Әлем дамудың өзгеше жолын таңдады. Бүгінгі таңдау – жерасты қазбалары, табиғи байлықты игеруді емес, адамның ақыл-ой жетістігін игілікке жаратуды, жасанды интеллект арқылы барлық қызметтерді жеңілдетуді көздейді. Біздің еліміз де әлемдің үрдістен сырт қалмайтыны түсінікті. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Соған орай мемлекетте нақты жоспарлы жұмыстар қолға алынып, барлық салаға цифрландыру жетістіктерін енгізу міндеттеліп отыр.
Жалпы алғанда әлемнің 193 елінің ішінде Электрондық үкіметті дамытудың жаһандық индексі бойынша Қазақстан қазір 24 орында. Мұндай жоғары көрсеткіштің қалыптасуына отандық сот құрылымының да қосқан үлесі өлшеусіз. Себебі соттарда жаңа технология тетіктері бұрыннан қолданылады. Соның арқасында сот қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта көрсетіледі. Жаңа технология жетістіктерінің арқасында сотқа талап арызды үйде, кеңседе отырып-ақ беруге мүмкінік туды. Сонымен бірге енді сұраныс жіберіп, соттан қандай да бір құжат, анықтама алу үшін де онлайн тапсырыс жасаса жеткілікті. Арнайы уақыт бөліп сот ғимаратына келудің қажеттілігі жоқ. Сот істерінің онлайн өтуіне де көпшілік әбден үйренді. Ал сот отырыстарын әлеуметтік желі арқылы тікелей көрсету отандық соттың материалдық-техникалық мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екенін көрсетсе керек. Сонымен бірге бұл сот қызметкерлерінің жаңа технология жетістіктерін жетік меңгергенін, сот істерін онлайн ұйымдастыруға қабілетті екенін айғақтайды. Республика халқы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдер көрген жария сот отырыстары қазақстандық соттың тыныс-тіршілігінен, бүгінгі беталысы мен судьялардың біліктілігінен толық хабардар етті деген ойдамыз.
Осындай кешенді жұмыстардың арқасында қазір барлық сот істері толығымен электронды форматта қалыптастырылды. Бұл процестерді жылдамдатуға ғана емес, сонымен қатар оларды ашық және қолжетімді етуге
мүмкіндік беруде. Бүгінде «электрондық» сот төрелігінен «цифрлық» сот төрелігіне көштік. Алдағы уақытта істер мен материалдарды робототехниканың көмегімен қарау бір жүйеге түспек. Бұл жаңашылдықтар сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге және процеске қатысушылардың құқықтарын сапалы қорғауға көмектеседі деп сенеміз.
Жасұлан Тасыров,
Алматы қаласы
Медеу аудандық соты әкімшісінің басшысы


