ӨРКЕНДЕГЕН ӨНДІРІС

Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында орналасқан «ENKI» ЖШС-на қарасты кірпіш зауыты бір жылда 90 млн дана кірпіш дайындай алады. Ел бойынша 14 жылдан астам уақыт құрылыс саласына ең қажетті өнімді шығарып отырған өндіріс 60-тан астам кірпіш түрін шығарып келеді. Ал өнім республикадағы ірі құрылыс нысандарында пайдаға асып жатыр. Тіпті, көршіліс Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарынан да тапсырыс түсіп, зауыт өніміне деген қызығушылық танытып тұр.

Күйдірілген кірпішпен қатар, ғимарат сыртын қаптайтын керамикалық кірпіштерді де шығаратын зауыт құрылысқа қажетті блоктар да өндіреді. Өнімнің пішіндері де әртүрлі. Мұнда жаңа технологияның арқасында әр түске боялған кірпіштерді де көре аласыз. Бір жақсысы, Көкшетаудағы кірпіш зауыты бір жылдың ішінде өндіріс көлемін 16,5 пайызға өсіріп, 4,3 млрд теңгенің өнімін дайындады. Ал биылғы қаңтар-ақпан айларында 629 млн теңгенің өнімі шығарылған. «Айта кететін нәрсе, кірпішке қажетті балшық өз өңірімізде өндіріледі. Қазіргі күні қызғылт балшық пен каолин бес карьерден алынуда. Екіншіден, кірпішті күйдіруге бұрынғы зауыттар секілді көмір жағылмайды. Бұған сығымдалған газ пайдаланылады. Бұл экологиялық жағынан тиімді әрі өнім сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Сапамен бірге қоршаған ортаға да зияны жоқ», – дейді өндірістік цех басшысы Ерлан Мырзағалиев. Зауыттың сапалы кірпіштері еліміздің барлық облыс орталығына жіберіледі. Сондай-ақ, көрші Ресейдің Омбы қаласына да жеткізіледі. Өндіріс басшыларының айтуынша, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық берілген. Сондай-ақ, сұраныс өскен сайын өнім көлемін де көбейту қажет болатыны белгілі. Енді кәсіпорын жаңа технологиялық желіні іске қосып, 90 млн кірпішке тағы да 30 млн дана кірпіш қосып дайындауды жоспарлап отыр. Өңірде мұндай өндірістің ашылуы құрылыс қарқынына дем берумен қатар, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына көптеп септігін тигізуде. Санамалап айтсақ, біріншіден, тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылды. Екіншіден, шетке шикізат шығарумен ғана шектеліп қалмай, бар дүниені кәдеге жаратып, өз өнімімізді өндіру арқылы мемлекетке салық төлеп отыр. Ал түскен салық Ақмола облысының өзге қажеттілігіне жұмсалатыны белгілі. Үшіншіден, зауыт елдегі құрылыс саласының дамуына, сондай-ақ инновациялық бағыттың кеңеюіне өз үлесін қосып отыр. Әрі қоршаған ортаға да зиян тигізбеу үшін газ пайдаланатыны белгілі. Саннан көрі сапаны жиі қадағалайтын кәсіпорынның өнімдерін тұтынушылар да жоғары талаптарға сай дейді. Сондықтан болар, көкшетаулық кірпішке сұраныс та жиі түседі екен. Кері шегініс жасасақ. Өңірдегі кірпіш зауыты ең алғашқы өнімін 2010 жылы шығарыпты. Одан соң уақыт өте шығатын өнім көлемін біртіндеп көбейте бастағанға ұқсайды. Алға қойған мақсатты орындау үшін инвестициялық жобаны жүзеге асырып, техникалық жағынан кәсіпорынды заман талабына сай жарақтандырды. Осындай сансыз еңбектің арқасында сапалы өнім шығарып, бәсі жоғары бәсекелестіктің сынына да төтеп бергендей. Зауыт сапаға мән бергендіктен, мұндағы «ENKI» ЖШС-ның дәл осы атауымен белгіленген сауда маркасы еліміздің және алыс-жақын шет елдің құрылыс саласында танымалдыққа ие. Оған дәлел ретінде, зауыттың кеңсесінде алыс-жақын шет ел құрылысшыларының өнім сапасы жайлы өзіндік пікірлері мен Алғыс хаттары ілулі тұр. Осының өзі-ақ жергілікті жердің өніміне берілген лайықты баға болды. «Атам қазақта «үй болмай, күй болмайды» деген аталы сөз бар. Біз жерлестеріміздің әлеуметтік мәселесінің оңынан шешілуіне септігімізді тигізіп жатырмыз. Егер елдегі әрбір тұрғынның басында тамаша салынған өз баспанасы болса, көңіл-күйі де көтеріңкі болмай ма?! Қазір біздің кәсіпорында 240 адам еңбек етеді. Облыс орталығы – Көкшетау қаласында «Қолжетімді баспана – 2020–2025» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлерге негізінен біздің кәсіпорынның өнімі пайдаланылуда», – дейді өндірістік цех басшысы Е.Мырзағалиев. Оның айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – ілгері даму, оның ішінде күнделікті даму өзгерісіне түсіп жатқан заман талабына сай өнім сапасының өз дәрежесін жоғалтпау. Сондықтан да «ENKI» серіктестігі итальяндық СМАК фирмасының технологиялық желісі арқылы кірпіштерді сәулелендіруді, өрнек салуды қолға алған. «Кәсіпорында негізінен жергілікті жастар жұмыс істейді. Серіктестік басшылығы әлеуметтік жағдайымызға ұдайы көмектеседі. Жалақымызды уақытында алып тұрмыз. Алдыңғы буын ретінде жаңа келген жастарға тәлімгерлік жасап, өз тәжірибемізді үйретеміз. Бүгінгі жас буынның бойында еңбекке деген құлшыныс бар. Осы еңбегіміздің нәтижесін өзіміз тұратын қаладан күнде көріп жүрміз. Кейінгі жылдары Көкшетауда қарқын алған баспана салу ісі, сан түрлі ғимараттар құрылысын көріп, кеудені қуаныш кернейтіні рас. Осындай берекелі істе өз қолтаңбамыз бар деген ой жалғыз мені ғана емес, барлық ұжымдастарымды қуантады», – дейді цех жұмысшысы Қанат Хасенов.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

В Казахстане пройдет общереспубликанский открытый урок «Мен таңдаған жол»

​Сегодня, 7 апреля, мы отмечаем Всемирный день здоровья —...

Тіл – тәуелсіздіктің тірегі

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің ең қастерлі құндылығы. Ал...

Социальная ответственность

В ОБЛАСТИ АБАЙ РАЗВЕРНУЛАСЬ МАСШТАБНАЯ ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ КАМПАНИЯ В РАМКАХ...

Памяти акына

ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ АКЦИЯ, ПРИУРОЧЕННАЯ К 180-ЛЕТИЮ ЖАМБЫЛА ЖАБАЕВА, ПРОШЛА В...

Инвестиция в будущее

ЗАНЯТОСТЬ НАСЕЛЕНИЯ В ШЫМКЕНТЕ РАССМАТРИВАЕТСЯ КАК ФАКТОР АДАПТАЦИИ РЫНКА...