Парентеральды вирустық гепатиттер — бұл зақымдалған тері және шырышты қабаттар арқылы адам ағзасына енетін вирустар тудыратын бауырдың қабыну аурулары. Инфекция ластанған қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен байланысты болған кезде пайда болады. Өте жиі кездесетін парентеральды вирустық гепатиттер: В гепатиті (HBV), С гепатиті (HCV), D гепатиті (HDV).
Инфеция көздері — жедел және созылмалы гепатитпен ауыратын науқастар немесе клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылары. Негізгі берілу жолдары: парентеральды жол, ластанған қан мен биологиялық сұйықтықтар арқылы, инфекциялық есірткіні тұтыну, медициналық процедураларды, хиджама, тауировка, пирсинг, маникюр, педикюрды жасау кезінде зарарсыздандырылмаған медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдарды қолдану, қорғаныссыз немесе кездейсоқ жыныстық қатынаста болу, вертикальды берілу жолы — босану кезінде анадан балаға, қан мен оның компоненттерін құю кезінде, сондай-ақ науқаспен ортақ қолданылатын жеке гигиена заттарын (ұстара, маникюр құралдары, сүлгі және тағы басқалары) пайдалану арқылы жұғады.
Парентеральды вирустық гепатиттің клиникалық көріністері айқын болуы мүмкін, бірақ көбінесе байқалмайтын немесе симптомсыз өтеді. Инкубациялық кезең (инфекция жұқтырған сәттен бастап алғашқы клиникалық көріністерге дейінгі кезең) 6 аптадан 6 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде вирус көбейеді. Содан кейін сарғаюға дейінгі кезең (4-10 күн) басталады, ол жалпы жағдайының нашарлауымен, әлсіздік сезімімен, жүрек айну және құсу сияқты белгілермен бірге жүреді. Бауыр мен көкбауыр біртіндеп ұлғаяды, терінің қышуы пайда болады, зәр мен нәжістің түсі өзгереді. Содан кейін сарғаю кезеңі басталады, ол 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Вирус адам ағзасында ондаған жылдар бойы сақталады және біртіндеп бауырды бұзады, бұл циррозға немесе бауыр ісігіне әкелуі мүмкін.
2025 жылдың 9 айында Алматы қаласында жіті вирусты В гепатитінің 2 жағдайы және жіті вирусты С гепатитінің 3 жағдайы тіркелген. ЖВГВ — ның 100 мың тұрғынына шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші — 0,09 және ЖВГС сырқаттанушылық көрсеткіші — 0,13-ті құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖВГВ-мен сырқаттанушылықтың 2,4 есеге төмендегені және ЖВГС-мен сырқаттанушылықтың 2 жағдайға өсуі байқалады.
ЖВГВ және ЖВГС ауруының құрылымында ересек тұрғындар басым, олардың үлес салмағы 80% құрайды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖВГС-тің 1 жағдайы тіркелді (вертикальды жолмен). Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда СВГВ-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 3,7 есеге, СВГС-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 3,8 есеге төмендеді.
Алғаш рет анықталған созылмалы В және С вирустық гепатиттері жұмыс істемейтін адамдар арасында басым, олардың үлес салмағы — 48,7% және зейнеткерлер – 17,0%, әр түрлі саладағы қызметкерлер – 15,8%, өзін — өзі жұмыспен қамтығандар — 14,6%, студенттер — 2,4%, ұйымдастырылмаған – 1,2%. Науқастардан алынған сауалнама бойынша науқастардың 39,5% — әртүрлі қызмет түрлерін алған (татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр), 24,6% — қорғансыз жыныстық қатынасқа түскен, 20,9% — стоматологиялық қызметтер алған, 5,1% — есірткі заттарын қолданған, 0,2% — вертикальды жолмен берілген.
Негізгі алдын алу шаралары. Вакцинация — вирустық В гепатитінің алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі, басқа түрлері үшін (мысалы, С және Д гепатиті) вакциналар әлі жоқ. «В» вирустық гепатитінің жіті түрін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жоқ екенін есте ұстаған жөн. Тек денсаулықты демеу үшін терапия ұсынылады.
«В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинация 1 жасқа дейінгі балаларға арналған 3 вакцинациядан тұрады. Сонымен қатар, бала бірінші дозаны туған күнінде бірден алуы керек. Келесі 2 вакцинаны балалар туған күнінен бастап 2 және 4 айында алады.
ВГВ-ге қарсы вакцинация қауіпті топтағы адамдарға, яғни денсаулық сақтау қызметкерлері, көптеген жыныстық серіктестері бар адамдар, нашақорлар және гемодиализ алатын науқастарға ұсынылады.
Парентеральды вирустық гепатиттердің (В, С, Д) алдын алу үшін қарапайым шараларды сақтау қажет:
— жеке гигиеналық құралдарды (қырыну, маникюр және педикюр құралдары, сүлгілер, тіс щеткалары) пайдалану;
— косметикалық процедураларды (татуировки, пирсинг, маникюр, педикюр) тек арнайы рұқсаты бар мекемелерде жасату;
— жыныстық берілу жолының алдын алу үшін қорғану құралдарын (презервативтер) пайдалану;
— медициналық құралдар мен жабдықтардың стерильдеу режимін сақтау, тиісті қызметтер көрсетуге рұқсаты бар және мамандары бір рет қолданылатын немесе зарарсыздандырылған көп рет қолданылатын құралдарды пайдаланатын ұйымдарға жүгіну қажет;
— жүктілікті жоспарламас бұрын әйелдерге В және С гепатиті вирустарына тексеруден өту ұсынылады;
— есірткіден бас тарту.
Вакцинация және тұрақты түрде тексеруден өту — бұл аурулармен күресудің негізгі қадамдары. Ерте диагностика және сауатты емдеу цирроз және бауыр қатерлі ісігі сияқты аурулардың алдын алатынын есте ұстаған жөн.
Сіздің денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау және алдын алу шараларын сақтау өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды, әсіресе балаларды қорғауға көмектеседі!
Спикер – Алпысбайұлы Қасымхан
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы — Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері


