Семинарға Партиялық емес байқаушылар орталығы филиалдарының төрағалары мен байқаушылары қатысты.
Қазіргі уақытта байқаушылар санын аймақтар бойынша нақтылау, тренингтер өткізу, оларға материалдар әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов: «Ата-заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап береді. Біздің мақсатымыз — 5 маусым күні өтетін референдумды, оның ішінде сайлау учаскелерінде байқау мен мониторинг жүргізуге қатысу. Оның айқын, әділ өтуін қамтамасыз ету үшін партиялық емес байқаушылар да үлкен роль атқарады. Ол үшін байқаушылар өздерінің құқықтары мен міндеттерін және заңнаманы білуі тиіс. Қазір байқаушылар арнайы оқытудан өтіп, білімін шыңдауда» деп атап өтті.
Семинарға қатысушылар байқаушылардың функциялары мен міндеттерін, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерін талқылады.
Сондай-ақ байқаушылар сайлау органдарының құзыреті, дауыс беру күні сайлау комиссиясының қызметін ұйымдастыру, қоғамдық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың жұмыс істеу қағидаттары сынды мәселелерді қарады.
Осы бағытта қатысушыларға сайлау бойынша тәжірибесі жетік маман, Орталық сайлау комиссиясының экс-мүшесі Серік Сыдықов «Республикалық референдумдағы байқаушылардың өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері» тақырыбында дәріс берді.
Спикер ҚР заңдарында белгіленген байқаушылардың құқықтары мен міндеттерінің негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктерін толығырақ баяндады.
«Референдумда байқаушылардың рөлі өте маңызды. Байқаушылар процесті объективті түрде қадағалап, әділ және адал өткізуге ықпал ету. Байқаушының негізгі функциясы дауыс беруге, сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындыларын белгілеуге қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қадағалау болып табылады»,-деді Серік Сыдықов. Семинарда референдумға дайындық барысын талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.