Бүгінгі қоғамда патриотизм ұғымы түрлі мағынада қолданылып жүр. Бірі оны әскери борышпен байланыстырады, енді бірі тарихи жадымен, үшіншісі мемлекеттік рәміздерге құрметпен өлшейді. Анығында, патриотизм тек ұран емес, әрекет. Ол туған елге адал қызмет ету, елдің бүгіні мен болашағына бейжай қарамау, тұрақтылық пен бірлікке үлес қосу.
Мемлекеттік рəміздер патриотизмнің көрнекі белгісі. Əнұран шырқалғанда орнынан тұрмау, Туға немқұрайлы қарау бұл əрекеттердің астарында тəрбиенің, азаматтық сананың əлсіздігі жатыр. 2024 жылы Тараз қаласындағы бір мектепте оқушының Туға құрметсіздік жасағаны қоғамда кең талқыға түсті. Мектеп ұжымы мен ата-аналар кеңесі бұл мəселені ашық көтеріп, арнайы тəрбие сағаттары өткізілді. Бұл оқиға білім беру жүйесіне мемлекеттік рəміздерге қатысты сабақ берудің жаңаша жолын іздеуді талап етті. Саясаттанушы Мұрат Дастанұлы бұл ретте патриотизм тек міндет пен тəртіппен шектелмеуі керек, «Бізге саналы патриотизм керек. Жастар Туға неге құрмет көрсету керектігін түсініп өсуі керек. Ұрпағымыз елдің рəміздерін ұстаған кезде мақтаныш сезімін сезінуі тиіс» – дейді. Мемлекет тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл сайын 4 маусым – Мемлекеттік рəміздер күні қарсаңында барлық мектептерде арнайы іс-шаралар өткізіледі. Əнұранды жатқа айту, Тудың шығу тарихын білу, Елтаңбадағы таңбалардың мəнін ұғыну – бұл шаралар патриоттық сезімді тереңдетуге бағытталған. Отансүйгіштік ұғымы тек рəміздерге құрметпен шектелмейді. Ауылын, мектебін, айналасын таза ұстаған адам да – патриот. Қоғамда бірлік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіретін əрекеттерге жол бермеу, құқыққа құрметпен қарау да осы ұғым аясында қарастырылады. Жастар арасында жүргізілген сауалнама нəтижесі бойынша, олардың 70 пайызы патриотизмді ата-анасынан үйренгенін айтқан. Демек, патриоттық тəрбие – ең алдымен отбасынан басталады. Мектеп пен қоғам бұл процесті толықтырып отыруы тиіс. Бізге бүгін керек нəрсе – ұрандатқан емес, ұлтына адал қызмет ететін ұрпақ тəрбиелеу. Ол үшін əр бала туған елінің тарихын, рəміздерін, құндылықтарын біліп өсуі қажет. Патриотизм ертеңгі күннің кепілі.
Самал АСҚАР