ПРЕЗИДЕНТ АҚМОЛА ӘКІМІН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы аймақтардағы жағдайды үнемі бақылауында ұстап, дер кезінде бағыт-бағдар беріп келеді. Жақында Президент Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады.

Ақмола облысы – елордаға жақын орналасқан қуатты аймақ болғандықтан, ондағы жетістік пен кемшілік үнемі көпшілік назарында. Қазақстанның астанасына табан тірегін меймандардың да бұл облысқа арнайы барып, табиғаты көркем өңірдің тыныш-тіршілігімен танысуы әдетке айналған. Сондықтан, Ақмола облысын әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан ғана емес, Қазақстанның туристік нысаны ретінде де дамыту кезек күттірмейді. Бұл аймақ басшыларына қосымша жауаптылық жүктері анық. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірді ілгерілетуге байланысты жүктелген осы міндеттерді тындырымды жолға қоя білді. Осының өзі Президенттің бұған дейін өңір басшысына тапсырған меже-міндеттерінің ретімен шешіліп келе жатқанын көрсетеді. Ал осы жолғы Ақордадағы қабылдауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларынан Мемлекет басшысын толық хабардар етті. Расында биыл қолға алынған іс-шаралар нәтижесіз емес. Аймақ басшысы атап өткендей, алғашқы жартыжылдық қорытындысы көрсеткендей аймақтың өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінде, көлік қызметі мен байланыс саласында оң динамика байқалып отыр. Қабылдау барысында облыс әкімі экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қолға алынған шаралар туралы айтты. Соның ішінде биыл агроөнеркәсіп саласында дәнді дақылдардан 5 миллион тоннадан астам өнім алу көзделген. Ең бастысы мемлекеттік қаржы институттарының қолдауымен 7 ірі тауарлы сүт фермасы салынуда. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Жалпы, облыс экономикасына 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Сондай-ақ аймақ басшысы елдің тұрмыс жағдайын жақсарту, кәсіп игеруіне мүмкіндік беру, жұмыссыздықты жою бағытында қолға алынып отырған ауқымды шараларға да арнайы тоқталды. Мәселен, қазіргі кезде ел еңсесін тіктеуге ықпал етер 187 жобаны жүзеге асыруға қадам жасалуда. Олардың аясында 1,7 мың жұмыс орны ашылмақ. Облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру мақсатында Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймақ құрылды. Әлеуетті инвесторларды тарту және оларға «бір терезе» қағидасы бойынша қолдау көрсету үшін елордада Aqmola invest инвестицияларды дамыту орталығы ашылды. Марат Ахметжанов Президентке су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарды қолдау шараларының орындалу барысы жөнінде де мәлімет берді. Расында, төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталған іс-шаралардың қарқыны жоғары. Айталық тасқын су кезінде бүлінген 711 үй бүгінде толық жөндеуден өткен. Сонымен қатар 331 үйдің құрылысы жүріп жатыр, 221 тұрғын үй сатып алынған. Осы аралықта қолдау күткен 1782 отбасыға бір реттік көмек берілген. Бұдан бөлек, 814 отбасының мүлкіне келген залалдың өтелгенін де айта кету керек. Бұл төтенше жағдай баршамызға сабақ болғаны рас. Оқыс оқиға қайталанбас үшін аймақ басшысының бастамасымен Жабай және Қылшақты өзендерінің арналары тазартылып, айналма каналдар салынуда. Сонымен қатар, жағалауларды нығайту жұмыстары да қолға алынған. Қабылдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың жылыту маусымына дайындығы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және облыс орталығын абаттандыру жағдайы туралы баяндалды. Айталық, Көкшетау қаласының тұрғын үй қорын жаңғырту және жаңарту үшін 150 ескі үйді бұзу, сондай-ақ 32 көппәтерлі үй салу жоспарланған. Биыл 2 мыңнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарады. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында жалпы ұзындығы 26,4 шақырым болатын жылу желісі жөнделіп жатыр. Бұл желілердің тозу деңгейін орта есеппен 4,2 пайыз төмендетуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы аяқталады. Оның төртеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 43 мың тұрғынға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Кездесу соңында Президент Ақмола облысының стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы өңірдің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынына назар аударып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, соның ішінде егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы атқару маңызды екенін атап өтті.

Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Полицейлер бейнебақылау камералары арқылы 70-ке жуық құқық бұзушылықты анықтады

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында...

Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін Грузия арқылы әлемдік нарыққа шығармақ

Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерінің экспорт географиясын кеңейтіп, Грузия арқылы...

СЛУЖБА ПРОБАЦИИ: ВТОРОЙ ШАНС ПОД КОНТРОЛЕМ ЗАКОНА

Контроль без изоляции Суть пробации заключается в том, что осуждённый...

Переломить тревожную динамику

В КАЗАХСТАНЕ СНОВА ЗАФИКСИРОВАН РОСТ ДЕТСКИХ СУИЦИДОВ ПОЧТИ НА...