енді есіне түсіп, шақырусыз келген куәнің көзін жоймаса, өзінің тұтылатынын ұққан ол баспалдақпен төмен қарай қашып бара жатқан Жамалдың артынан тұра қуды. Бірінші қабатқа жеткенде шашынан тартып тоқтатты да: «Ағатай өлтірмеңізші, тірі жанға айтпаймын», – деп жалынғанына қарамастан бірнеше қайтара басын мәрмәр еденге соқты. Әбден жаны шықтыау деген кезде барып сыртқы есікті жауып, үйдің ішін тағы бір рет шолып шықты. Қолы тиген жерлерді түгелдей сүртіп алды. Содан кейін барып Сәрсенгүлдің ұялы телефонын ашып өзіне белгілі номерге «Аға, тезірек келіңізші» деген хабарлама жіберді де, әдейі келесі көшенің шетіне қалдырып кеткен машинасына отырып, ес жиып алып, жоспарлы келесі шаруасын жүзеге асыруға кірісті. Барлық мақсатты жұмыстарын тындырғаннан кейін өз-өзіне разы кейіппен көңілдесінің үйіне қарай бет алды. Күндіз қолдан сатып алған екінші телефоннан полицияға хабар жіберуді де ұмытқан жоқ. Кетіп бара жатып телефонды бір жаққа, СИМ картасын екінші жаққа лақтырып тастады. Сағатына қарап еді уақыт кешкі сегізден асып барады екен.

ТЕНДЕРДІҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕНТІРЕУ

Аян бүгін жұмыстан ертерек қайтты. Алла қаласа үш күннен соң қалалық әкімшілік тендердің қорытындысын жариялайды. Өзінің есебі бойынша бәрі де дұрыс сияқты. Бизнес саласындағы жиырма жылға жуық жинаған тәжірибесі, алдағы атқарылар жұмыстарға жасалған жан-жақты мониторинг, ең бастысы, ұжымның ортақ мақсатқа жұмылған тас-түйін іскерлігі мұның жеңімпаз болатынына кепілдік бергендей. Біле білген адамға елу миллион теңге, әрине, аз ақша емес. Бюджет қаржысының артында үлкен сұрауы бар. Бір тиынын да шашау шығармай, жаңадан ашылған заманауи мектепке әлемдік стандарттарға толықтай жауап беретін бірнеше компьютер сыныбын ашып берсе, осы кезге дейін еткен еңбегі, төккен тері далаға кетпес еді. Аян негізі ішімдікке әуес емес. Анда-санда үлкен отырыстарда таныстарымен жай ғана рюмка соғыстырып отырғаны болмаса, ол пәлемен әуелден жаны қас. Спиртті ішімдіктің кез келген түрінен аздап ұрттаса болды, екі көзі қызарып, мойын тамырлары білеуленіп шыға келеді. Сосын да оны шама келгенше аузына жақындатпайды. Тіпті, ішуге зауқы жоқ десе де болады. Неге екенін қайдам «бүгін бір елу грамм коньяк ішіп көрсем ештеңе өзгере қоймас», – деп, қолын барға қарай соза бергені сол еді, ұялы телефонына хабарлама келгенін айғақтайтын сигнал түсті. Ашып қараса жұмыстасы Сәрсенгүлден. Сәрсенгүл өз ісіне өте ұқыпты, көп қылтың-сылтыңы жоқ, іскер маман. Тындырымды. Айтқаныңды екі етпей, сол сәтте орындайды. «Аға, тезірек келіңізші» депті. Бұрын-соңды бұлай беймезгіл уақытта себепсіз мазаламайтын. Не болғанда да мұның келуінсіз бітпейтін, тығыз шаруа сияқты. Осындай ойға келді де, Аян жұбайына кешікпей келетінін ескертіп, тездетіп киіне бастады. Кәдуілгі әдетінше үстіне спорттық қостюм-шалбарын, аяғына кроссовкасын ілді де, неге екенін қайдам, соңғы сәтте кроссовкасын қайтадан шешіп, жұмысқа киетін туфлиін ауыстырып киді. Жүргізушісін «Бүгінше демал. Ертең екеумізге жұмыс көп», – деп кешкісін үйіне қайтарған. Сондықтан да рөлге өзі отырып, сүт пісірім уақыттың шамасында қозы көш жердегі Сәрсенгүлдің үйіне де келіп жетті. Таңқалғаны екінті мен ақшамның арасы болса да үйдің де, даланың да шамдары жарқырап жанып тұр. «Тыныштық болса жарар еді», – деп сыртқы табалдырықтан енді аттай бергенде, есіктің алдында жатқан қыз баланың жансыз денесіне сүрініп кетті. Бір қарағанда ұйқыда жатқан кісі сияқты. Бірақ та басы жарылған. Одан аққан қан аяқ киіміне жұқты. Түк түсінбестен «Кім бар екен?» деп дауыстап еді, ешкім жауап бермеді. Сәрсенгүлді іздеп үстіңгі қабатқа көтерілген. Іздеген адамы кіре берістегі бөлмеде мойнынан жіпке асулы тұр. Санасы сан саққа жүгіріп, ұялы телефонын іздеп еді, қапелімде таба алмады. Шамасы кабинада қалдырып кеткен сияқты. Жүгіре басып сыртқа шықса, дабыл қаққыш шырылдап айналаны басына көтеріп жатыр. Оны әрең дегенде өшірді. Машинасының ішін аударып-төңкеріп қарамаған жері жоқ, телефоны еш жерден табылмады. Осы кезде үйдің ішкі шамы біресе жанып, біресе өшіп, біреулердің жүрген жүрісінің көлеңкесі көзге шалынды. «Бұлар кім болды екен. Әлде қорыққанға қос көрініп тұр ма? Не болғанда да үйге барып, сол жерден полицияға хабар берейін», – деп, қайтадан ішке кірді. Өң мен түстің арасында болған оқыс оқиғаға сенерін де, сенбесін де білмей, сыртқы есікті ашып кіре бергені сол еді, жаңа ғана есіктің алдында жатқан қызды таба алмай қалды. Көзілдірігін қайта-қайта сүртіп жан-жағына қараған, тірі пенде көзіне шалынар емес. Екінші қабаттағы Сәрсенгүл де ізім-қайым жоқ. Асылған жібі салбырап, бос жатыр. Аян жалпы дінге көп сене бермейтін. Бірақ та Алланың бар екенін жоққа шығармай, қуанғанда да, сәл нәрседен секем алса да «Біссімілласын» аузынан тастамайтын. Бұл жолы да «Біссімілла, Сұбаханалла, Сұбаханалла» – деп әлденеше рет қайталады. Сөйтті де есік алдындағы телефонды көтеріп полицияға үйдің мекенжайын, онда екі бірдей адам өлтірілгенін, бірақ та аяқ астынан олардың мүрделерінің жоғалып кеткенін хабарлады. – Мұндай хабар бізге осыдан он бес минут бұрын басқа бір адамнан түсті. Аталған мекенжай бойынша жедел топ жіберілді. Ендігі барып та қалған шығар. Ол жерден ештеңені қозғамаңыз, үйден ешқайда кетпеңіз, – деді кезекші қызметкер. Бір-екі минут өтер өтпестен, үйдің жанына ішкі істер бөлімінің, «жедел жәрдем» машиналарының келіп тоқтағаны естілді. Полиция қызметкерлері мен криминалист-сарапшылар уақыт өткізбестен барлық бөлмені бүге-шігесіне дейін қарап, тексеріп шықты. Күдік тудырады-ау деген нәрселерді түгелдей суретке түсіріп, адам қолы тиді деген жерлердің ізтаңбаларын алды. – Менің аты-жөнім – Болат Жанқуатов. Қалалық тергеу бөлімінің бастығымын, – деді сұңғақ бойлы, қапсағай денелі жігіт ағасы. – Есіктің алдында тұрған машина сіздікі ме? – Иә, менікі. – Аты-жөніңіз ? – Аян Көптұрғанов. «Қанағат» фирмасының директорымын. Үй иесі – менің жұмыстасым. – Дұрыс, қазір тексереміз. Біздің іздеген мүрделеріміздің осы айналадан көп алысқа кетпегеніне еш күмәнім жоқ. Куәларды шақыртыңыздар. Азамат Көптұрғанов, сіз де бізбен бірге жүріңіз, – деп сыртқа беттеді. Барлығы машинаның жанына келіп, айналасын түгел қарап, іші-сыртын тексеріп болғаннан кейін подполковник Б.Жанқуатов: – Енді жүк бөлімін ашыңыз, – деді. – Түк түсінсем бұйырмасын, одан не іздедіңіздер? – деп, жүк бөлімінің есігін ашып қалып еді, куәлардың бірі «Ой, мама!»деп шыңғырып жіберді. Қараса Сәрсенгүл мен Жамалдың денелері сонда айқасып жатыр. Үсті-бастары қанқан. Көздері шарасынан шығып кеткен. – Жағдай түсінікті. Көптұрғанов, Сіз қамауға алындыңыз. Аға лейтенант Жарас Жантеміров марқұмның көршілерімен сөйлесіп, олардың көрген, естіген нәрселерін ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай жазып алыңыз. Лейтенант Серік Құрбанбаев осы көшедегі бейнекамералардың жазбасын алып, Сәрсенгүлдің таныстарымен, құрбыларымен сөйлесіңіз. Олардың неден, қай уақытта, қалай қайтыс болғанын анықтау үшін мүрделерді сот-дәрігерлік сараптамаға жіберіңіздер. Соның нәтижесі бойынша қылмыстық іс қозғаймыз. Іске қатысты барлық ақпарат таңертең сағат тоғызда менің алдымда жататын болсын, – деп, әрқайсысына нақты-нақты тапсырма берді. «ӘСИЯ, МЕН СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН» Қолында қомақты сумкасы бар Жұмабек үйге келген кезде көңілдесі асүйде отыр еді. – Қайда жүрсің? Менің сені күткеніме аттай бір сағат болды ғой… – Кешірші жаным! Дүкеннен шығып, үйге қарай бұрыла бергенімде бір машинаға соқтығысып қалдым. Иесі «Полиция шақырамын», – деп әлек салды. Ішімдік ішпесем де әңгіме-сөзден бойымды аулақ салғым келді. Егер де олар келсе, әрлі-берлі сүйреп, ит зықыңды шығарады. Содан «аш пәледен, қаш пәле» демекші, азын-аулақ тиын-тебенін беріп әрең құтылдым. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең полиция «қайда болдың?» деп сұрап жатса, «түнімен менің қасымда болды» дей сал. Құрысын, соларға жақындағым келмейді. Келістік пе?! Әсия, мен сені жанымдай жақсы көремін. – Әрине , жаным! Өзің де шыбығың сыздап әрең жүрген боларсың. Өкініші мол, өксігі таусылмайтын мына дүниеде сілекейі сор татығандардан сақтасын. Мен сен үшін бәріне де дайынмын. Ал, енді әкелгеніңді шығар. Бұзауы өлген сиырдай босқа мөңіремей, бүгін бір армансыз сайранды салайық, – деп ішінде ешқандай лыпасы жоқ сырт киімін шешіп, лақтырып тастады да мамық төсекке қойып кетті.

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

Жұмабек бірінші рет Әсияны түнгі клубта кездестірді. Алғашқы сәттен-ақ ол өзін бірден баурап алды. Көзіңді еріксіз арбайтын нәркес жанары, назары ауған жанды тәнті ететін қазақы сұлулық, аққудың көгілдіріндей иілген әсем мойны, таң нұрындай ақша жүзі ерекше арайланып тұрды. Оған қызықпау, құмар болмау мүлдем мүмкін емес сияқты. Тал бойына осыншама көркемдікті жинаған сымбатты қызды көргенде Жұмабек болашақ жары Сәрсенгүлді мүлдем естен шығарды. Түнгі клубтағы сол күнгі бағаны екі есе көтеріп, Әсияны бір түнге өзімен бірге алып кетті. Жоғалған уақыты мен шашқан ақшасына еш өкінген жоқ. Сол түні Әсия бұған бұл көрмеген қызықты көрсетіп, өмірде татпаған төсек ләззатына қандырды. Оның от құшағында талмаурап жатып осы кезге дейін көрген қорлығы мен шеккен азабын әп-сәтте ұмытты. Таусылмайтын, бітпейтін аймалау, еш нәрсемен шектелмейтін тән құштарлығы өзінің түпсіз тұңғиығына еріксіз сүйреп әкетті. Сүйген сайын сүйе бергісі келіп, ынтыққан сайын ынтыға түсті. Енді қолына ақша түссе болды түнгі клубқа, Әсияға жүгіретін болды. Оның бал татыған шырын ернінен шымырлата сүйіп, мауқын басқанша асықты. Бір кездері өзі құлай сүйген, «енді үйленеміз» деп жүрген Сәрсенгүл мүлдем жайына қалды. Соңғы үш ай бойы оны біржолата ұмытты. Міне бүгін де тағат таппай Әсияның үйіне келді. Ақша үшін арын да, жанын да сатуға дайын ақ сазандай бұлқынған ару қызбен дүниедегінің бәрін, керек болса махаббатты да ақшаға сатып алуға болады деген қағидатты өмірлік кредосы етіп алған екеуі ішкіліктің буымен күн ұясынан арқан бойы көтерілгенше көз ілген жоқ. Кереуеттің тынымсыз сықырлағаны, жан алып жан беріскен құштарлық ыңқылы іңкәрлік симфониясын шертіп жатты. Қабырғаның арғы жағындағы көршілері де көпке дейін ұйықтай алмады. Әйелі ұяттан жанын қоярға жер таппай қиналса, еркегі жалынды жастығының неге бір ізбен өтіп кеткеніне, ол күндердің енді қайтып келмейтініне өкінді.

БӨЛМЕДЕГІ БЕСЕУ

Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Б.Жанқуатовтың кабинетіне бөлімнің бес қызметкері сағат тоғызда түгелдей жиналды. – Менің берген тапсырмамды қалай орындадыңдар, кешегі кісі өліміне қатысты қосымша тағы қандай мәліметтер жинадыңдар? Қане, тапқандарыңды кезек-кезегімен баяндаңдар, – деді бөлім басшысы. Бірінші болып аға лейтенант С.Құрбанбаев орнынан көтерілді. – Жолдас подполковник, Сәрсенгүл Құлбатырованың, оның көршілерінің үйлеріндегі, қарсы беттегі азық-түлік дүкеніндегі бейне камералардың жазбаларын түгелдей қарап шықтым. Кеше кешкісін сағат сегізде С.Құлбатырованың үйіне орта бойлыдан сәл жоғарырақ, үстіне спорттық костюм-шалбар, аяғына кроссовка киген қапсағай денелі жігіт кірген. Бет ауызын толық көрсетпейтін бетперде киіп алыпты. Сырт келбеті біз қамауға алған А.Көптілеуовтан аумайды. – Тоқта, тоқта, – деді Б.Жанқуатов аға лейтенанттың сөзін бөліп, – жаңылыспасам біз қамауға алған күдіктінің үстінде спорттық костюм шалбар бар да, аяғындағы кроссовка емес, жай туфли еді ғой. – Дұрыс айтасыз, жолдас подполковник! Оны мен де аңғардым. Таңертең Аянның өзінен сұрағанымда, сол күні Сәрсенгүлдің үйіне жай туфли киіп барғанын айтты. Бәлкім ізін жасыру үшін аяқ киімін әдейі ауыстырған болар деп машинаны да, оқиға болған жердің айналасын да түгел қарап шықтым. Ештеңе табылмады. Бет перде де көзіме түскен жоқ. Үйіне барып едім, кроссовкасы үйінде екен. – Түсінікті. Сіздің қандай алып-қосарыңыз бар? – деді подполковник лейтенант Ж.Жантеміровке қарап. – Сіздің тапсырмаңызға сәйкес Сәрсенгүлді білетіндермен, жұмыстас құрбыларымен жеке-жеке сөйлесіп шықтым. Бәрі де ол туралы жақсы пікірде. Сәлима есімді құрбысы оның Жұмабек деген жігітпен ұзақ уақыт көңіл жарастырып жүргендерін, тіпті үйленбек болғандарын, араларына қандай шайтан түскендерін, соңғы екі-үш айдың көлемінде мүлдем араласпай кеткендерін айтып берді. Бүгін ертеңгілік Жұмабектің телефон номерін тауып алып, оны ішкі істер бөліміне шақырып қойдым, – деп өзі жинақтаған мәліметтерді баяндап жатқан кезде ішкі телефон шылдырлап, полиция кезекшісі Жұмабек есімді жігіттің шақырту бойынша келіп, күтіп отырғанын хабарлады. – Жақсы. Ары қарай өзіміз жалғастырамыз. Сен енді жауап алуға бара бер. Ең бірінші кезекте оның кеше кешкі алты мен сегіздің арасында қайда, қай жерде болғанын, онысын кімдер куәландыра алатынын, Сәрсенгүлмен ара қатынасын, не себепті араласпай кеткендерін сұрап, маған хабарын айтарсың, – деді де бөлім басшысы криминалистермен бірге барлық бейне жазбаны тағы бір рет жіті қарап шығуға отырды. – Шынында да, сағат сегіздерде қыздың үйіне келген жігіттің киім киісі, жүріс-тұрысы Аяннан аумайды екен, – деді бөлім басшысы Б.Жанқуатов сарапталған материалдарды тағы да жіті тексеріп шығып. – Тек аяғына кроссовка киіп алған. Сосын телефонын іздеп таба алмаған Аян екінші қайтара үйге кіргенде он бес минуттай барлық жерде жарық сөніп қалған. Осы уақыттың ішінде біздер білмейтін біреулер Сәрсенгүл мен Жамалдың мүрделерін алып кетеді. Қараңғы болғаннан кейін бейнекамераға ештеңе түспеген. Әзірге біз үшін күдікті бір адам, ол – Аян Көптілеуов. Менің түсінбейтінім не себепті ол аяқ киімін ауыстырған, осының анық-қанығына көз жеткізуіміз керек. Сонымен бірге, кінәні өзгеге жабуға тырысу – жазадан құтылудың төте жолы екендігін де естен шығармалық. Сондықтан да осы қылмысқа қатысты тағы бір адам бар ма, жоқ па, болса ол кім, осыны анықтап алалық. Әзірге бәрің де боссыңдар, – деп бөлім басшысы жиналған ақпараттарды тағы да саралауға кірісті. Арада бір сағат өтер өтпестен кабинетке лейтенант Ж.Жантеміров кірді. – Жолдас подполковник, Жұмабек Орынбасаровпен сөйлестім. Алибиі мықты. Кеше кешкі алтыдан таңертеңгі сағат сегізге дейін танысы Әсия Күнбағаровамен бірге болыпты. Сәрсенгүлмен не себепті айырылыстың деген сауалға «мінездеріміз жараспады» деді. Осы қазір Жұмабек көрсеткен мекенжай бойынша айтқан қызбен кездестім. Бәрін растап отыр. Бір-біріне сенетіндіктерін, жақсы қатынаста екендіктерін жасырмады. Шетелдік компанияда менеджер болып істейтінін де айтты. Көзі ойнақшып, сәл нәрсеге бола күле береді екен. Ол үйден шыққасын қарсы есіктегі көршісін әңгімеге тартқам: «Айтып отырған қызың ешқандай компанияда жұмыс істемейді. Түнгі клубта, жеңіл жүріс арқылы табыс табады. Жұмабек – тұрақты клиенттерінің бірі», – деп мәлімет берді. – Жақсы, іске өте қажетті деректерді жинаған екенсің. Енді соны өзің ақырына дейін жеткіз. Қазір Әсияны осында әкеліп, қайтадан жауап ал. Тергеу органына жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескерт. Меніңше, сол қыз біз білмейтін бір құпияны біледі. Солай бола тұра оны әдейі айтпай отыр. Кімді, неге, не үшін қорғаштап отырғаны түсініксіз. Ондайлардың тілін қалай шығаруға болатынын саған үйретудің қажеті жоқ деп есептеймін.Тек шектен, заң аясынан шығып кетпе! Кім білген, артында кімдер тұрғанын. Сәттілік тілеймін. Қорытындысын бірден маған хабарла, – деп тапсырма берді.

ӘСИЯ ЖЕТКІЗГЕН АҚИҚАТ

– Әсия, сізге бірден ескертемін. Сіз қазір түнгі клубта емес, қалалық ішкі істер бөлімінің қауіпті қылмысты іздестіру бөлімінде отырсыз, – деп қатқылдау дауыспен бастады сауалын полиция лейтенанты, – Сондықтан да маған шындықты, тек қана шындықты айтуға міндеттісіз. Жалған сөйлеп, жалтарсаңыз, жауапқа тартыласыз. Біріншіден, неге маған шетелдік компанияда жұмыс істеймін деп жалған жауап бердіңіз? – Басында сасып қалдым. Шынымды айтсам қамап тастай ма деп қорықтым. Ол жерде қай бір жетіскеннен жүр дейсің. Әкем үш баламен анамды тастап, басқа бір ауқатты әйелге үйленіп кетті. Анамның тапқан табысы қалай тартсақ та жетпеді. Тұрмысымыз кісі қызығарлық емес. Талай рет қара нан, қара судан басқа татар дәміміз қалмаған күндеріміз де болды. Ағайын-туыстан қайыр жоқ. Содан таныс, көрші келіншек «жүр, мен сені жақсы жұмысқа орналастырамын» деп осында алып келді. Жұмысының түрі – бақуатты адамдардың ашынасы, төсектесі болу. Қалтамда көк тиын ақшам, басымда тұрақты баспанам жоқ болған соң амалсыз көндім. Құдай берген көркім мен мінезімнің жайлылығының арқасында тамағым аш, киімім жоқ болмады. Қаржыдан таршылық көрген емеспін. Қайта өзімнен артылғанын анама жіберіп тұрдым. Лас тірліктен жерініп, «дені дұрыс жұмысқа тұрайын» деп ресторанға аспаз болып орналасып едім, қожайыны әуелі өзінің, кейіннен қонақтарының көңілін көтеруге мәжбүрледі. Амал жоқ, жағымсыз болса да бұрынғы кәсібімді қайтадан жалғастырдым. Үстімізден қарайтын «мамамыз» бар. «Крышасы» мықты. Соның арқасында бөтен біреулер өктемдік жасай алмайды. Табысымның белгілі бір бөлігін соған беремін. Бізге қатысты мәселелердің барлығын сол шешеді, – деп, бетін басып жылап жіберді. – Жә, сабыр етіңіз. Көздің жасын бұлағанмен, енді ештеңені өзгерте алмайсыз. Екінші мәселе, Жұмабекпен қалай таныстыңыз? – Осыдан үш айдай бұрын ол біздің түнгі клубқа келді. Аздап ішімдік ішіп алған. Бір қарағанда көрікті, ақылды, қалталы жігіт болып көрінді. Ұзын сөздің қысқасы, сол түні ол мені таң атқанша өзі иемденді. Қанша дегенмен атты адам атынан түсіп қарайтындай көркім, төсек мәселесінде де біраз тәжірибем бар, оған ұнап қалған сияқтымын. Бара-бара бір-бірімізді аңсап, сағынатын дәрежеге жеттік. Ақшасы бітіп қалған кездері тегін қызмет көрсетіп те жүрдім. Алда-жалда қалталы клиенттерім шақырып алып кетсе, жүрегін қызғаныштың қара мысығы тырналап мені сабап алатынды шығарды. Кей кездері көзі қарайғаннан өлтіріп тастай ма деп те қорқатынмын. – Кеше кешкісін келгенде қай уақытта дүкенге шығып кетті, және қашан қайтып келді? – Сағат кешкі алты жарымның шамасы болуы керек, «шарабымыз аздау сияқты, көбірек алып келейін деп дүкенге кетті. Содан екі сағаттан кейін оралды. Дүкеннің алдында машинасын соғып алған ба, соған айналыпты. Біреуміреу сұрап жатса «түнімен менің қасымда болды» деп айт деген соң, мен сізге сол айтқандай жауап бердім. – Соңғы сұрақ, сол кезде Жұмабектің үстінде қандай киімдер бар еді? – Үстіне көгілдір спорттық костюмшалбар, аяғына ақ кроссовка, басына қоңырқай кепка киіп келгені есімде. Әдетте иығынан шетелдік жеңіл курткасын, аяғынан табаны жұмсақ, ыңғайлы қоңыр чех туфлиін тастамайтын. – Немене ол тағы бірдеңені бүлдірді ме? – Осымен сұрақ-жаубымыз аяқталды. Нені бүлдіріп, нені қойғаны уақытында белгілі болады. Бүгінгі біздің арамызда болған әңгімеміз туралы ешкімге, соның ішінде Жұмабекке тіс жармайсыз. Әзірге қаладан ешқайда кетпейтіндігіңіз туралы қолхат бересіз, – деп, қағазына қол қойдырып алғаннан кейін лейтенант Әсияны сыпайы шығарып салды.

ЖҰМАБЕККЕ ЖАЛТАРАТЫН ЖЕР ҚАЛМАДЫ

Бөлім бастығы Б.Жанқуатов кабинетіне жадырай кірген лейтенантты көріп, Әсиямен арадағы әңгіме кешегі кісі өліміне қатысты тың дерек бергенін ұқты. – Жолдас подполковник, Әсияның жауабынан көңілімізді күпті қылған көптеген сауалдарға нақты жауап тапқан сияқтымын. Біріншіден, Әсия Жұмабектің тек танысы емес, көңілдесі екен. Екіншіден, дүкенге барып келемін деген Жұмабек жаяу барып келетін бес минуттық жерге машинамен барып, араға екі сағат салып «көлігімді соғып алдым» деп үйге келеді, және біреуміреу сұрап жатса «таң атқанша менің қасымда болды» деп айт деп өтірік куәлік етуге көндіреді. Үшіншісі, сол күні оның үстінде спорттық костюм, аяғында кроссовка, басында кепка бар болып шықты. – Ал керек болса! – деді, подполковник таңданғанын жасыра алмай.– Сонда екі бірдей қыз баланы ажал құштырған Аян ба, жоқ әлде Жұмабек пе? Осыны тезірек анықтауымыз керек. Сіз қалай ойлайсыз, лейтенант? Ең бірінші кезек те Жұмабек машинасын соғып алды ма, жоқ па, осыған көз жеткізіңіз. Екінші, оның кеше үстіне киген киімдерін түгелдей экспертизаға жіберіңіз, қаншама сақтық шараларын жасаса да, айғақ болар заттардың ізі қалмауы мүмкін емес. Егер де күмәніміз анықталып жатса, дереу Жұмабекті қамауға аламыз. Онда Аян Көптілеуовке ақиқатты ашып айтып, одан орынсыз мазалағанымыз үшін кешірім сұрап, босатуымызға тура келеді. Жақсы, ол жағын мен өз мойныма алайын. Ал сіз лейтенант тезірек менің айтқандарымды орындаңыз. Эксперт жігіттерге тексерудің қорытындысын тездетіп, жұмыс аяғына дейін шығарып берулерін ескертемін.

ТҮСКІ АСЫ ТАМАҒЫНА ТҰРЫП ҚАЛА ЖАЗДАДЫ

Лейтенант Ж.Жантеміров Жұмабектің үйіне келгенде ол түскі асын ішіп болып, демалып жатыр екен. Алдын ала ескертпестен келген полиция қызметкерін көргенде, бойын бір сәт үрей билеп әкетті. Қорқыныш табын сездіру кінәсін мойындауға әкеліп соқтыратынын жылдам ұққан ол тез есін жинап алды. – Барлық сауалдарыңызға таңертең жауап беріп едім ғой. Енді мені неге мазалайсыздар? – деп кінә арта сөйледі. – Егер де сұрақтарға сол кезде бүкпесіз, шынайы жауап бергенде, сізді екінші қайтара әбігерге салмас та едік. Оған қоса тағы бір маңызды нәрселерге көз жеткізіп алуымыз керек болып тұр. Сіздің жеке көлігіңіз бар ғой. – Иә. Оның маған қандай қатысы бар? Ешқандай жол-көлік оқиғасына жол берген жоқпын. Кешеден бері гаражда тұр. Ешқайда шыққан да жоқпын. – Ал Әсияның берген жауабында сіз ол үйге өз машинаңызбен барғансыз. Жүріңіз көрелік, – деп сыртқы есікке бет алды. – Көрсек көрелік, – деп ол да соңынан ілесті. Биік, оңаша жерге орналасқан еңселі гаражда «Лексус» машинасы тұр. Үстін аздап шаң басыпты. Асты-үстін түгел қарап шығып еді, қағылған-соғылған жері байқалмайды. – Жақсы, енді үйге баралық. Бөлмеге кіргеннен кейін лейтенант: – Азамат Жұмабек Орынбасаров, кісі өліміне қатысты тағы бір маңызды жайтты анықтауымыз үшін кешегі үстіңізге киген киімдеріңізді экспертизаға тапсыруымыз керек. – Әрине. Қажет деп есептесеңіздер алыңыз, – деп шкафтан жеңіл куртка мен джинси шалбарды шығарып еді: – Жо-жоқ, бұларды емес, кеше кешкісін киген спорттық костюм-шалбар мен кроссовканы, кепканы шығарыңыз, – деді. Лейтенант Ж.Жантеміров Жұмабектің абыржып жүріп әрең деп тапқан киімдерін қолына қолғап киіп алды да, айғақ заттарға арналған арнайы пакетке салды. – Міне, енді дұрыс болды, – деді өз-өзіне риза кейіппен. – Жолдас лейтенант, мен еш нәрсені түсініп отырған жоқпын. Таңертең айттым ғой, түнімен Әсияның қасында болдым. Ол қыздарды мен.. деді де абайламай артық кетіп бара жатқанын аңғарып. тілін тістей қойды. – Иә, иә, неге тоқтап қалдың? Сосын ол қыздарды не істедің? – Жо-оо-қ! Сіз дұрыс түсініңіз, «сол түні таң атқанша Әсияның қасында болдым» дегенді айтқым келген. – Сіз оны таңертеңнен бері үш рет қайталағансыз. Енді ескертерім, тергеу амалдары аяқталып, экспертиза қорытындысы шыққанша, қаладан ешқайда кетпейсіз. Әзірге сау болыңыз, – деп қатаң үн қатқан лейтенант ішкі істер бөліміне жеткенше асықты. Бөлім басшысы Ж.Жанқуатов жедел өкіл әкелген мәліметтермен танысқаннан кейін, шұғыл Жұмабекті қамауға алуға тапсырма берді.

– Прокуратурадан санкцияны кешік-тірмей алып беремін. Үйінен шығып кетпесе, сол жерден ұстаңыздар. Бірдеңенің иісін сезген сияқты. Аға лейтенант С.Құрманбаев, егер де Ж.Орынбасаров үйінде жоқ болса, барлық полиция бекеттеріне, автовокзал, теміржол вокзалдары мен әуежайдағы әріптестерімізге Жұмабектің фотосуретін жіберіп, аса қауіпті қылмыскер ретінде республикалық іздеу жариялаңыздар, – деп кабинетіндегі бес жедел өкілдің бесеуін бес жаққа шұғыл тапсырмаман аттандырды. – Тездетіңдер жігіттер! Біз үшін дәл қазір әр минут алтыннан да қымбат. Мұндай қанішерден айырылып қалсақ, бүкіл ішкі істер бөлімінің, бәріміздің арымызға сын, – деп шегеледі.

КІНӘЛІ

Сағат бес жарымда экспертиза қорытындысын бөлім басшысының алдына әкелді. Жұмабектен киімдеріндегі шаш пен қан дақтары Сәрсенгүл мен Жамалдікі болып шықты. Енді кінәсіз жас қыздардың қыршын кеткеніне соның кінәлі екенлігіне ешқандай күмән қалмады. Подполковник дереу А.Бектеміровті алдырып, нағыз кісі өлтірушінің анықталғанын, оперативтік шаралар аясында оны да қамауға алуға мәжбүр болғандарын айтып, жазықсыз камераға жапқаны үшін кешірім сұрады. Оған тағылған барлық айыптың алынып тасталғанын мәлімдеді. – Мені қойшы, бірде қатты, бірде тәтті өмірге әлдеқашан үйренгенмін. Талай рет қорқытып, үркітуді, тіпті, бизнесімді тартып алмақ болған рейдерлерді де көрдік қой. Тек күтпеген жерден үйішінің, жұмыстастарымның әбігерге түскені болмаса. Ең бастысы, нағыз қылмыскерді уақыт ұзартпай тапқандарыңыз дұрыс болған екен, – деп Аян жылы қоштасты да, бір түннің ішінде жартысынын көбін қырау шалған самай шашын қайта-қайта сипап, өзін асыға күтіп отырған жұбайы, бала-шағасымен табысуға асықты. Арада бір сағат өтер-өтпестен Ақтөбе облысы қалалық полиция бөлімінің бастығы іздеу салынған Жұмабек Орынбасаровтың қаланың айналма жолымен кетіп бара жатқан жерінен ұсталғанын, енді оны арнайы этаппен Атырау қалалық ішкі істер бөліміне жөнелткендерін хабарлады. – Рақмет, әріптестер! Қауіпті қылмыскерді құрықтауға өз үлестерін қосқан қызметкерлеріңізге шын жүректен ризашылығымды жеткізіңіз, – деп жүрек жарды алғысын айтты. – Бүгінше Ж.Орынбасаровты бір кісілік камераға қамаңыздар. Түнімен ойлансын. Таңертең қаныпезердің қалай, не үшін жазықсыз қыздарды өлтіргендерін анықтаймыз. Шаршаған боларсыздар, енді біраз демалып алыңыздар, – деп бөлім бастығы жедел уәкілдерін үйлеріне қайтарды. Бұл кезде күн ұясына алаулай батып, төңірек қараңғылық құшағына бірте-бірте еніп бара жатты. Ертесіне Жұмабекті айдауылдар бөлім бастығының кабинетіне алып келді. Түнімен көз ілмей шыққаны көрініп тұр. Солай бола тұра әлі сағы сынбаған, өзінше қандай сұраққа қалай жауап беретінін алдын ала ойластырып келген сияқты. – Сөйле шырақ, біз саған қаладан кетпеу керектігін ескертіп едік қой, енді Ақтөбе жақта не бітіріп жүрсің? – деп, сауалын подполковник қатқылдау дауыспен бастады. – Өзім де түсініп отырған жоқпын, жолдас бастық, – деп сөзін мәймөңкелеп бастап келе жатыр еді, «Мен саған жолдас емеспін. Сенің жолдастарың түрмеге тоғытылғандардың арасында. Осы бастан ескертемін. Егер де жалған сөйлеп, тергеуді адастырғың келсе, жазаң одан сайын ауырлай түседі» – деп басшы дер кезінде тыйып тастады. – Сонымен Ақтөбеге неге, не үшін бардың? – Сол жақта тұратын туыстарым қатты ауырып жатыр деген соң, жағдайын білуге бармақ болғам. – Тоқтат! Кімді ақымақ қылғың келіп отыр? Сенің ойыңша не, біздер бұл жерде шемішкі шағып, шошқа тағалап жүрміз бе?! – Жоқ, мен олай деген жоқпын. – Онда неге қитұрқыланып жауабыңды сөзбұйдаға саласың? Біздің анықтауымызша, сенің туыстарың Ақтөбеде де, Қандыағашта да, Оралда да, жоқ. Жасаған аса ауыр қылмысың үшін сотталатыныңды біліп, Өзбекстан-ға қашып кеткің келді. Одан да Сәрсенгүл мен Жамалды не үшін қатігездікпен өлтірдің, олардың жазығы не, соны айт. – Оларды мен өлтірген жоқпын. Өйтіп басқаның кінәсін маған жаппаңыздар. Олай болса, прокуратураға үстеріңізден шағым жасаймын. Қыздарды өлтірген мен емес, «Қанағат» фирмасының директоры Аян Бектеміров. Маған сенбесеңіздер, барлық бейне жазбаны қарап, тексеріңіздер. Үстіндегі киімін, жүрген жүрісін, қай уақытта ол үйге келгенін, бәрін, бәрін тексеріңіздер. Сонда кімнің кінәлі екендігіне анық көздеріңіз жетеді. Жазықсыздан жазықсыз кінәсіз адамды өйтіп қараламаңыздар.Үстеріңізге форма киген соң, ойларыңа не келсе соны істеуге болады деп ойлайсыздар ма? Сендерге ешкім ондай құқық берген жоқ. – Өй-дейіт дерсің! Қалай-қалай сайрайды мына сабазың. Жақсы, олай болса криминалист-сарапшылар анықтаған жазбамен танысып шығыңыз. Әңгімемізді содан кейін ары қарай жалғастырамыз. Жұмабек сараптаманы үтір-нүктесіне дейін қайта-қайта оқып шықты да, салы суға кетіп, мәңгіріп отырып қалды. Бір сәт терезеден секіргісі келді ме екен, ол жаққа қарап еді, әр терезенің темірмен қапталғанын байқады. Оның үстіне, қолы кісендеулі. Ендігі әрекеті бос далбаса екендігін түсінген ол қатты жөткерініп алды да, қос қыздың ажалына не себепші болғанын, оларды қалай, неге өлтіргенін бүге-шігесіне дейін айтып берді. МОЙЫНДАУ – Басында Сәрсенгүлді өлтіру мүлдем ойымда болған жоқ. Кінәмды мойындап қайтадан табысқым келді. Алайда оның енді маған қайтып оралмайтынына анық көзім жеткен соң, әрі намысыма тиетін сөздер айтып қорлағаны үшін өлтіруге бел байладым. Тіпті, сол үшін алибиімді алдын ала дайындап, әзірленіп келдім. – Жақсы, арғы жағы түсінікті десе де болады. Менің білгім келгені, не себепті кінәні Аянға аударғың келді? – Аян – менің бір кездегі жақсы жолдасым еді. Біріншіден, оның іскерлігін көре алмадым. Екіншіден, менің ағамды сәл нәрсеге бола жұмыстан шығарып жібергендігі жүргімде талайдан кек болып қатқан болатын. Содан кейін сәті келгенде өш алуды ойладым. Сол себепті Сәрсенгүлдің өліміне соны кінәлі қылғым келді. Ол екеуі бірге жұмыс істейтінін бұрыннан білетінмін. Көптен араласпай жүрсек те, бірнеше күн сырттай бақылап, жүріс-тұрысын, кешкілік қандай киім киетінін зерттедім. Аян киетін киімдерді ұқсас түсті киімдерді дүкеннен сатып алдым. – Әрине, сен оның үйінен шығарда кроссовкасын жай туфлиге алмастырып кигенін байқамаған шығарсың? – Олай болатынын кім болжаған? Мені ұстауға себеп болған басты ағаттығым да сол деп білемін. Қашан көрсем де аяғына кроссовка киіп жүреді. Тіпті сонысымен төсекте ұйықтайтын сияқты… – Жә, әңгімені басқа жаққа бұрмаламайық. Енді ары қарай не болды, соны айтыңыз. – Аян үйге кіріп кеткен кезде, машинасын қайта-қайта іске қосылатын дабыл қағу жүйесіне жалғадым. Алдында қалай жасалатынын интернеттен көргем. Сол бойынша Аян сыртқа шыға бере сыртқы жарық шамдарын қысқа доғарыс жасау арқылы уақытша өшіріп тастадым. Иесі машинасымен алысып жатқан кезде, Сәрсенгүл мен Жамалдың денелерін қайырылыста тұрған арбашаға салып, тасаға қойып, жарықты қайтадан жақтым. Аян екінші мәрте үйге кіргенде, бетпердемді киіп алып мүрделерді Аянның машинасының жүксалғышына салдым. Кілтінің көшірмесін алдын ала дайындап қойғанмын. Қосалқы дәлел болмасын деп дабыл қаққышты өзіммен бірге алып кеттім. Содан кейін келесі көшенің бұрылысында тұрған машинама келіп, басқа телефоннан полицияға хабар бердім. Жоспарлағанымдай полиция қызметкерлері Аянның аяқ киіміндегі қан дақтарын, машинаның багажнигіндегі мүрделерді көріп, оны бірден қамауға алды. Менің де күткенім сол еді. Біржолата сотталып тынатынына еш күмәнім қалмады. Ары қарай не болғанын өздеріңіз де білесіздер. – Кісі өлтіруге, ізіңізді жасыруға, басқа адамды қылмыскер етіп көрсетуге тыңғылықты дайындалғаныңыз көрініп тұр. Бірақ та сіз бір нәрсені ескермедіңіз. Ол не екенін айтайын ба? – Иә, айтыңызшы. – Ендеше тыңдаңыз. Біз бұл жерге жұмысқа келгенімізде қашан қылмыскерді тауып, істі сотқа тапсырмайынша, өзімізге де, өзгелерге де тыныштық бермейтінімізді жақсы білдік. Сол үшін де бөлімге жан-жақты спортшылар мен іскер, білімді, заңгер жігіттерді тарттым. Өйткені сен сияқты қаныпезерлерді қоғамнан аластату қызметтік міндетіміз, азаматтық басты парызымыз деп түсіндік. Жұмыс барысында ағайын-туыс, дос-жаранымыздың көңіліне қарап, жеңілдік жасаған жоқпыз. Кез келген сәтте қылмыскердің қолынан ажал құшатынымызға, бала-шағамыздың жетім, жұбайларымыздың жесір қалатынына да дайын болдық. Ондай жағдай туындаса, мемлекетіміздің жанұямызды қамқорлықтан қаға беріс қалдырмайтына сендік. Сол себепті ақырғы деміміз қалғанша Отанымызға адал қызмет етуге ант бердік. Осы кезге дейін мына отырған жігіттердің арқасында біздің ауданда бірде-бір қауіпті қылмыскер әділ жазадан сытылып кеткен жоқ. Сен де солардың бірісің. Алдағы уақытта да солай бола береді. – Бітті! Мынаны апарып камераға қамаңыздар. Енді оны көргім де, ақталу сөздерін естігім де келмейді, – деп, үстінен ауыр жүк түскендей орнынан көтерілді.

Боранбай Ғалиев

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...