ПАТРИОТИЗМ, ТӘРТІП ЖӘНЕ АР-НАМЫС – ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің сақталуы, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы ең алдымен полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне, жауапкершілігіне және адамгершілік ұстанымдарына байланысты. Сондықтан бүгінгі күні құқық қорғау органдары үшін тек білікті маман даярлау ғана емес, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын, антына адал, ар-намысты биік ұстайтын тұлға тәрбиелеу де басты міндеттердің біріне айналып отыр.
Осы мақсатта Алматы қаласы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастамасымен Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында «Патриотизм, тәртіп және ар-намыс – полиция қызметкерлерінің жаңа буынының негізі» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараға академия курсанттары, профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері және полиция органдарының тәжірибелі қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында жас буын полицейлерді тәрбиелеудің өзекті мәселелері, қызметтік тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, офицерлік ар-намыс пен кәсіби этика қағидаттарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінде қоғам полиция қызметкерлеріне бұрынғыдан да жоғары талап қояды. Азаматтар тәртіп сақшыларынан заңды жетік білуді ғана емес, әділдік, ашықтық, мәдениеттілік және адам тағдырына бейжай қарамауды күтеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінде кәсіби дайындықпен қатар моральдық-психологиялық тәрбиенің де маңызы артып келеді.
Кездесу барысында Алматы қаласы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Әділет Кабдрахманов, сондай-ақ Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Руслан Өтегенов сөз сөйлеп, курсанттармен өзінің қызметтік тәжірибесімен бөлісті. Ол құқық қорғау органдарындағы қызмет үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, офицерлік ар-намысты сақтау, азаматтардың сенімін ақтау және әрбір қызметтік шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау қажеттігіне тоқталды.
– Полиция қызметкерінің басты капиталы – халықтың сенімі. Бұл сенім бір күнде қалыптаспайды, ол күнделікті адал еңбекпен, кәсіби әрекетпен және заңға деген құрметпен орнығады, – деді өз сөзінде Әділет Кабдрахманов .
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары цифрлық технологиялардың дамуы, ақпараттық кеңістіктің өзгеруі және қоғамдық сұраныстың артуы сияқты жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Мұндай жағдайда полиция қызметкері құқықтық сауатты ғана емес, жан-жақты ойлай алатын, сындарлы шешім қабылдайтын, қоғаммен тиімді қарым-қатынас орната білетін тұлға болуы қажет.
Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында құқық қорғау жүйесін жаңғырту, «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамның басты құндылығына айналдыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жас буын полиция қызметкерлерінің рөлі айрықша.
Алматы академиясында курсанттарды тәрбиелеу жұмыстары тек аудиториялық сабақтармен шектелмейді. Болашақ офицерлер қоғамдық, мәдени және патриоттық іс-шараларға белсенді қатысып, еріктілік жобаларға атсалысады, тарихи-танымдық кездесулер мен тәрбиелік мәні зор шараларға тұрақты түрде жұмылдырылады. Мұның барлығы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, елге қызмет ету жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Курсанттар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қызметтік тәртіп, кәсіби этика, мансап жолындағы қиындықтар мен оларды еңсеру тәжірибесі жөнінде пікір алмасты. Мұндай кездесулер жас қызметкерлердің құқық қорғау саласына деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың таңдаған мамандығына деген жауапкершілігін де күшейтеді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар патриотизм, тәртіп және ар-намыс ұғымдары полиция қызметкері үшін жай сөз емес, күнделікті қызметтің негізгі қағидаттары екенін атап өтті. Себебі ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет ететін әрбір полицей өз кәсібінің мәртебесін биік ұстап, халық сеніміне лайық болуы тиіс.
Қай кезеңде болмасын мемлекет қауіпсіздігінің кепілі – өз ісіне адал, тәртібі берік, рухы мықты мамандар. Сондықтан патриоттық тәрбие мен кәсіби құндылықтарды нығайтуға бағытталған мұндай кездесулер болашақ офицерлерді тәрбиелеуде маңызды рөл атқара береді.
Г.МАҒЗҰМОВА

Казахский тазы триумфально представлен на World Dog Show 2026 в Болонье

В Болонье завершилось историческое для Казахстана участие казахского тазы...

Заң және тәртіп:Сот аппараты қызметкерлерінің кәсібилігі – сот төрелігі сапасының кепілі

Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025...

Кассациялық сот – әділ сот төрелігінің жаңа кезеңі

Құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығы...