Алматы облысы Панфилов ауданында 4,6 млрд.теңгеге 19 нысанды, оның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 3 млрд. теңгеге 5 жобаны іске асыру көзделген. Мысалы, Жібек жолын дамыту жөніндегі халықаралық компания жылына 450 мың бірлік аяқ киім мен киім шығаратын кәсіпорын құрылысын бастады. «КАЗ-АКВА» кәсіпорны 300 тонна балық өнімдерін және «Арыстан и К» тәулігіне 25 тонна жүгері дәнін кептіретін өндірісті дамытуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов ауданының жүгері егістігі 26,7 мың гектар, яғни облыстағы егіс алқабының 28 пайызын құрап, жүгері өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Жаркент крахмал-сірне зауыты тәулігіне 300 тоннаға дейін жүгері дәнін терең өңдеп осы өнімнің 27 түрін шығарады. Бүгінде 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл ретте облыс әкімі өз орынбасары Ж.Тұяқов пен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысына аудан әкімімен бірлесіп, зауыттың қуатын арттыру шараларын қабылдап, «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесін шешуді тапсырды.
— Ауданның тағы бір әлеуеті – бағбандық екенін білеміз. Жазиралы Жаркент жеріндегі бақтар көлемі 2,5 мың гектарға жетіп, оның ішінде соңғы 5 жылда 223 гектарға бақ отырғызылғанынан да хабардармыз. Дегенмен осы өнімді өңдеу негізгі кемшілік болып саналады. Мысалы бір ғана «Жаркент Фрукт» ірі бағбандық шаруашылығының 1004 гектар қарқынды бағы бар болғанымен ауданда өңдеу кәсіпорындары жоқ. Сондықтан аудан әкімі өндірістер ашу үшін инвесторлар тартуы керек, — деді Қанат Бозымбаев.
Өз тілшіміз.
Алматы облысы.