Жамбыл облысының орман қоры жерлері өңір аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Сондықтан орман өртінің қауіпсіздігі әрдайым басты назарда тұрады. Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Адил Жакиповтың айтуынша, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4, 4 млн гектар. Оның 2,3 млн-ын орманмен қамтылған жерлер құрайды. Аталған мемлекеттік орман қорының жерлері басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығына және мекемелеріне бекітіліп берілген.
«Жамбыл облысында мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан бастап 11 қараша аралығы деп белгіленді. Осыған байланысты, былтыр орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтірілді. Сонымен қатар, қаупі маусымының жоғары кезеңінде қауіпті аумақтарда 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілді. Алайда, барлық атқарылған жұмыстарға қарамастан, облыстың орман қоры аумағында жалпы аумағы 20 233,7 гектар болатын 38 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 11 877,5 га орманмен көмкерілген жерлер»,– дейді Адил Қожабекұлы. Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, орман өртінің 17 жағдайы найзағайдан, алтауы тұлғалардың өрт талаптарын сақтамауынан орын алған. Ал 15 өрттің шығу себептері белгісіз боп қалды. Жалпы, облыстағы 38 орман өртінің 12-сі алты-алтыдан Мойынқұм (4873,3 га) мен Қосқұдықта (551,9 га), 15-і бес-бестен Байзақ (369,5 га), Меркі (4895,9 га), Жамбылда (1098,11 га), төртеуі Ақкөде (1108,1 га), үшеуі Луговойда (3240,7 га), екеуі Жуалыда (1098,1 га) қалған екеуі Ұланбел ( 3052,8 га) мен Қарақоңызда (5,7 га) тіркелген. Енді Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры аумақтарын және оларға іргелес орналасқан ауыл округі жерлерін өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, өрттің алдын алу жөніндегі 2025 жылға арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес әр ауданда мемлекеттік орман қоры аумағында және оған шекаралас ауыл округі жерлерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызмет және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлескен профилактикалық іс-шаралары жоспары аудан әкімдерімен бекітіліп, өрт қаупі бар маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»