Бірнеше жылдан бері елімізде 25 қазан Республика күні қайта тойлана бастады. Екі жыл бұрын Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Республика күні» мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде тойлау туралы мәлімдесі қоғам тарапынан да қолдауға ие болған еді. Осылайша қайта жаңғырған мереке елімізде кеңінен тойлана бастады.
Бұл мереке әдетте елдің мемлекеттігі жарияланған күні немесе республиканың ажырамас атрибуты – ел Конституциясы қабылданған күні тойланатын басты мереке саналады. Естеріңізде болса, бұл мейрам біздің елде 2009 жылға дейін 25 қазанда тойланып келген болатын. Бұл күннің шығу тарихына тоқталатын болсақ, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат қабылданған соң мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бірақ бұл құжат еліміздің Кеңес Одағы құрамынан толық шығады дегенді білдірмеді, әйтсе де, декларация еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды.
Солайша, Республика күнін тойлау үрдісі 1992 жылдан басталды. Алайда мейрам мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген еді. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Ал 2009 жылы «аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін мәлімдеген соң, 29 қыркүйекте ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды.Осылайша, бұған дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген 16 желтоқсандағы тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Қазіргі таңда еліміз үшін қайта жаңғырған мерекенің тарихи маңызы өте зор! Сондықтан ұлық мереке құтты болсын!
Алмабекова Кулмира Абиловна, Әуезов аудандық сотының судьясы