Көбіміздің санамызда Кеңес үкіметі тұсында елде тыныштық пен тұрақтылық орнаған деген пікір қалыптасқан. Расымен, сол кезеңдері тапшылық табы сезілгенімен, қарапайым жандардың жалақысы біркелкі еді. Бәріміздің мерекелік жиындарда міндетті түрде мадақ плакаттары мен ұрандар жапсырылған жалынды сөздер көтеріп жүруімізге тура келді. Коммунистік партияның бізге деген қамқорлығы жырға қосылып, бөбектер санасына құйыла берді. Керісінше, сол кездері жұмыссыздық атымен жоқ болатын. Түн жарымына дейін қала тұрғындары көшелерде еркін қыдырыстап, серуен құратын. Үй мен пәтерлер есігін бөгде біреу қаға қалса, қорықпастан есік ашатын дәуір білінбестен өте берді. Дегенмен, сол кездердің де өзінің қиындығы болатын. Қазіргіден айырмашылығы, Кеңес заманы тұсында қаралы оқиғалар көпшілікке жете қоймайтын еді. Қатыгездікті бүркемелеп ұстап, жамандықты сыртқа білдірмеуді әдет еткен саясаттың арқасында қарапайым халық қанды қылмыстардан тыс өмір сүрді. Бірақ, ол заманда да қорқаулар болды. Ол кезде де біреудің есебінен жағдайын бүтіндеп, біреудің аяғынан шалғысы келетіндер, нақақтан қан төгуден, жазықсыздың көз жасынан қорықпайтындар өмір сүрді. Тек билік жағымсыз хабардан қоғамды қымтап ұстады.
Дәрменсіз
1972 жылдың наурыз айы болатын. Павлодар облысына қарасты Ермак қаласының жергілікті милициясына белгісіз ер адамның зорлығына ұшыраған 8 жастағы қыздың анасы шағым айта келді. Осы оқиғадан хабардар болған із кесушілердің ізденісінен көпке дейін ешқандай нәтиже шықпады. Ауыр қылмыстың куәгерлерін табу да мүмкін болмады. Әрі, қатты қорқып қалған жас қыз өзіне шабуылдаған «ағайдың» түр-түсін сипаттап бере алмаған. Милицияның барлық бөлімдерінде аудандағы бұрын сотты болғандармен жүргізілген тексеру амалдары мардымды ешбір жаңалық әкеле қойған жоқ. Олардың арасында әйел, қыз зорлағандар жоққа тән болатын. Осылайша алдыдан кездескен қиындықтарға байланысты ауыр қылмыстық іс көпке дейін кібіртіктеп қалған еді.
Бірақ, мынадай қылмыс орын алған соң қол қусырып отыруға болмайды. Сондықтан, қалаға жақын орналасқан елді мекендер де тексеру мен бақылауға алынды. Бір апта өтер-өтпестен аудандық бөлімге тағы да бір зорланған жас қыздың анасының келуі істі тіпті ушықтыра түскен. Қылмыс «сценарийі» алдыңғы қылмыстың жолымен сәйкес келіп тұр. Елсіз мекенге апару… «әлдебір қызық көрсетем» деген сылтау…Онан арғысы белгілі.
Бес күн өтпей жатып тағы да бір шағым… Осы оқиғаны жергілікті милиция басшылығы қанша күш салып жасырын ұстауға тырысқанымен, зорлықшының «көп сериялы қылмыстары» туралы хабар бүкіл қаланы шарлап кете барды. Мына жағдайдан кейін Ермак қаласы аса күшейтілген тәртіпке көшеді. Қанша тыйым салынса да кешкілік тұрғындар өзара бас қосып, осы тақырыпты қаужайтын. Көпшілігі кішкентай қыздарын ерте жарықта мектеп ауласынан өздері күтіп алып, үйге алып қайтатын болды. Қала милициясы дәрменсіз күйде қалды. Олар күткендей, маньяк қателік жібермеді. Жедел топ қанша тырысса да бірнеше сериялы зорлау оқиғасынан соң жәбірленуші қыздардан құнды ақпарат жинай алмаған. Тек естігендері: «Зорлықшының жас жігіт екені, шашының қысқа қырқылғаны». Бар болғаны осы. Күдіктінің бет-әлпетінен айрықша белгілер байқамаған. Не тыртық немесе мең болмағаны тәжірибелі із кесушілердің өздерін әбден састырды.
Қыз зорлау оқиғасының уақыты да біркелкі емес. Егер бұл жерден бір ілік шықса қылмыстың жасалу уақыты арқылы қылмыскердің кім екенін, немен айналысатынын анықтауға болар еді. Қылмыскер-маньяк болса, тәуліктің түс мезгілі болсын, ақшамда болсын тайраңдауын тоқтатпайды.
Келесі қыз зорлау оқиғасы тіркелген соң Ермакта дүрбелең туды. Іс насырға шапты. Тіпті, ата-аналар балаларын мектеп, бала-бақшаларға жібермей, өздері жұмысқа шығудан бас тартты. «Көтеріліс» 4 жастағы Надяның зорланып, буындырылып өлтіріліп, мәйіті автостанция дәретханасынан табылған соң басталды. Сол күні Ермакқа Алматыдан ІІМ-нің күшейтілген жедел тобы аттанып кеткен болатын.
Қосымша күш
«Мәселе былай, – деді жедел топтың жетекшісі. Ертең ертемен аттанамыз. Жергілікті құқық қорғаушылар қолдан келгенше көмек береді. Бірден айтайын, біз өз бетімізше жұмыс жасаймыз. Біз қолға алған операцияға жергілікті милицияны араластырмауымыз керек. Қандайда бір жіптің ұшы қолға іліксе дереу маған баяндаңдар! Ешқандай идеяны, болжамды, сұрақты жергілікті әріптестерге ұсынуға болмайды! Мұның бәріне тыйым саламын, әрі істі өз мойныма аламын! Жергіліктілердің әлі күнге түк бітіре алмауы неге екенін, маған ұнап отырған жоқ…» деп шорт кетті.
– Сіздіңше, істі жылдам ашуға мүмкіндігіміз бар ма? – деп қалды топтағы ең жас қызметкер.
– Аға лейтенант, бұл біздің міндетіміз. Әлде сіздің күмәніңіз бар ма? – деп, топ жетекшісі сұраққа сұрақпен жауап қайырды. Бөтен аймақтағы жұмыс төркіні «бұдан да жаманы болған, бірақ сирек…» деген ойды қозғады.
Бір жағынан тәжірибелі із кесуші пессимистік пиғылға негіз бергісі келген жоқ. Ал, жергілікті милиция мамандары шағын қалашықтағы отбасылық жанжал, пәтер ұрлығы, арақтың кесірінен болған өлімді ашуға машықтанып алған. Табан астынан «жыныстық қатынас маньягі» пайда бола кеткені олар үшін күтпеген қонақ келгенмен бірдей еді. Бір сөзбен айтқанда, олар не істерлерін білмеді. Қатты дағдарды.
Ішкі істер министрлігінен келген әбжіл мамандар ақылдасып отыр. «Жергілікті маньяк өз іс-әрекетіне дұрыс есеп беретін дені сау адам тәрізді. Себебі, оқиға орнына күмән туғызатын бірде-бір зат қалдырмаған. Оның үстіне, «іске» аса құлшыныспен келеді. Тек басындағы бір ғана «ауытқуы» – мектеп жасындағы қыздарға тіреле бергені. Ермактың ой-шұңқырын білуіне қарағанда жергілікті болуы да мүмкін. Ол әзірге қалада. Жігіттер, сеніңдер, біз оны ұстаймыз!» деген қорытындыға табан тіреген «командировкаға келгендер» іске құлшына кірісіп кетті.
Жорамал
Жедел топ қауіпті қылмыскерді тұтқындау үшін ең негізгі жорамалды алға тартты. Егер ол негізсіз болып шықса, екінші кезектегі жұмыс іске қосылады. Екі топ бойынша жұмыс жүргізген алматылық із кесушілер күрделі жағдайға орай бірден төрт болжамды бетке ұстап қызу іске кірісті. Жедел топ жетекшісінің ұсынуымен үшінші «еркін іздеу» тобы жасақталды. Олар азаматтардың әйел, қыз зорлау тұрғысында шалған қоңырауларын зерттеп, болмаған оқиғаның өзін тексеруге дейін барды.
Жедел топ уәкілдері әрбір ақпарат пен шағын детальдың өзін жіті қадағалап отырды. Екі тәуліктен соң жедел топтың жетекшісіне «қылмыс картинасы» көмескіленіп көріне бастағандай болды. Ермакқа барлаушылар келді. Олардың келіп жеткені туралы жергілікті милиция хабарсыз болатын. Себебі белгілі. Ермактық милициядан ақпараттық саңылау кетуі мүмкін деген күмән да барлау қызметіне серпін берген еді. Алматыдан келген милиция қызметкерлерінің бастамасымен Ермакта азанғы 6-дан түнгі 12-ге дейін тәуліктік кезекшілік тынымсыз жұмыстар жүргізді. Күшейтілген көше патрульдері аяқтарынан тік тұрды. Іздеу жұмыстарының жалғасы екі аптаға дейін созылған болатын.
Осы мерзім ішінде Алматыдан жеткен із кесушілер он беске жуық жыныстық қатынас түрінде жасалған аса ауыр қылмыстарды ашып үлгерген еді. Осындай ауыр қылмыстар қатарында 40 жастағы азаматтың 8 жастағы қызбен бірге көңілдестік жасап тұрғаны анықталды. Қара сақалды азаматтың өзі партия мүшесі, «танымал» адам болған. Із кесушілер оны жергіліктілердің «үлесіне» қалдырып, өздері шешілуі жақын қалған «түйінді» ағытуға ұмтыла берді. Алайда, олардың көкейіндегі «неліктен жергілікті қылмысты іздестіру қызметкерлері атышулы маньяктан көз жазып қалып отырған? Қылмыстың жылдам ашылмағаны қалай?» – деген сауал көпке дейін жауабын таппаған-ды.
Бұл сауалдың шешімі кейін белгілі болды. Белгілі бір генерал ағамыз айтқандай: «Біріншіден, сол кездегі қоғамның «сағымды» көзқарасы. Олай дейтініміз, бұл кезде бізде ондай «құбылыс» болуы мүмкін емес деген жаңсақ ұғым мықтап орнаған еді. Екіншіден, әлі күнге дейін әр аймақта орын алып отырған «кландық жүйе» әсер етсе керек.
Осы бір атышулы қылмыс турасында әңгіме қозғала қалған жағдайда сол кездегі капитан, майор шеніндегі бүгінгі генералдар қылмысты ашудың тәсілі мен амалы жөнінде тіс жармауды жөн көретін. Зорлықшы қандай тәсілмен қолға түсті деген сауалға олар мардымды ештеңе дей алмады. Басы ашық бір нәрсе – ол жас қыздарға қырғидай тиген жанның әйтеуір қолға түсуі. Кәсіби мамандар шоғырынан тұратын із кесушілер екі тәуліктен соң Макаров дегеннің ізіне түсті. Басшылардың бұйрығы бойынша оны біразға дейін қолға түсірмеу тапсырылды. Кезекті құрбанына беттеген оның қылмысын нақты дәлелдермен мойнына қою міндеті жүктелген болатын. Алайда, бір қауіпті сезгендей кезекті қылмысына беттей қоймаған оны жедел топ мекен-жайын анықтау арқылы қолға түсіруге мәжбүр болған. Құқық қорғаушылардың тінту жұмыстары біраз айғақтарды алдыға жарқыратып тастады. Зорлықшы тұрған пәтерден қыздардың аяқ-қолын матаған жіп, арқан, орамал, вазелин сынды біраз заттар табылды. Кішкентай қыздарды зорлаумен жүрген арсыздың жасы жиырма екіде болып шықты. Аса жиіркенішті қалып танытпайтын оның сыртқы келбетінен бұрын сотты болғанын айыру қиын еді. Бұзақылық үшін сотты болған Макаров түрмеден босап шығысымен кішкентай балаларға деген «махаббаты» оянғанын аңғарған.
Тергеу
Тергеу ісі жылдам әрі қатал жүргізілді. Осындай жұмыстар барысында қылмыскер «ауруға» шалдықпас бұрын мысықты зорлағанын қымсынбастан айтып салды. Жап-жас қыздардың «ағатайлаған» жалынышты дауыстарына тас жүрегі дір етпеген қатыгез маньяк соңғы құрбаны төрт жастағы Надяны өз үйінің жертөлесінде білгенін істеп, буындырып өлтіріп, үлкен қол сөмкеге салып, қаладағы автостанция дәретханасына апарып тастаған. Ермак қаласын аяғынан тік тұрғызған да осы оқиға.
Тергеу барысында белгілі болғаны Макаров тіпті қаладан кету мақсатымен поезға билет алып, чемоданын жинап отырған екен. Алда-жалда қылмыскер ретінде күдікке іліксем құтылуға қажет болар деген оймен тапаншасын тығып жүрген. Кейінірек, өзінің айтуынша, жайдан-жай «менттарға» беріле салғысы келмеген. Ақыры өлетінін сезсе соңғы демі қалғанша қарсыласуға бекіген. Көп ұзамай адамдықтан безген хайуанды милиция қызметкерлері қала көшелерімен алып өтті. Өйткені, халық қылмыскердің қолға түскенін, енді балаларға алаңдамаса да болатынын білуі, соған көз жеткізуі тиіс.
Оқиға болған жерге беттеген сәтте сырттан бақылап тұрған жұрт оны түтіп жеуге даяр еді. Әсіресе, әйелдер тұра ұмтылып, жауызды «жыртуға» құлықты болған. Соттық-медициналық сарапшылардың анықтауымен Макаровқа жүйке-жүйесі сау, дені дұрыс деген анықтама берілді. Өзімен бірге отты қару алып жүруі оның ақыл-есінің қалыпты екенін айғақтағандай. Қылмыскер өзінің іс-әрекетінде адамдықтан шыққан жиіркенішті құбылыс бұғып жатқанын өте жақсы біле тұра, осындай қылмысқа саналы түрде беттеген. Сондай қадамға барған ол қылмыс болған жерден ізін жасырып отыруды мықтап жадына түйген. Тергеу түпкілікті аяқталып, іс шұғыл сотқа жіберілген соң көп ұзамай милицияға жағымсыз хабар келіп жетті. Макаровтың жасаған ауыр қылмыстары үшін ату жазасына мүлдем басқа адам кесілген екен. Сот үкімінен соң оны өлім жазасына кесілгендер абақтысына жапқан. Бейшара өзінің «ақырғы сағаттарын» күтіп отырған сәтте бұл іске облыс прокуроры қайта араласып, істі қайта қарауын талап етеді. «Ақталған» азаматтың әлдебір жас қызды зорлағаны расталып, ол өзінің заңды бес жылын өтеуге жіберіледі. Жергілікті сақшылар халықтың назасынан қорқып, бір рет қылмыс жасаған адамға ашылмаған біраз істі «іліп» жіберген сыңайлы. Бірақ, өзі жасаған қылмысын амалсыз мойындап, ажал соғар сәтті күтіп отырған оған министрліктен келген қырағы топтың көмегі тиді.
Ал, Макаров болса, қанша жерден заңды белден басуға ұмтылғанымен, өзінің өлім сағатының соңғы минуттары соққанын бағамдаған болатын. Дәрменсіз бүлдіршіндердің жылағанына селт етпеген ол өзіне үкім оқыларда жазаны жеңілдетудің барлық амалын жасап бақты. Тек қан жібермейтінін, сәбилер көз жасының ескерусіз қалмайтынын кеш түсінді. Өлім жазасына кесілген Макаров үкімнің орындалуына жетпеді. Белгісіз жағдайда «өзіне-өзі» қол салған оның әрекетін жанында отырған қылмыскерлер де түсіндіріп бере алмады.
Осы сұмдық жағдай тарих беттеріндегі ең бір масқара оқиғаның бірі болып қалғанымен, мұндай аяусыздық, арсыздықтың жалғасы осы күнде де төбе көрсетіп қалып жүр. Адамзаттың жұмбақ мінездері қалтарысында бұққан «айрықшы ауытқуларды» жете зерттей алмай немесе тиісінше емдей алмай дал болуымыздың сырын ешкім әлі ашып айтқан жоқ.
Арман ЖУСАНБАЙ