Орталық Азияда жаһандық жылыну екі есе жылдам жүріп жатыр — Тоқаев

Мемлекет басшысы «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азияның планетадағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнда жаһандық жылыну әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Аймақ тосын табиғат құбылыстарымен, атап айтқанда, мұздықтардың еруі, шөлейттену және су тапшылығы секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.

«Осындай күрделі жағдайда аймақ елдерінің күш-жігерін бір мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары елдеріміздің дамуына кедергі келтірмеуге тиіс. Біз экономикалық өсім мен климаттық саясат арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтауымыз керек. Бұл ретте Қазақстан аумағында жаппай ағаш егу туралы тапсырма бергенімді айта кеткім келеді. Бұдан бөлек, елімізде орманды сақтау мен қорғауға, экологиялық сананы қалыптастыруға, ең әуелі, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үндейтін «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Өзбекстанмен бірге Аралдың табанына жасыл желек егу жұмыстарын қолға алдық», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан климатқа қатысты күн тәртібінде өңірлік ынтымақтастық, прагматикалық амбиция және халықаралық ықпалдастыққа басымдық береді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның дамушы елдерді қолдауды көздейтін жаһандық күш-жігерге үлес қосатынын және «жасыл» экономикаға өтуді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – стратегиямыздың өзегі. Біз жасыл сутегі өндірісі бойынша дүние жүзіндегі ең ірі жобалардың бірін жүзеге асырамыз. Әлемнің корпоративтік көшбасшыларымен бірге жел, күн энергиясын өндіру жобаларын іске қостық. Уран өндірісінің 40 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Жер бетіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығы атом электр стансаларында өндірілетінін ескерсек, оның салмағы арта түседі. Қазіргі кезде еліміз зиянды шығарындыларды азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін алғашқы атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның кең даласы «көміртекті егіншілікпен» айналысу және экожүйені қалыпқа келтіру ісінде зор мүмкіндікке жол ашатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сирек кездесетін элементтер экологиялық таза технологияларды дамытуға негіз болады. Елімізде мұндай аса маңызды минералдардың айтарлықтай қоры бар және оны өңдеуге әлеуетіміз жетеді.

«Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өз сөзінде биоалуантүрлілікті, әсіресе, Орталық Азияда тіршілік ететін бірегей және жойылу қаупі бар жануарлар мен өсімдік түрлерін сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанда Президент жанындағы Халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Жаһан елдерінің «жасыл» дамуға бет бұруы ең жақсы, таза, қауіпсіз және өркендеген әлемнің негізін қалауға керемет мүмкіндік екені күмәнсіз. Алайда ол үшін климаттың өзгеруіне бағытталған мемлекеттік және жекеменшік қаржыландыру көлемі де соған сай болуы керек. Бұл климаттағы өзгеріс салдарын жұмсарту бағытындағы тиісті жұмыстарға төнетін қатерді азайтуға, жасыл энергетикаға инвестиция құюға және табыс әкелетін орнықты экономика моделін құруға жол ашады. Әйтпесе, көміртек бейтараптығына қол жеткізу қиынға соғады. Оның алдын алу үшін бізге күш-жігерімізді еселеп, серіктестік аясын кеңейту керек. Мұндай күрделі сынақты бірде бір ел жалғыз өзі еңсере алмайды», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар конференцияда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Ұйымның елді мекендер жөніндегі бағдарламасының атқарушы директоры Анаклаудия Россбах, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады 

Депутаттар Президенттің ұсынысын қолдап, мемлекеттік наградалар туралы заңның жекелеген нормаларын жаңа редакцияда қабылдады.

Қарапайым суық тиюге ұқсайды: Дәрігерлер қауіпті инфекцияның таралып жатқанын айтты 

Инфекциясы бастапқыда суық тиюге ұқсап, кейін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Елімізде 870 мың адам баспана күтіп жүр. Биыл қанша үй салынады?

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мыңға жетті. Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифиңде айтты.

Қазақстанның АҚШ-қа экспорты күрт өсті 

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,89 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға көп.

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді: Талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр 

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.