Мемлекет басшысы аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

«Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын.

Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған.

Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы.

Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектер мол еңбек сіңіргенін айтты

«Халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес. Олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылған.

Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында.

Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қазақ әйелінің ізбасары деуге болады. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысты.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде Сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер.

Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жолдауы – сот жүйесін жетілдірудің маңызды бағдары

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел...

Жасөспірімдер арасындағы лудомания және киберқылмыстық әрекеттерін алдын алу

Адамзат өркениетінің қазіргі кезеңінде ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, сондай-ақ ...

ЕЛДIК МҰРАТ — БIРЛIК ПЕН МЕМЛЕКЕТТIЛIКТIҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Т әуелсіздік – ұлттың ұлы мұраты, мемлекеттіліктің алтын діңгегі....

Көкшетауда жыр додасы өтті: республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды

Көкшетау төрінде қазақтың көнеден жеткен жыршылық өнері қайта жаңғырып,...

Жазбаша іс жүргізу

Сот істі дайындау барысында және алдын ала тыңдауда талап...