12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ОҒЛАН

«Жасы 35-те. Денесі ірі, бұлшық еті толысқан. Өңі ақсары. Шашын үнемі тақырға жақын етіп алдырып жүреді. Подполковинк шені бар. Жаңатаста қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта болған. Бірақ, қазір еш дерексіз жоғалған. Орнын сипап қалғанымызға 7 ай. Жоғары білімді, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясын тәмамдаған. Бірге оқыған достарына әрдайым хабарласып тұратын. Осы 7 айда бірде-бір досына хабарласпаған…» Подполковник Абылай Қайсенов сасайын деді. Мына жігіт өзінен 5 жас кіші екен, жарайды. Суық теріңді шығаратын, ең бір түрлі дерек – оның өз қаласында Қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта болған. Дәл қазір өзі Таразда осындай басшылықта отыр. Есімі кім? Есімін көрмекші болды. Алақанының астынан қағазды ашып еді, Абылай екен. Жүрегі аяқ астынан атқақтап кетті, бірақ кәсіби ұстамдылығының, тәжірибесінің арқасында лезде тынышталғандай. – Жас кезінде спортпен кәсіби түрде шұғылданған ба? Осындай сұрақ келді ойына. Тхэквондодан республикалық чемпионатта топ жарып, 67 келі кезінде чемпион болған. О, сонда қалай? Қалай білмей жүргенбіз. Өзі болса грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер. Подполковинк шенінің буы бар, қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта отырғанының күші бар. Қызығушылығы мен қатысқан спорттық курстарының арқасы дейік, елде ғана емес, шет мемлекеттерде де спортшы таныстары көп. Спортпен әлі күнге тұрақты айналысып тұратындықтан, тхэквондоның тарланы туралы ақпаратты баяу оқып, «осы жігітпен неге ерте таныс болмағам» деген өкініші кеудесін осып өтті. Иә-ә, мен де қанжығама талай жарыстың орденін байлаған едім. ІІМ қызметкерлері арасында өткізілетін турнирлердің 6 мәрте жеңімпазы, 5-6 рет ілінушісі болдым. Оңай олжа емес. Дегенмен, әлі де машықтануым, салмағымды азайтуым керек. Қарнымда артық бүйрек сияқты бірдеңе пайда болыпты. Төмпештесең сайқымазақ еткендей дым ауырмайды. Әлде, жастайымнан спортта жетілген соң, артық ет қанша төпелесең де ауыра қоймайтын болып бұжырланып қалған ба? – Отбасымдағы 2 ұл, 1 қызыма амандық тілеймін! – деп бетін сипады. Мұнысын видеокамерадан басқа көріп тұрған адам жоқ. Видеокамераның арғы жағындағылар да бәрін қарап отырмай, телефон шұқылап отырған болуы керек. Анасына телефон шалды. Дың, дың… Қоңырау дыбысы үш рет қайталанған. – Анашым, амансыздар ма? – Аманбыз, балам. Тараз қалай? Бүгін сендерде жаңбыр жауады деп еді. – Жоқ, анашым, жаңбыр түгілі тамшы да жоқ. Әәә, енді байқадым, бір-біріне мінгескен 2-3 қара бұлт түйдектеліп бері ағызып келе жатыр… Дәл қазір Сарыкемердегі жолдастарымның үстінен қарап тұрған болар. Жаңбыр жарты сағаттан кейін келіп қалар… – Жақсы, балам. Ұйықтап алу керегін ұмытып кетпе. Подполковник иегін ұстап ойланып отырып, сәл тыныштықтан кейін IT саласында қызмет ететін үлкен ұлы Медғатқа қоңырау шалды. Амандасып, хал сұраудан кейін әке: – Универде оқып жатқан ініңе қарайласа алып жатсың ба? Алматы қалай? – деді сыр тартып. – Жақсы, әке, бәрі ойдағыдай. Алматыда күн жылы… Қасым екеуміз кеше түстен кейін бірге тамақтанғанбыз. – Сөйтіп бір-біріңе қорған болып жүріңдер, – деп мекіреніп қойды әке. – Айтпақшы, әке! – Айта бер. Не сұрайын деп ең? – Еркеназ қалай? – Сол, күнделікті сабағына барып жүр ғой. Бірнеше күннен кейін 9 сыныпты тәмамдаушыларға арналған кешке жүргізуші болам дей ме?! Анасы екеуі базарға мерекелік көйлек қарауға кеткен. – Әдемі көйлек тапсын. Анамның өзіне де қоңырау шалармын. Елді емдеймін деп жүре бермей, ол кісі де өзіне бір уақыт көңіл бөлсін! – Ең бастысы – денсаулық. Халыққа қызмет еткеннен қадірлісі жоқ. – «Жұмысқа жастар келіп жатыр» деп едіңіз. Сіздің қатал талап, көп жұмыс тапсыратыныңызға үйреніп қалды ма? – Э, балам, мен мейірімдімін ғой былай. Тек жұмысқа ғана қаталмын. Уақыт өте келе маған әбден үйренеді. Жастар емес, бұл жұмыстан біздің де үйренеріміз көп болып тұр ғой. – Жұмысыңыз жайлы айта бермейтін едіңіз. Әлде, IT-ға байланысты көмегім керек болып отыр ма, әке? – Бір іске басым қатып отырғаны. Сарысулық жігітті іздеп жатырмыз. Тхэквондодан республикалық жарыста топ жарып, кезінде чемпион болған. Қазір 35-те, жоғалғанына жарты жылдай болған. Соңғы рет таныстарының көз жазып қалған жері – Алматы. Мұстафа Өзтүріктің сенімді серігінің бірі. – Атақты Мұстафа Өзтүріктің бе? – Иә, солай. Таңғалатын несі бар. Ол қайда? Неге із-дерексіз? Табылған өлі адамдардың қатарында да емес. Осы күдікті іске, балам, көмегің керек. Республика бойынша барлық органға хабарласып, қонақ үй, емхана тіркеуі, құжат өткізетін орындардың ақпараттарын тексеріп, аталған орындарда оның қолтаңбасының қойылмағанына да тура сондай уақыт болды. 7 ай… Мұстафа Өзтүріктің белгісіз өлімінен кейін серігінің жоғалып кетуі нені білдіреді? Органдағы серіктестеріміздің де еш белгі таппағаны оның өлімінің серіктеріне байланысты бір ұшығын шығара ма? – Осылай ой қорытып, сарапқа салғаныңыз жақсы, әке. Дегенмен, мен қандай көмек керегін білмей тұрмын. – Қиын емес, – деді нығыздай сөйлеп, – Менің күмәнім көрші елдерде. Әдетте, бір іске шатылғандардың сыр ете түсетін бағыты – Қырғыз жері. Тілі бір, діні бір, мінездес. Арзаншылық та жоқ емес… Адамдарының ақ пейілі де талайға пана болуда. Өзбекстандағы қолайлылық та өзіне жаңа қонақтарды шақырады… Осы елдерге ресми сұрау жіберсек те, заңды орындардан біз іздеп отырған есім туралы тиянақты жауап келмей отыр. Мемлекеттік органдардың тізімінде көрсетіле бермейтін, ақылы жұмыс орындарының жеке мұрағатында ғана есімі сақталатын кісілер де баршылық. Сондықтан, осы елдердің ақпараттарын жасырын ұстайтын түрлі қызмет орындарының құпия ақпаратына саусақ басып, жанашырлары таппай қиналып отырған адамды тауып, жақындарымен тезірек қауыштыруға азаматтық үлесіңді қоссаң? – Әке, бұл хакерлік шабуылға саяды ғой. Жарайды, мен таптым делік. «Әкесі заң органының адамы бола тұра, жеке тұлғалардың қызметтік жүйесіне нұқсан келтірді» деп айыптамай ма? Сіздің басыңызға пәле тауып берермін. – Балам, осы істі аяғына шығармай болмайды. Көмектесе алмасаң Қырғызстанға, Өзбекстанға барып, жергілікті адамдардың көмегіне жүгінуіме тура келеді. Десе де, ақысын алған күнде де, алдап кетпесіне кепіл жоқ. – Балаңызбын ғой, бас тарта алмаймын. Қырғыз, өзбек жеріне шауып сандалмаңыз. Бар көмегімді жасайын. Әйтсе де… – Күмілжіме, балам. Артыңда әкең тұрғанда, арқа тұсың не үшін шымырлауы керек? Бір үлкен айып мойныңа жүктелсе, өз басыммен жауап берем. Бір отбасының сеніп отырған сеңгір көгін өз жанұясының мейрімді мамық бұлтына оралтсақ несі айып? Әкесі денсаулығы әлсіз адам. Өзі керең. Үй ішіндегілері оған естіртпей «Мұстафа Өзтүрікпен еріп шетелге тхэквондодан жаттықтырушы болуға кетті. Хабарласуы қолайсыз екен» деп алдап отыр. Анасы білдіріп алған сыңайлы. Жылай-жылай екі көзін су алуға таяпты. Оның үстіне, қарт кісі ести алмағанымен, телевизорда саңырауларға ымдап жеткізетін ақпараттан Мұстафа Өзтүріктің әлдеқашан 8 ай бұрын о дүниелік болғанын көріп, қатты қамығып жылапты. Енді бір үйдегі екі бәйтерек опырылмасын деп тілейік. – Түсініп тұрмын ғой, әке. Басыңызды бәйгеге тігіп тұрғаныңызды да білем. Мен қалайда көмектесейін. Өзіңізден осындай батылдықты үйрендім. Телефон тұтқасын ұстап тұрып үнсіз қалған полковник Қайсеновтің көзінен бір тамшы жас сырғып кетті. Екі күн өтті. Бастық кеңсесінде арқалықты орындықта қисалаңдап отырғанда, ұлы телефон шалды. – Әке, сіз сұраған мәліметтерді бірден айта берейін. – Айта ғой, – деді терісі қалың қабағы түйілген, басы кесек подполковник мұрты соншама қалыңдаған күйде, – жаза берейін бе? Қолыма қалам алып тұрмын, – деді ұйқылы-ояу адамның қыңыр қоңыр мәнеріне салып. – Мхм, – деп тамағын кенеп алды Медғат, – азамат Сатыбалдиевич… сізбен аттас Абылай мырза, 1960 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Тхэквондодан республикалық спорт шебері, Мұстафа Өзтүріктің шәкірті… – Әй, әй, балам, негізгісін айтшы, бұл мәліметі саған өзім бердім ғой. – Жә, қазір, әке. Бірер минутыңызды алғаныма ренжімеңізші. Бастық әке үндемеді. Екі шекесі бұдырайып тыңдап тұра берген. – Осы аталған азамат Өзбекстан бойынша еш жерде тіркелмеген. Ал, Қырғызстан бойынша… Бастық әке тұтқаны құлағына төсей түсіп, ақпаратты анық естуге ынтықты. – Қырғызстанда… Есімі бойынша еш жерде тіркелмеген, жеке кабинеттердің компьютерлік қалталарында да бұл кісінің аты жоқ… Есімі тіркелмегенмен, сіз берген фотосуретке сәйкестігі өте жоғары, ақсары, бойшаң, кесек азаматтың фотосы табылды. Әкесі қатқан күйі тыңдап тұра берді. Екі шекесі одан сайын бұдырая түскен. Тек тыңдап тұрғанын білдіру үшін «һім-хм» деп қояды. – Криминалистика бойынша үнемі оқып, ізденіп тұрасыз ғой, әке? Мұндай адам іргедегі елде тұрып, өз суреті жаңа құжаттарында жапсырылса да, неге өз аты-жөнін көрсетпеген? Тым құрыса, бір амалын тауып соншама көп таныстары мен туыстарының біреуіне хабарласуы керек еді ғой? – Балам, – деді қысқа үнсіздіктен кейін: – Аман болса болды. Мен оны әлдеқашан бұл әлемнен өткен шығар деп едім. Балам, рақмет. Енді жаңағы суреті қолданылған жұмыс орнының толық ақпаратын, адресін жібер. Қырғызстанға өзім шығам. – Басқа қызметкерлеріңізді де ертіп алмадыңыз ба? Ұсақ-түйек қиындық туындап қалмай ма? – Кейде істің ақ-қарасы айқындалғанша басқа өңірлерге жалғыз іссапарға шығуға тура келеді. Тәуекел! Өзім анықтап, сол жердің жанынан үй жалдап, толық көзімді жеткізіп барып өзімнен жоғары басшылыққа мәлімет берейін. – Қиналған адамға көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұратыныңыз маған дарымаса да, қарындасыма қатты берілген сияқты. Үнемі мейірім, жанашырлық, адалдық туралы бағдарламаларды іздеп тауып қарап отыратынын байқаймын. – Әумин! Қысқа қайырды да әкесі телефонды жапты. Ал, алдағы екі күн ішінде қырғыз топырағына аттанып кетуі керек. Ернін жымырып, бекінген іске бекем болғанын, болаттай екенін көрсете білді. Ал, кеңсенің қарайған терезесінің сыртынан ай туып келеді. Атыс қаруын жақсы меңгерген подполковник Абылай Қайсенов бүгін түстен кейін қаладағы Алау ату алаңына келіп, көк шалғын үстінде құлағына дыбыс тосатын құлаққап киіп, жүз метр жердегі қызыл көзді ақ шеңберді нысанаға алып демалып жүрді. Оғының көбі мүлт кетпесе де, мергендігін тоқтатып, кешке дейін енді қалған бос уақытында балық аулағанды қалады. Әйтсе де, Таластың бойына жалғыз жадау шыққанды жөн көрмей, әйелімен, мектептегі қызын күтіп алып үшеуі бірге шықпақшы болған еді. Екі күндік демалысқа Алматыда университетте оқып жатқан ұлы келе жатыр екен. Ол келгенше 1,5 сағат болады. Оны күтіп алып бірге кетуді көздеп, отбасымен табиғат аясына шығып демалғанды ұнататын ол қармақтарын іздеп, тексеріп, балық салатын табақ, балық жейтін дәндерін жинап, жатқанда емханадағы жұмысынан енді келген әйелі жеміс-жидек алуға дүкенге кетті. Жеке баспанасы болмаса да, жұмыс орнынан берілген 3 бөлмелі қызметтік пәтердің құбақан қабырғасына, жым-жырт тұрған төбесіне қарап «қашан жеке меншік үйім болады екен?» деп армандап қойды да, салт-дәстүрді жақсы көретін подполковник қабырғада ілініп тұрған түлкі терісі мен үкінің қапталған терісін, оюлы жайнамазға қарап, олардың қасында тұрған аққу мойын домбыраны түбінен аялап сипап қойды. Үстел үстінде жатқан «Қазақтың әдет ғұрыптары мен ырым-тыйымдары» деген өткен аптада «Алтын кітап» дүкенінен алған кітабын Қырғыз сапарына ала кетіп, жол-жөнекей оқымақшы болып шетке дайындап қойды. Кітаптың алғашқы бетін парақтады. Бір кезде шұқшиып ішіне кіріп кеткен екен. Әйелінің қонақ бөлмесінің есігінен сығалай қарап: «болдың ба, отағасы? Қасым да келіп қалыпты. Қала ішіне кіріпті» деген дауысынан селт етті де, «иә, иә, баланың тамағын бер алдымен» деп қоңыр мақаммен тіл қатты. – Қазақтың салтында, – деді ол, – Түн ішінде сыртқа кір жаймайды ғой. Біз келгенше қас қарайып кетер. Сол үшін жуған киімдеріңді ішке кіргізіп қойсаң. – Ұмытпаймын, отағасы, – деді аяулысы жайраң қағып, – Орысша оқып өссем де, сенің арқаңда қаншама ырым, салтты біліп алдым. Ырымнан тыйымға дейін… – Хім, ім, – деді подполковник мекіреніп, – Малды бауыздар алдында басын құбылаға қаратып тұрып, бата жасайды. «Бұйыртып жегіз» деп тілек айтады. Онысы – малдың еті дәмді, адал болсын дегені. Менің әр басқан қадамымнан отбасыма ризық пен береке кіреді. «Әр табысым адал болсын!» деп жемқорлыққа, істі бүркемелеуге қарсымын. Кабинетімдегі абыройлы орнымды сақтауға көмектесіп, ішкі демеуім болып отырған өзіңдей келіншегім болғанына шүкіршілік етемін. – М-ә-ә, отағасы, – деп келіншек жаулығының сыртына шығып қалған жып-жылтыр самай шашын қайырып, жаулығының ішіне сала бастады. Сосын азаматына еркелеп біраз тұрды да: – Балалар көріп қойса, ұят болар, – деп жылдам басып есіктен шығып кетті. Шығып бара жатып еріне бір қарап алуды, жымыюды ұмытқан жоқ. Ертесі әкесі үй-ішін бір қуантқаннан кейін Қырғызстанға жүріп кетті. Онда оның алдынан ығы-жығы жаймаға, Қытай мен Еуропаның заттары сықиған Дордой базары күтіп алды.

Базарды аралап жүріп бір бұрыштағы асханаға кіріп, қалаған тамағынан ауыз тиді. Сол асханада отырып, тамақ жасап кіріп-шығып жүрген жандардың ішінен мойыл қара көзді, мойны ұзын, әр ісіне мейірімге толы жымиыспен қарайтын өзбек қызын көрді. Іштей қарап риза болып отыр еді. Арғы жағынан терісі барынша қара, сақалы тебіндеген жігіт онымен бірге кимелей шығып, төлем жасағалы тұрғандарға дүңк-дүңк тиісе сөйлеп жатты. Таңырқады да қойды. Кенет оның қылығына қайыра бір сұқтанып қарағанда, іштегі тамақ дайындаушылардың тесіктен шала көрініп қалған басына назары түсіп еді, қасқа бас, ақсары жігітті көзі шалып қалды. Сом, кесек көрінеді. Қазақ өңдес. Қырғыз бен қазақтың өңі маңдай жазықтығы, бет сүйегінен-ақ байқалады ғой. Жаңағы мойыл көз, көрікті өзбек даяшыны шақырды да: – Қарындасым, мынаны ана шеткі үстелге көшіріп апаршы. Сол жаққа отырайын. Күн шуағы түсіп тұрады екен, – деп миығынан күліп қойып еді, пысық қыз бұл айтқан үстелге тағамдарды апарып қойды. Бұл кезде подполковник аспазшылардың жұмыс бөлмесінің түбіндегі үстелге келіп жайғасты. Енді желдіктен өзі күдіктене қараған жігітке тіпті де жақыннан қарайтын болды. Сол кезде оны тани бастады. Іздеудегі өзімен аттас Абылай екеніне күмән келтірген жоқ. Қалайда бір тіл қатысып қалу керек. «Не айтсам болады»? Содан кейін нығызданып отырып, желдікке қарай тіл қатты: – Әй, жігітім, ассалаумағалейкум, өңің қазаққа ұқсайды ғой? Тілмаш керек еді, қазақ болсаң көмектесші. Ақсары жігіт қамыр жайып жатқан жерінен басын көтергенде тіпті зорайып, зіңгіттей боп көрінді. Мұның сөзін естісе де, ол естімегенсіп қайтадан қамырын жайып жатты. Подполковник Қайсеновтың тағаты таусылып, енді оған сөйлей алмай, өзбек қыздың жанында бірге табақ тасып жүрген бауырын шақырып алып құлағына сыбырлады: – Эй, ана ағаңның аты кім? – Ақшоола – аты, – деді де ол бір секіріп кетіп қалды. Подполковник ойланды да қалды. Иегіндегі сақал түгін сипалап отырды да, «бір түсініксіз жайт бар» деп болжады. Бүгін ештеңе шықпады. Осы азамат ем алған ақылы шипахана бойынша ұлы берген тіркеу деректеріндегі адресте бұл азамат тұрмайды екен. «Құдайдың жолықтырғаны» деп осы маңнан 2 аптаға пәтер жалдап, көз жазып қалмайын деп әр түскі асын осы жерде тұрақты ішетін болып жүр. Ертесі түсте Әліқұл Оспанов атындағы ұлттық кітапхана қорына барып, Қазақ–қырғыз қарым-қатынасына қатысты ескі газеттерді алдырып көрген. Қанша уақыт өткенін білмейді, әлдебір уақытта ауадағы тозаңға түршігіп, қатты бір түшкірініп, селкілдеп барып орнына келгеннен кейін, қысылып, газетті қойып залға шығып кетті де, терезеден сыртқа көз жіберіп тұр еді… Шығар баспалдақтың бұрышында жұртқа дауысын барынша естіртпей жанашырымен сөйлесіп тұрған бір жігітке назары ауды. Пәкістандықтармен өңдес, бірақ бет сүйегі монғолойд, ұзынтұра, қағілез қара жігіттің төгілтіп жатқан сөздерінен өз бауыры екенін аңғарды. – Стамбұлға барар жолдың бәрі ашық. Қашан, қалай жетсем екен деп жатырсың ба? Одан кейін тұтқаның ары жағындағы адамды тыңдайды. – Жаңалық таусылып қалды, – деп салды бірде, – Іс жаңаланбай, түс жаңаланбайды екен. Керемет, жаңа түстер көруім үшін өзім бұрын жасап көрмеген әрекеттерге ұрынып жүрмін. Ары жақтағы адам біразға дейін сөйледі. Бұл күле тыңдап, сыңғырлап жауап беріп жатыр. – Бұрқ еткізіп жарып кет!, – деп қояды, кім нені жарғалы жатыр, ол да түсініксіз. – Бір грамм мотивация берші, – деген сөзінен кейін-ақ жігіттің қалжыңбас әрі тапқыр екені белгілі болды да, ділмарлығы подполковникті қызықтыра бастады. Сосын ол сөйлесіп болғанша тағы 10 минут тапжылмай күтіп тұрды. Бірақ, сөздеріне көп мән бермей терезе алдындағы даңғылдан өткен қара бауыр көліктердің ағынына көз суарумен болды. Қас-қабағын көтеріп, шекесі дірілдеп барып жазылып, не дерін білмей, әңгімесін ұрлап тыңдағанына қуыстанып жігіттен әуелі өзі баруға тиісті бірнеше мекенжайды сұрады. Оның қазақ екенін байқап, жақын тартып сұрап жатқанын жеткізді. Жігіт жымиып қарап, «ешқандай ыңғайсыздық жоқ екенін» білдіріп, көмектесуге дайын екенін түсіндіргенімен, ол да қаланы жақсы білмейтін болып шықты. Келгеніне 17-ақ күн болыпты. Содан бері картаның көмегімен жүр. Өзі жарқын жүзді, ақжарма жігіттің кекілі тікірейіп, таутеке мүйізіндей шаншыла өсіп түр. – Аға,– мұнда отбасыңызбен қыдырып жүрсіз бе? Әлде, өзіңіз бе? – Э-э, бауырым, жасырып қайтем, үкімет адамымын. Анау Тараздағы қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықтамын. Пенсияға әлі шыға қойғам жоқ. Қырғыз жеріне өтіп кететін, дерегі табылмаған, қылмыскерге де жатпайтын, туыстары табуымызға қузау салған кейбір азаматтар жайлы ақпарат алуға жұмыс бабымен келіп ем. Бір-екі аптада қайтайын деп отырмын. Мұнда көп жүре алмаймын. Ол жақта шаруа шаш етектен. Жігіт естіп тұрып тағы жарқыраған маңдайын көтергенде, таутекенікіндей тікірейген кекілдерінің астындағы мап-майда сүйегіне қараған басшы сәл ойланып тұрды да, «хім, хімм» деп қойды. – Иәә,– деп біраз ойланды жігіт. Сонан соң жігіт өзінің мырзалық жасап жүргенін жасырмады. – Ағасы, қыздың иманы мен ұлттық рухын қатар ұстаған – осы қырғыз халқы екен. Байқаймысыз? «Манас» жырын өрекпіп, орындығынан неше қозғалып айтқан буынды, әдемі қыздың иманына кәміл болып, мұсылмандық шарттарын да адал орындап жүргенін көріп, мұнда дінге бола ұлтын қаралап, салт-дәстүрін мансұқ етушіліктің барынша аз болуына да осы «Манас» жырының халық бойынша айтылуы, насихатталуы себеп екен деп тұжырымдадым. Сіз қалай ойлайсыз? – Мен де сондай ойдамын, – деп қойды подполковник ешқандай ойсыз түрде. Ойында басқа тақырып тұрып еді. Ойындағы басқа тақырыптан Манас, қырғыз қызы тақырыбына ауысуына тағы осы жігіт түрткі болды. Жігіт беріліп, екі шекесі бұдырайып, мұздай түйіліп әңгіменің қойын-қонышына кіріп жатыр. Сосын ол: – Аға, қазақтың бір ағасы ретінде кешірерсіз. Мен әдейі иманы мен рухын қатар ұстайтын ұрпақ көру үшін Бішкекке қыз қарауға келдім. Кішіпейіл, қонақжай қырғыз жұртының менің талғамыма сай бір қызы мені бағалап, бауыр басып қалар. Киген киімдерімді көріп тұрсыз, ең жаңа заманауи бренд үлгілері. Өңім – сұлу, терім – ақ, бойым – ұзын, сөз десе сөзім бар, ақшам да қазір жеткілікті. Күн сәулесі түсіп жылтырап қарап отырмын. (Сәл кідіріп) Кенесары оқиғасына байланысты бұрын қырғыз жұртына оң көзқараста емес едім. Қазір дос көрем. Осы ұрпақ тәрбиесі шешімін қабылдағаннан кейін. «Өзіңнің қалаңда қазақтың рухы мен иманын қатар ұстаған қыз шықпай тұр ма?» деп жөнсал, ұлтшыл пікір білдіргісі келіп еді, тамырынан ажыраған буынға талай жылдан бері куә болып келе жатқан жігіт ағасы бұл сөзінің артынан келетін жаңа сұрақтарға жөпелдемеде нанымды жауап бере алмай қалудан қашқалақтады да, мағынасыз түрде бас шұлғи берді. Екеуі осыдан кейін екі көше жерде тұрған Қазтамақ балық еті тағамдары асханасына кіріп, екеуі де алғаш рет Ыстықкөлдің сыла балығының етінен дәм татты. Екеуі балыққа тойып, жігіт ақысын бірден төлеп тастады. Екі көше жаяу әңгімелескен қос қонақ жолда кезіккен, көзіне ыстық көріне кеткен «Қазақ қой етінің сорпасы» деген сорпалы орынға жігіт ағасының сүйреуімен, інісі бірге кірді де, сорпаланып қарындарын тіпті қампайтты. – Осында бір жігіттің жеке басын анықтауға келіп едім, – деді бағланның жамбасын мүжіп жатып, – Әттеген-айы, сонымен өңі ұп-ұқсас басқа адам болып та көрінеді. «Қыз іздеген жігіт» ойланып қалды. Қысқа үнсіздіктен соң подполковник сөзін қайта жалғап: – Нағыз қырғыз құсап көрінеді, біресе ештеңені түсінбейтін зомби құсап көрінеді. Жас жігіт «қалай сонда?» дегендей бадырая қарады. Зомби сөзі оған әжептеуір әсер етті. – Кәдімгі тхэквондист. Атағы шыққан азамат. Жерлесіміз. Облысымыздың Сарысуынан шыққан. Сөзін үзіп-үзіп айтқан подполковник жұлыны бозарған омыртқаны мұжуға кірісті. Боз жігіт айтылған адамға таңырқап, ағаның аузына қарап біраз отырды да, алдындағысын жеп болып қойған еді, тізесінің үстіндегі тозаңдарды түртіп, еңкейіп біраз отырды. – Інім, – деді сіңір шайнап отырып, – ал, ал, ала отыр. Мен баяу жейді екем. Бағанағы тамақтан көп асап жіберген болармын. Жігіт «жо, жо, жоқ. Өзіңіз ала беріңіз» деп ол көрсеткен қабырғаға алақанын қалқан етті де, жігіт ағасының тағы біраз жеп, тамағын тауысуға айналып сөйлесуге ыңғайлы болғанын байқағаннан кейін: – Ағасы, – деді. Ағасының табақтан маңдайын ғана көтеріп, сүзе қарап «ау» дегенін естігеннен кейін: – Меніңше, – деді сері жігіт, – бұл жігіт туралы айтуға осы жер жайлы ма, жайсыз ба, білмеймін. Егер, мүмкін болса осы жерге іргелес тұрған экологиялық парк бар. Қарағаш деп айтылады. Сол жерде отырып егжей-тегжейлі айтып берсеңіз қайтеді. Менің де жүйрік ақылым бар. Бір пайдам тиіп қалар. Подполковник көзін бір айналдырып ойланып алды да, шәй кесесін итеріп сырғытып қалып: – Онда орнымыздан бірден тұрайықшы, – деді. Подполковниктің ойға алған жұмысына бүгін пысық, сері жігіт кірісті. Ол өзіне қой етінен майдалап туралған пияз, сарымсақ, күріш қосып пісірілген быжы әкелген даяшы қызға қайта-қайта қылмыңдап қарап отырып, атын сұрап алды. – О, Бегайым, – деп оның есімін даяшы қыз бір өткенде бір, екі өткенде екі мәнерлеп отырып шақырады. Еркелету көрген қыз қысылып, жымиып әрең өтеді. Сүйкімді қара қыз екен. Жеп отырған тамағының дәмі үшін және үйге салып әкететін тамақ үшін қызды бірнеше рет шақырғаннан кейін нөмірін сұрап еді, бермеді. Тауы шағылмаса да, жартасының ұшы сынып кеткендей болып сүлкиген денесін асханадан жымиған күйі шығарып әкетті. Араға әдейі үш күн салып барып өте сәнді киінген күйі қайта келіп, жымиып отырып даяшы қыздың нөмірін сұраған еді, мұндай мүмкіндіктен айырылып қалуға болама, ол орайды қолдан жібермей нөмірін беріп жіберді. Мүмкін үш күн бойы оны іштей күткен де болар?! Бұл да бір кешуі маржанды толқындарға толы дәурен еді… Жігіт пен қыз телефонның айдынын қалқан етіп, екі күн ұрлана қарап сырласқаннан кейін жігіт өзі жақсырақ біліп қалған ең сәнді тағамжайдың біріне алып барады. Осындай шүйіркелесудің екінші күнінде ағаш саясында, ағашқа арқасын беріп тұрған қыздың екі жағындағы бұтаққа қолын тіреп, қызға қызыға қарағандай болған жігіт жерге еңкейіп, аяғының ұшына бір қарап алды да, не айтарын есіне алып: – А, иә, айтпақшы Бегімай, – деді қабағын көтеріп. Қыз «ауу» деп үлгерді аңтарылып, ағашқа тірелген иығын қиқаң еткізіп. – Менің сұрайын дегенім, – деді жігіт, – асханаларыңда анау басы тақырлау жігіт бар екен ғой. Сом-сом, – деп өзінің басының төбесін ұстап көрсете беріп еді, қыздың бірден есіне келіп: – Э, ол қазақ жездеміз ғой, – деп қысқа қайырды. Бұл бір күтпеген жауап болды. – Қазақ дейсің бе?, – деп аңтарылды жігіт күткені келіп. – Иә, қазақ. Қолынан донер жасау мықты келеді екен. Әйелі кіргізген. Әйелі бұрын асхананың жанындағы химчисткада істеген. Қазір ол химчистка қаланың басқа шетіне көшіп кетті. Апамыз да қаланың басқа жағында шығар деп ойлаймын… – Қазақ болса қалай? – деп сенбей сөйледі жігіт, – мен бірнеше рет өзіміздің қазақша бірдеңелер сұрап едім, мән берген жоқ қой. – Ой, падишам, ол құлағына көрінбейтін құлаққап тығып алады. Ештеңе естімейді түртпесең. Уағыз, түрлі насихаттар тыңдап отырады. Иманды кісі. – Денесі сом-сом, спортсменге ұқсайды екен, ә? – Мықты тхэквондист деп естідім. Төбелесін ешкім көрген емес. Бірақ, ешкім де оны ренжітпеуге тырысады. – Сенің мұнда істегеніңе қанша уақыт болды? Ана жігітке ше? – Менің істегеніме алты ай. Мен келген кезде бар екен. Менен бірнеше күн бұрын ғана келді ғой деймін… Оған да алты ай болған сияқты, нақтысын сұрамадым өзіме қажеті болмаған соң. – Әә, түсінікті, – деді жігіт ақ түсті қалпағын бір шешіп, қайта киіп. Содан соң қыздың алдыңғы жағындағы қоңыр жапырақтар жиналған жерге шығып, алғаартқа кезек жылжып жүре берді. Екі көзі аяғының ұшы тиген жапырақтарда. Жігітінің мұнша неге ойланып кеткенін түсінбей, қыз ақырын барды да оны шынтағынан бұрды. Жігіт қызды бауырына басты. * * * Подполковник мырза жігіттің әкелген жағымды жаңалығына құлақ тосып, Айтматовтағы Asia Mall-дың үшінші қабатындағы адамдар отыратын жердегі үстелге қолын жазды. Жігіт нығыздалып отырып, мойнына асырған сумкасының бауын алды да, қолдарын жуғандағыдай әлпетпен ысқылап алып, «уф!» деді. – Не таптың сонымен? – Айта берейін бе, ағасы? Осыны айтып жатып даяшыға қол бұлғап шақырып еді, ол келе қоймады. Сонан соң қолын сипалап біраз отырды да, жігіт ағасының «айтсаңшы!» дегендей қатулы қабағын көріп ашылып сала берді. – Сіз іздеген адам дәл соның өзі? – Сонымен? Неге тіл қатпайды екен? – Тіл қатты. – А-а-а, – деп шалқайып барып отырды подполковник. Қағілез жігіт сөзін жалғай түсіп: – Жігіттің аты – Ақшоола. Оның бұрын өзіне тән аты болған. Бір кезде біреулер есінен тандыра ұрып, Ыстықкөл бойына тастап кеткен. Жеті ай бұрын… – Жеті ай бұрын… Подполковник таңғалысын жасырмады. Тура Мұстафа Өзтүрік өлім құшқаннан кейін бір ай өтер-өтпесте болған жағдай ғой. – Сол кезде жағалауда жүрген бір қырғыздың қызы Бүбі тауып алып, оны бағып, оңалтып, өзі соған жар болған. Осы кезде даяшы келді. Қара шалбар, қоңыр алжапқыш, ақ жейде киген даяшы жігіт сорайған күйі «кешірім өтінем. Не қалайсыздар?» деп сұрады. – Екі балмұздақ, – деді жігіт қаннен-қаперсіз. – Әй, балмұздақ суық қой. Ішімді ауыртады. Басқа не бар? – деп жігіт ағасы мәзірге телміре түсті, – болды, бүгін көңілдімін. Содан бере берші. Ананас, құлпынай қосылған екі түрлі коктейл бере салуды да ұмытпа. Ақысын маған жаз. Даяшы кете бере, төс қалтасына қолын салған аға онсыз да аппақ жейдесінің қалтасының сыртынан көгеріп көрініп тұрған ақшаларының бар-жоғын сипалап тағы бір көз жеткізіп алды да, жігіттің әңгімесін мұқият тыңдауға көшті. – Бір жолы, – деді жігіт, – жігіт суық тиіп қатты қызып ауырып больницаға апарылған. Сол кезде жігіт сандырақтап біраз нәрсе айтқан. Оны жанындай жақсы көрген қырғыз қызы Бүбі жігіттің аузынан шыққан әр сөзді қағазға түсіріп алып отырған екен. «Сарысу ауданы», «Балалар саябағы» дей ме, Әуезов атындағы мектеп деген сияқты өзіне ыстық туып-өскен өңіріндегі жерлерді атаған. Жігіт ағасы «әуп, бәрекелді!» деп шапалағын шарт еткізіп шалқалай жөнелді де, даяшыға қайыра айқайлады. – Бізге бешбармақ, бас бармақпен көрсететін бешбармақ керек екен, – деді.

Көкбөрі МҮБАРАК

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...