Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасы Конституциясының 18- бабына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасы құпиясының сақталуына, ар-намысы мен абыройының қорғалуына кепілдік береді. Соған сәйкес, біздің тәуелсіз Республикамызда қылмыстық әлемнен, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаушыларымен күресуге аса назар аударылуда. Қазіргі уақытта күнделікті тіркеліп жатқан әкімшілік құқық бұзушылықтардың сан алуан түрлі болып келетіні де бүгінгі күннің жаңалығы емес, сондай – ақ оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың азаймауы тек сот билігі, құқық қорғау органдарын ғана емес, әрбір саналы азаматты ойландырмай қоймайтындығы белгілі. Осыған сәйкес, заңдылықтың қандай да бір бұзылғанына, құқық бұзушының ортаға, қоғамға қарсы жасаған әрбір заңсыз әрекетіне көз жұма қарауға болмайды.
Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық болып табылады. Әр азамат өз отбасын құрған кезде, ол осы жанұяның тыныштығы мен берекесіне, ата-анасына, жұбайына, бала-шағасына деген құрметпен қарап, оларды аялап өсіруге кепіл болуы қажет екенін білуіміз қажет. Қазіргі таңда отбасылық зорлық-зомбылық басылар емес, көбінесе отбасы болып саналатын азаматтар, спирттік ішімдігін ішіп, жанұяның тыныштығын бұзып, оларға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеп, қорлап тиiсіп, кемсiтіп, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiреді.
Көп жағдайда жанұя мүшелері осындай оқиғалар орын алған кезде, құқық қорғау органдарына хабарласпай отбасылық зорлық-зомбылыққа төзіп жүреді. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар жақын туыстар мен жекжаттар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, отбасының ересек және үлкен мүшелері, биологиялық ата-аналардың бірінің балалары мен жаңа серіктестері арасында және бір жынысты ерлі-зайыптылар арасында, асырап алушы ата-аналар мен балалар арасында-бір сөзбен айтқанда, кез келген отбасында орын алуы мүмкін.
Сондықтан құқық бұзушы мен жәбірленуші арасындағы қарым-қатынастың сипатына байланысты тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жіктеу қажет. Бұл критерий күнделікті өмірдегі зорлық-зомбылық әрекеттерін келесі заңсыз әрекеттерге бөлуге мүмкіндік береді:
- балаларға қатысты зорлық-зомбылық;
- бір жұбайдың (бірге тұратын адамның, серіктестің) екіншісіне қатысты зорлық-зомбылығы;
- балалары мен немерелері тарапынан қарт туыстарына қатысты зорлық-зомбылық;
- отбасының үлкен мүшелерінің кішілерге қатысты зорлық-зомбылығы;
- бірге тұратын немесе тұрған адамдар арасындағы, оның ішінде жынысына қарамастан зорлық-зомбылық.
Осы заң нормалары мен әдепке қайшы іс-әрекеттері үшін құқық бұзушы азаматтар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 73-бабымен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасына тартылуы мүмкін екенін түсінуі, ал жәбір шегушілер құқық қорғау органдарына тез арада хабарлауы қажет.
Ал егер, азамат қол жұмсап орта немесе ауыр дәрежедегі денсаулыққа зиян келтірсе, ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің нормаларына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Осыған орай, отбасының әрбір мүшесі өзінің үй ішіндегі болып жатқан зорлық-зомбылық жайында құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлап, құқық бұзушыға заңды шара қолданылса, мұндай жағдайлардың болашақта қайталанбауы үшін алдын алу жолы болары анық.
Зорлық-зомбылық адамдардың басқа адамдарға үстемдік пен басымдық етуге деген ұмтылысына, сондай-ақ өмірлік ресурстар үшін, соның ішінде билік үшін күреске негізделген. Зорлық-зомбылықтың салдары физикалық және психикалық жарақаттар болуы мүмкін (ұрып-соғу, жарақат алу, өлім, ауырсыну, қорқыныш, қайғы, қадір-қасиетті қорлау, стресс және т.б.) жатады.
Тұрмыстық құқық бұзушылықты талдау қылмыстың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдіктерді бірге ішкеннен кейін, жанжалдардың нәтижесінде, дұшпандық қарым-қатынасқа байланысты жасалатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда әйелдер, балалар мен қарттар зорлық-зомбылық объектілері болып табылатын отбасын криминализациялау процесі туралы айтуға болады.
Соңғы жылдары тұрмыстық ауыр қылмыстар жасаған адамдардың ішінде бұрын сотталған, қоғамдық пайдалы еңбекпен қамтылмаған ауылдық жерлер тұрғындарының үлесі ұлғайды.
Қылмыс жасаған кезде адамдардың көпшілігі, әдетте, масаң күйде болған. Бұл орайда әкімшілік жаза әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға заңмен белгіленген тәртіппен қолданылатын жауаптылық шарасы болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қазіргі таңда аудандық және мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттармен қаралады.
Егеменді, бейбітшілік елде өмір сүріп жатқан адал да еңбекқор азаматтарымызға өндірісте болсын, үйде болсын кішіпейілділік жарасымды, алайда арамызда отбасы – тұрмыстық қатынаста тәкапарлыққа бой ұрған жағдайлар кездесіп қалады. Нағыз, толық отбасылық қатынас теңдік, отбасы мүшелерінің бірін-бірі құрметтеуі, тұрмыста еңбек ынтымақтығы және өзара көмек, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі бірдей жауапкершілігі негізінде қалыптасады.
Отбасы — мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты сіңіретін тәрбие ошағы. Сондықтан әрбір адамзат адам баласының түп қазығы, алтын ұясы ол – отбасы екенін толық сезінуі қажет.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының
әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының судьясы
Пазылов Болат Сейітұлы


