12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАЙ ЕЛДІҢ ТАМАҒЫН ТҰТЫНЫП ЖҮРМІЗ?

Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау жыл сайын артып келеді. Соған қарамастан, отандық өндіріс кенже дамып, азық-түліктің дені сырттан тасылуда. Әсіресе, қайта өңделген сүт пен ет өнімдерінің дені – өзгенің тағамы.

Сүт өнімдерінің импорты 2022 жылғы 580 мың тоннадан 2023 жылы 800 мың тоннаға дейін өсіпті. Мұндай жағдайдың орын алуының негізгі себебі – шикізаттың жетіспеушілігі және қымбаттығы. Сонда ресми статистиканың «жыл сайын шамамен 6,5 млн тонна сүт өндіріледі» деген дерегі жалған болғаны ма? Шындығында, бізде 2,1 млн тонна сүт өндіріліп, елдегі 180 кәсіпорында өңделеді екен. Мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалау орын алған. Бұл, әрине, жоспарлау мен ішкі нарықты реттеу бойынша шешімдер қабылдау сапасына кері әсер етеді. Үкіметте статистикалық деректерді өзектендіру бойынша арнайы құрылған комиссия 2 млн бас мал мен 3 млн тонна сүт есептен шығарды. Өсімдік шаруашылығында да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Алайда мұнымен өнімді қайта өңдеу саласының мәселесі толық шешілмейтіні анық. Мұны Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен қатар депутаттар да ортаға салды.

Қаражаттың жоқтығы – қайта өңдеу саласын тежейтін фактор

Айдарбек Сейпілұлының айтуынша, елімізде импорттық азық-түлік өнімінің көп болуының бір себебі – отандық өнімдердің өзіндік құнының жоғарылығы. Мысалы, сары майдың Қазақстандағы өзіндік құны – келісіне 3100 теңге. Ал импорттың орташа бағасы – 1800-2300 теңге. Әрине, бұл жерде сапаның жетекші рөл ойнайтыны талассыз. Ал мұндай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді. Сондықтан сапасы төмен өнімдер мәселесін шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың қолдауы қажет. Яғни халық арасында спрэд пен сары май, сүзбе пен ірімшік өнімі арасындағы және барлық басқа позициялар арасындағы айырмашылықты түсіндіру маңызды. Бұл мәселеде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетсе, құба-құп. Қайта өңдеу саласының дамуын тежейтін фактор – жеңілдетілген несие, негізгі және айналымдағы қаражаттың жоқтығы. Отандық өңдеу кәсіпорындарындағы жабдықтың моральдық және физикалық тұрғыдан тозуы да – өзекті мәселе. Өйткені осының салдарынан қазақстандық ет өнімін өндірушілер шетелдік әріптестерінің алдында бәсекеге қабілетсіз. Сонымен қатар, қайта өңделген премиум санатты өнімдер сияқты жоғары маржалық бағыттарды дамыту үшін ғылым мен өндірістің тығыз өзара іс-қимылы бойынша жұмыс қажет. Айталық, салқындатылған еттің ұзақ сақталуын қамтамасыз етуге арналған әзірлеме керек. Бұл экспорт географиясы мен кірістілігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сол секілді тері өңдеуде де мәселе бар. Бұл орайда басты қол байлау – шикізаттың төмен сапасы. Сою кезінде кесілген, зиянкестер зақымдаған теріні былғары кәсіпорындары қабылдамайды. Осының салдарынан жыл сайын жиналатын 3,5 млн терінің 600 мыңы ғана қайта өңдеуге және экспортқа жіберіледі. Мәселенің шешімі – тері мен жүн сапасы маңызды емес өндірістерді дамыту, мысалы, желатин мен жемшөп қоспасын өндіру не жылу оқшаулағыш материалдар жасау кәсіпорындары желісін құру керек.

Кешенді жоспардың қамтығаны көп

Құзырлы орынның бизнес қоғамдастықпен және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен түйткілді мәселелерді талдауы және талқылауы нәтижесінде Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылыпты. Құжат қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақстандық өңдеушілерді қолдау үшін қорғау шараларын қолдануды көздейді. Межелер биік. Мәселен, 100 млрд теңге сомасына 65 тауарлық сүт фермасын қаржыландыру жоспарланған. Бұл жылына 372 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, шикізаттың өзіндік құнын төмендету үшін шаралар кешені қабылданды. Бұл үшін өндірісті қарқындату, егісті әртараптандыру және оларды суландыру шарасы іске асырылады. Биыл алғаш егіс жұмысына жеңілдікпен кредит беру көлемі 580 млрд теңге болды (бұрын 180 млрд теңге болатын). Үшінші шара технологиялық тұрғыдан артта қалу мәселелерін шешуді көздейді. Төртіншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі өнім түрлерінен сынамалар мен талдауларды жүргізетін ситуациялық штаб жұмыс істейді. Ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту үшін 2025-2027 жылдарға жалпы сомасы 7,1 млрд теңгеге қосымша бюджеттік өтінім дайындалды. Бесіншіден, кешенді жоспардың негізгі блогы ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу нарығы кеңейтілуде. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері, Еуропалық одақ елдері және басқа елдерге қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша экспортқа қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Қытай нарығын ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

Ішкі нарықтың қорғалуы әлсіз

Жиында сөз алған депутат, Мәжілістегі Республика фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мемлекеттік қолдауды алудың күрделілігіне қатысты ой қосты. Бұл орайда ол несиенің пайыздық үстемесін субсидиялау түрінде берілетін қаржының жыл сайын толық бөлінбеуі барлық фермерлердің несиесін арзандатуға мүмкіндік бермей отырғанын жеткізді. Қаражат екінші тоқсанның басында бітіп қалады. Дәл қазір 36,9 млрд теңгеге 1774 өтінім төленбей отыр. Қаржы министрлігі тез арада шешім қабылдауы қажет. Қожаназаров мырза сонымен қатар қаржының жетіспеушілігі министр айтқан сүт өнімін қайта өңдеудің бағын ашпай отырғанын жеткізді. Ішкі нарықтың қорғалуы да әлсіз. Өткен жылдың өзінде «Россельхознадзор» 15 қазақстандық тауар өндірушіге қатысты 22 шектеу енгізді. Біздің тауар өндірушілер тіпті өз нарығында да бәсекеге қабілетсіз. Сүт өңдеу кәсіпорындары сүтті сатып алу бағасын 250 теңгеден 160 теңгеге дейін төмендетті. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жазғы уақытта зауыттар сүт сатып алуды мүлдем тоқтатты. Бес жыл ішінде Ресейден келген құрғақ сүттің импорты 6 есе өсті. Бір ғана серіктестік бір айда 190 тонна құрғақ сүт импорттады, одан 1,5 мың тонна қалпына келтірілген сүт алуға болады. Осы тәсілмен біз бірқатар кәсіпорынды банкротқа ұшыраттық және көрші мемлекетті асырап жатырмыз.

Шикізат мәселесін шешетін кез келді

Жиында сөз алған депутаттардың бірі Серік Егізбаев сүттің жайына назар аудартты. Егізбаев мырзаның айтуынша, сүт шикізатының жетіспеуімен қатар, сапасы да төмен. Келесі жылдың басынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінде көзделген сүт шикізатына қойылатын жаңа талаптар күшіне енген кезде бұл проблема күшейе түседі. Машинамен сауылмаған, салқындатқыш танкерлерсіз, сапа және қауіпсіздік зертханаларынсыз дайындалған сүтті қабылдауға тыйым салынады. Уәкілетті органның осы мәселені шешуде әлі нақты іс-қимыл жоспары жоқ. Сарапшылар бұл жағдайдың сүт өнімдері импортын бүгінгі 40%- дан 80-90%-ға дейін өсіретінін айтып отыр. Қаладағы сүт зауыттарындағы мыңдаған адам жұмысынан айырылса, ауыл тұрғындарының шамамен 70%-ы сүт тапсырудан түсетін әжептәуір табыс көзін жоғалтады. Бұл ретте отандық өндірушілерге бағасы төмен импорттық құрғақ сүтпен жұмыс істеу тиімдірек болады. Жергілікті зауыттар құрғақ сүтке деген қажеттілікті тек 15%-ға жабады, тиісінше, жергілікті өндірілген сүт шикізаты сұраныссыз қалып отыр. Бұл тығырықтан шығу үшін өндірілген өнімді дайындау мен өткізуді, әсіресе, жеке қосалқы шаруашылықта ұйымдастыру бойынша нақты шаралар қажет. Атап айтқанда, шағын сүт өндірушілердің кооперацияға бірігуін ынталандыратын, терең өңделген өнімдер шығару үшін жеке шаруалықтардың сүт шикізатынан құрғақ сүт өндіру мәселесін қарастырып, сүт өңдеуші кәсіпорындар үшін оның құнын субсидиялау мәселесін қарастырған жөн. Тоқетерін айтқанда, мәселе көп. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін жасалған кешенді жоспар бар. Оның шеңберінде салаға қомақты қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржы осы мәселелерді шеше ме, әлде бұрынғы қаржының ізімен суға сіңген құмдай бола ма? Мәселені білу бір бөлек те, оларды шешу мүмкіндігі – өз алдына ауқымды іс. Бұл, ең алдымен, кадрлар әлеуетіне қатысты. Ал бізде мамандарға қатысты сұрақ көп. Өкінішке қарай, бұл жиында оларға қатысты мардымды ештеңе айтылмады. Қомақты қаржы бағытталып отырған бағдарламада да ол жайлы бір ауыз сөз болмады. Іс тетігін кадр шешетінін құзырлы орын әлде ұмытты ма?

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

СУДЬЯ КӨМЕКШІСІ – КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕПІЛІ

Сот жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігін арттыру – кез келген құқықтық мемлекет үшін қажетті әрі өзекті міндеттің бірі. Бұл бағытта Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, сот төрелігін қамтамасыз ету және халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде.

Жетісу облысында жер сілкінді

ҚР ТЖМ "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС-нің мәліметінше, жер сілкінісі 2024 жылғы 5 қарашада Астана уақыты бойынша 23:45-те Жетісу облысында тіркелген.

Қазақстандағы “ең бай зейнеткер“ қанша алады? БЖЗҚ мәліметі

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Қазақстандағы ең жоғары ай сайынғы зейнетақы төлемінің сомасын атады.

Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытын қай жерде салу жоспарланған?

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу жоспары туралы пікір білдірді.

1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи отанына оралды?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1991 жылдан бері қанша қазақстандық тарихи отанына оралғанын айтты.