Өмірде шалыс басып, сотталғандарды тәрбиелеу – түзеу мекемесінің негізгі міндеті.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған. Сотталғандардың отбасымен байланысын үзбеу мақсатында пайдалы іс-шаралар өткізіліп келеді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде, түзелу жолына түскендерде аз емес. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде мекеменің ішкі күн тәртіп ережелерін бұзбай, қоғамдық, мәдени іс-шараларға қатысып, оң мінезді болып танылған азаматтар ҚР ҚАК-нің 143-бабына сәйкес мекеме орналасқан елді мекен шегінде жалға алынған немесе меншікті тұрғын алаңында өз отбасымен тұруға құқылы. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесіндегі бірнеше сотталған отбасыларымен бірге тұрып жатыр. Олар мекеме бастығының қаулысымен белгіленген күндері айына төрт рет мекемеге тіркелу үшін келіп тұруға және сағат жиырма бірден жетіге дейін тұрғылықты жерінде болуға міндетті. Мекеме әкімшілігі сотталғандар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға тәуліктің кез келген уақытында барып, тексеруге құқылы.
Бүгін мекеме қызметкерлері отбасыларымен бірге тұрып жатқан сотталғандарға тексеру жұмыстарын жүргізді.
«Осы мекемеде 2018 жылдан бері жазамды өтеп жатырмын. Абайсызда жол –көлік оқиғасын жасап 7 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Отбасым Атырау қаласында тұратын. Балаларымның келіп-кетуі де қиындық тудыратын. Жуырда мекеме бастығының қаулысымен отбасыммен бірге тұруыма рұқсат беріліп, қазір отбасыммен Қызылорда қаласында тұрып жатырмын. Отбасының қасында болғанға ештеңе жетпейді екен. Мекеме қызметкерлері сотталғанның отбасымен байланысын үзбеуі үшін тәрбиелік, мәдени шараларды жиі өткізіп тұрады. Сондай шараларға өзім де белсене қатысатынмын. Мекеме қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін»,-дейді сотталған азамат.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД