12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Өлеңтінің бойында

Ол кезде  подполковник Қайсеновтың ұлдары Медғат пен Қасым, кенжесі Еркеназ бала болса да, ес жиып қалған кездері. Туысшыл Абылайға алыс-жақындағы ағайыны із суытпай жиі ат басын бұрып тұратын. Әредікте жұмысы қауырт болса да, қыдырыстап келген жұрағатты белсенді демалыс болсын деп, балық аулаға апаратын. Өлеңтінің  бойында, Құдайға шүкір, балық қабатын жерлер аз емес. «Аулағанды қойып, өзін айында-жылында  бір жейтін қазақты балыққа сүйреп бұл Абылай да қызық!», – десіп өзара  күңкілдесіп те күлісіп, аса бір қалаулары болмаса да баратын. Бірақ солардың көбі кейін балық аулаудың  құмарына елітіп кеткендерін байқамай да қалушы еді. Облыстық емханада дәрігер болып істейтін әйелі Ажар күйеуінің бұл ермегіне түсінікпен қарап және өзі де қолы боста балаларын ертіп бірге  баратын.

Абылай өзеннің қауіпсіз  де қолайлы жерін баяғыдан-ақ таңдап алған. Ондағысы – балалар суға емін-еркін шомылсын, ал әйелі денсаулыққа аса пайдалы күн сәулесіне қыздырынып, жылдам өте шығар жаз маусымының қызығын көріп қалсын дегендік.

Өзі жағада отырып аулағанды онша ұната бермейді. Сүйікті амалы – қалтқылы қармақпен суды кешіп барып, белортасына келген кезде, орнығып тұрып қармақ тастау. Балық аулаудың қыры-сырын әбден меңгеріп алған жігіт суы мөлдір өзеннің түбі неғұрлым ойлы-дөңесті болса, соғұрлым ондай жерге балық үйірсек келетінін біледі. Мына таңдаған жері де сондай. Спортшы, балуан жігіттің өзі де суда балықтай еркін жүзеді. Аулаудың алдында өзен түбіне сүңгіп, шортан-шабақтың үйіріліп тұратын жерін де барлап қайтатыны бар. Қасына кейде еріп келетін дос жігіттер мұның қармағына балық құрттай құжынып жиі ілінетінінің сырын  білмей,  қайран қалып жататыны бар.

Қармағының басына ел сияқты жерқұртын емес, кәдімгі сиыр малының көкбауырының бір керітіндісін іліп балық аулау да подполковниктің өзі ойлап тапқан, бәлкім, естіген әдісі. Тұрып-тұнып қалған қан иісі балықты өзіне балдай тартатынына көзі әлдеқашан жеткен. Бұл құпиясын басқа ешкімге жария қыла бермейтіні де бар.  

Бір таңқаларлығы, Абылайдың таңдауы түскен жерде әдетте өзен бойында буып тұратын маса-шіркей де көп емес. Сондықтан жанұясы да сирек келетін қол бос мезетті құр жібермей, «Әке, кеттік балыққа!» десетін.

Бұның өз сүйікті бұғазына көп ешкімді жақындатқысы жоқ. Өзен дәл осы тұста екі жарылып ағады да, ортада шағын арал бар. Жаға менен екі ара жап-жақын. Судың да ағысы баяу, тыныш. Есейіп қалған екі ұлымен осы аралға құлаштап бірге малтып барып, күнқағар лашықтарын лезде құрып, балық аулаға кірісер еді. Кішісі Қасым әкесіне еліктеп қармақты алысқа лақтырғысы келеді. Бірақ құлашы жетпей,  бірер балық ұстаған соң қызығы осымен бітіп, жағалауға қайтуға асығады. Ал  үлкені Медғат намысқа тырысып, әкесінің жанында ұзағырақ жүруді қалайды. Қайткенде де, жаз бойғы осы ермектері балаларына  жақсы жаттығу болғанын олардың есейген сәттеріндегі кей қылықтарына қарап барып, бұл тәрбиесінің мүлт кетпегеніне іштей разы болады.

Кейін Медғат есейіп,  кәмелет жасына толған соң, мұндай демалысқа қос көлікпен шығатын болды. Өйткені, Ажар мен балалардың шыдамдары көпке жете бермейді. Суға шомылып, күнге қыздырынып, азын-аулақ қармақ салған соң, шаршап-шалдығып, үйге қайтуға асығады. Ал әбден құмарға кіріп алған Абылайдың үйге қайтқысы жоқ. Тіпті, кейде қонаға қалып қоятын кездері де жиі.

Сондай шақтарда кешқұрым палатка құрып тастап, мосыға шәйнек іліп қойып, қармақтан әлгіде алынған балықты отқа қақтап, шала жанған шоққа қарап ұзақ ойланып отыруды жаны сүйеді. Бұның ұнататыны әсіресе қарауыз балықты күзгесалымда аулау.

Сондай күндердің бірінде, подполковник ауызы салымды болып, қармағы балыққа  байып, қас қарая бастаған шақта, асай-мүсейін жинап, лашығы тұрған жаққа қарай бет алды. Ыстық қайтып, салқын самал ескен шақ қандай шіркін! Оған жағадағы самырсын, терек пен  сұлу қайыңның аңқыған жұпар иісі  қосылады.

Ұясына қонуға асыққан күн бұлт арасынан сығалай қарап батып бара жатқан сәттегі алқызыл алаудың аспанға шашыраған сәтін тамашалауды жаны сүйеді. Қызметтегі әрқилы қарекет ұмытылады. Мұндайда Абылай өткен-кеткен уақиғаларға өзінше аналитка  жасағанды ұнатады.

Ойына бұдан бәленше жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары болып     енді ғана тағайындалып, аяқ астынан көлденең оққа ұшқан жақын досы оралды. Осы оқыс оқиғаның куәгерлерінен жиылған  аз-мұз дерекпен «жан алушының» фоторобот бейнесін жылдам жасатып еді.  Алғашқы тергеу сұрақтарының хаттамасымен жіті танысқан. Әзірге жорамалдар әлсіз екенін сұңғыла полковник тез сезген. Тергелген адамдардың жауабы көрген жоқпын, естіген жоқпын, білмеймінге көбірек  сайып еді.

Орынбасардың бұл қызметке келгенге дейін біраз уақыт коммерциямен айналысқаны қалада белгілі жәйт еді. Жедел топ бұл бағытта да ештеңені қолға іліктіре алмады.

Тергеу осымен тұйыққа тірелді. Полицияның қылмыстық топ арасындағы «құлақтары» де үміт беретіндей ақпар  айта алмады. «Жаналғыш»  ізім-қайым жоғалды. Қолына еш нәрсе іліктіре алмаған жедел топ осы тұста киллердің басқа жақтан, тіпті, шет елден келуі әбден ықтимал деген жорамалға тоқталуға мәжбүр-ді.

Қайсенов сонда облыс басшысымен жеке жолығуды ұйғарды. Онымен осы күнге дейін бетпе-бет кездесудің сәті  түспепті. Бірақ теледидардан анда-санда жүзін көріп қалып жүретін. Енді міне, сол дөкейдің  кабинетінде отыр. Паң, тәкаппар мінезді  әкім Қайсеновке салған жерден ұнамады.

– Мен не айтайын?! Әркім өзі үшін жауап беретін заман, – деді жетекші  мүттәйім хәлде.

Қойған сауалына дұрыс жауап алмай тынбайтын әдеті бар екенін үлкен  кресло иесіне ұғындырған. Әкіммен болған  жарым сағаттық әңгімеден соң орынбасардың өлімі оның кәсіби  қызметіне еш қабыспайтынына Қайсеновтың көзі әбден жетті. Талассыз бір нәрсе – оқты кәсіпқой атқан. Бірақ та қылмыс керемет бір тәптіштелген даярлықсыз, кенеттен жасалғанын  түйсігімен түйсінді.  

Сол кеште Қайсенов өзінің жалға алған үйінің ас бөлмесінде түрлі схема сызып, кесте жасап көп отырды.  «Оңбаған сөз оңайда тұрады» демекші, санасы сансырап, қарама-қайшы ой тізбектерінің бастары қосылмай, пышырай бастап еді. «Жоғалған нәрсені шамның жарығымен іздегенмен, оның жарығы барлық жерге бірдей жете бермейді» дейтін  тәмсілді тұжырымын ылғи да ұстанатын Қайсенов ертесінде тергеу тобын жедел өзіне шақырып, іздестіру бағытын дереу өзгертуге шешім қабылған. Ер қайратын жанып, тастүйiн ширыққан  жігіттің шұғыл шешімі  бір жетіден кейін өз жемісін бере бастап еді.

Сөйтіп, ол кездегі майор Қайсенов осалы жоқ, әрқайсысы он кiсiлiк атан жiлiк жiгiтке татитын тобымен нағыз қылмыскерлердің ізіне жедел   түсіп, киллердің тапсырыс берген адамды жаңылыстырып, мұның аяулы досының айдаладағы адасқан оқтың жазықсыз құрбаны болып кездейсоқ атып өлтірілгенін анықтаған.

                                ***

Жағалауға таяй бергенде, жарлауыт тұстың биігінен әлдеқандай бірдеңенің көлеңкесі жалт ете түскендей болды. «Бұл не екен?!» деп ойлап үлгермей, іле адам бейнесі көрінді. Абылай  іштей таңырқап, тіпті аздап тіксініп те қалды. Кешқұрым бұл жақта бейсауат адам жүре бермеуші еді.

Жақындай бере, жасы елуден асқан, басына кепкі киген жігіт ағасы көзіне ұшырады. Киім киісі кәдімгі суретші ағайынның сұлбасына ұқсайды. Иә, солай екен, қолында қылқалам, бояу салынған кенеп дорба. Ол да мұны енді ғана байқап, секемдене қарай бере, бойын түзеді.

Бұның түрі мосқал көрінді ме, әлде әлдеқалай  мысы басты ма,  суретші:

  • Ассалаумағалейкум! – деп бірінші сәлем берді.

Бұл сәлемді құп алды.

Таныса келе білгені, бейтаныс жанның есімі Ескермес екен. «Сирек кездесетін ат», – деп көкейіне  іштей бір түйіп қойды.

Осы тұста өзеннің ағынды суы арна бойымен қыздың бұрымындай ойнақшып,  тербетіле ағады. Ескерместі де қызықтырған осы сұлу көрініс болса керек.

Қайсенов пен Ескермес таныса келе жақын сырласты. Ескермес те жастайынан балықшылықпен әуестеніпті. Бала кезіндегі балық аулайтын шақтары туралы әңгімені айтқанда беріле, майын тамыза, көсіле сөйлеп кетеді екен.

– Қармақпен балық ұстағаннан гөрі тұзақпен шортан ұстағанды жақсы көретінмін. Қашан ілмекті балық тартады деп масаға жем боп отырмайсың. Балалармен өзен бойлап, күнге арқасын қыздырып тұрған шортанды іздейміз. Кейде лайлы жерге тығылатын қызылтабан балықты да ұстаймыз. Қолымыздағы шанышқының басына ат құйрығының қылынан есілген тұзақ ілеміз. Балық су жиегіне тіпті жақын тұрса шанышқымен шаншып, алыс тұрса тұзақты су ағынымен алып  жүріп, шортанның басына кигізіп тартып қаламыз. Шортан дабырлаған дауысымызды естісе, секем алып қашып кетеді. Содан артынан қуып жүргенің, – деді Ескермес ескірген балалық естелігінің желісімен еркін ашыла түсіп. – Балықты көктемде талдың бұтағынан тоқылған «түлкі тұмақпен» ұстаймыз. Су тазара қармаққа көшеміз. Шиыршық атқан балықты жағаға лақтырғанда, бауыры күн сәулесіне жарқ-жұрқ етіп, шоршығаны қандай сурет, шіркін!

Ескерместің балық тақырыбындағы шынайы да әсерлі әңгімесін еріксіз еліте тыңдап отырып, Қайсенов:

– «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деп  кім болса да дәл қалай тауып айтқан! – деп күлді.

Ескермес подполковник Қайсеновпен етене жақын танысып, оның қызмет жайы мәлім болған соң, тосырқамай ілгерідегі өмір жолынан хабардар етті. Өзі  он-он бес жылдай көрші елге барып-келіп, мерзімді жұмыс жасап, бала-шағасын асырап жүрген. Сөзіне қарағанда қолынан талай кәсіп келеді.

Бірінші рет Ресейдің Омбы қаласында жүріп қандасына араша түсемін деп төбелесіп, екі жылға сотталады. Екінші рет Сібірдің Кемер қаласында бір шұбар төс, шынжыр балақтың үйін салып, маңдай терімен тапқан еңбек ақысын ала алмай біраз сандалады. Сөзін сөйлеп, жақтайтын ешкімі жоқ. Бұған ит тиген табақтай тыжырына қараған «жаңа орыс» түрлі желеулермен жалақысын бермей жүріп алады. Ақшасын ала алмайтынына көзі әбден жеткен соң, ызасының өткені соншалық, тал түсте барып,  шекеден ұрып құлатып, итше сабайды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп» берешегін екі есе етіп тартып алады.  Орыс соты бұны төрт жылға кесіп жібереді. Ескермес жазасын өтеп,  Сібірдегі Ресейдің бір колониясынан шартты түрде ерте босап, елге келе жатқан жарты жолда түрмеге тағы түседі.

–Құдай осы мені абақтыға байлап қойды ма? Қарадай жауға ұрынып, жабағыға сүрініп жүретіндей топырағым жеңіл бе, білмеймін. Сонау орыстың жерінен бері еш бәлеге ілікпей-ақ келе жатыр едім.  Өзіміздің елге кіргенде, жуынып-шайынып өз купеме келе жатқанда, жолай ішіп алған екі орыстың жігіті шықты да,  күтпеген жерден мені балағаттай бастады. Сөздері сүйегімнен өтіп кетті. Қыр соңымнан қалмай, әбден титығыма тиді. Намыс жібермеді. Ерегістің соңы төбелеске ұласты. Есемді жібермеуге тырыстым. Қызып кетсем керек, қолдарымды аямай сілтедім.  Екеуіне соққым оңдырмай тиді. Бір-екі терезе сынды. Сөздің қысқасы, пойыз  келіп тоқтағанда, қолыма кісен кигізілді, – дегенде Ескерместің түсі сұрланды.

Абырой болғанда, куәгерлер Ескерместі жақтап, ақыры ақталып шығады. Енді адамдардан неғұрлым қашық жүруге өз-өзіне серт беріпті.

           Енді міне ескі дағдысымен, және де соңғы кездерде иығынан басып тұратын қажып-шаршаудан серпілу үшін   Өлеңтінің бойына сурет салуға шыққан беті екен. Өмірдің талай олжа түсер тұсында осылай құр қалып жүретін жолсыздығына наласын ноқталай алмай келе жатқанда Қайсеновке жолыққан. Сол алаң көңіл-күймен  подполковниктің жақсы адам екеніне  шүбәсіз сеніп, амал жоқ, басқа кімге айтады, шері мен күйігін ортаға салған.

                                                     ***

Тергеу изоляторынан босап шығардың алдында бастықтың орынбасары майор  Байгуллин  Ескерместі майлы ішектей көп айналдырады.

Шағын көлдің арғы бетінде бір жағы саяжай, бір жағы аңшылық үйі дейтіндей фазендасы бар екен. Сол фазендасында бітпей жатқан шаруалары көп. «Соған көмектесіп жіберсең, ақыңды жемеймін. Оның үстіне жолыңа да ақша керек қой»,– қамқорсыпты. Ол жерде майордың аурушаң әйелі  қаланың көк түтінінен қашып, таза ауада тұрып жатқан көрінеді. «Шынын айтқанда, дерті үмітсіз. Он жылдан асты маған   масыл болғанына», – деп  майор ухілеп қояды.  Өзі ол жаққа аптасына екі рет қана барады. Көбіне қаладағы үйінде. Ол жерге негізінен қайықпен ғана қатынайды. Әйтпесе айналма көпір жол бар. Ескермес де бергі жағалаудан қайыққа отырып, оны өзі есіп келуі керек. Іші мұны қаламаса да, тергеу мен тергеушіден әбден запы болған  Ескермес, амал жоқ,  майордың шақыруын амалсыз қабыл алуға мәжбүр еді. «Періште мойнын бұрмаса, шайтаннан да жәрдем сұрайсың» дегеннің кері.

Осы жайды байыппен баяндаған Ескерместен  подполковник Қайсенов абайлап қана майордың аты-жөнін, қызметін сұрап білді. Азды-көпті таныстығы бар екен. О бастан жұлдызы қарсы осы бір сумақайды көп адамдардың суқаны сүйе бермейтінін білуші еді. Суыртпақтап отырып майордың фазендасының тұрақ-жайын, жөн-жосығын да сұрап алды.

Әр уақиғаның арасынан логикалық байланыс іздеу әбден сүйексіңді дағдысына айналған  сақа тергеушінің іші майордың бұл әрекетінің астарында әлдебір құйтырқы амал жатқанын сезді. Сезді де, ілезде бір шешім қабылдады…

                                                     ***

Ескермес көлшік жағалауындағы қалың өскен сәмбі талға ілгектенген қайықты оңай тапты. Көл үсті тыныш. Қайыққа отыра сала, ескекті қарсы жағалауға қарай  бар күшімен барынша құлаштай тартты. Ескектен тараған қысқа толқындар су бетінде өрнек сала қалып жатыр. Майор айтқандай, оңтүстікке қарай сәл қиғаш тұста екі жерден отбелгі түтін шығып жатуы тиіс. Әзірге көрінбейді.

Соңғы уақыттағы жүйкеге түскен салмақтан болар, әлде, судың лебі ме екен, жүрегі лоблып, көзі қарауыта береді. Бұл жағдайда қайықтан бас айналып, көлшікке құлап түсермін деп те қорықты. Жағалауға жеткенше күші сарқылмаса екен деп тіледі. Егер жағаға аман-есен іліксе, ары қарай таяқ тастам жерде аңшының үйі болуы тиіс.

Ескекпен күші сарқыла арпалысқан ол жайдақ тұсқа келгенде, жаны сәл тынығып алуды қалады. Ескегін күршекке ілді де, бір жағына жантая жатты. Екі иығынан төмен, білектен жоғары тұсынан саулай аққан ащы тер сіңіп, денесін ашытып барады. Бұның бәрі түк емес-ау, алақаны әп сәтте  күлдірей бастапты. Мұндай бейнетті көптен бері көрмеген бұлшық еті ауырсынды. Ескермес ептеп тыныстап алып, күшін жиып, серпіле қозғалды.

Көлшіктің суы мөп-мөлдір екен. Алабұға мен шортан неткен көп десеңші! Айнала сөзбен айтып жеткізе алмастай сондай көркем!

Ескермес әзер дегенде барып жағалауға ілікті. Жағадағы қамыс пен қалың қияқтың кесірінен жағалауға жақындап келе алмай,  қайық байлайтын жер таба алмай, біраз сандалды. Әйтеуір, зорға дегенде қайығын қазықтады-ау.

Қазықтағаны бар болсын, қамыс арасында маса буып тұр екен. Өз аяғымен келген оңай олжаға  уілдей лап қойысты. Ескерместің ашық-шашық денесіне жабысқан қалың маса ұрып қуатындай қолында да әл қалмаған. Ащы терге малшынған теріге аяусыз инесін сұққан масадан көргені бағанағыдан бергі азабына тұрмайды екен. Ескерместің жаны көзіне көрінді. Жасқауға шамасы жоқ, тек әбден қанға бөккен  көп масаны қолымен уыстап мыжып тастауға ғана шамасы жетті.

Биік қабақпен жоғары көтеріліп, шала жана бастаған оттың тұсына келіп, оң жаққа көз салып еді, анадай жерде қалқайып тұрған аңшы үйі көзіне оттай басылды. Аяғына шалына басып, сүріне-қабына келіп, үй есігінің тұтқасын ұстай беріп  еді, ол өз-өзінен ашылып сала берді. Ескерместің бұған таңданатын шамасы да жоқ-тын. Аяғын апыл-тапыл басып, ішке кіріп келді. Ызыңдаған, қандалаша жабысқан қалың масадан құтылдым ба, жоқ па деп, қайырылып кеп, есікті серпе жапты.

Үй іші самаладай жап-жарық. Көзін үйретіп, қалшиып біраз тұрды да, жан-жағына енді ғана  зер сала қарай бастады.

Сонда ғана байқады, жеңі қысқа, жағасы ақ сейсептен тік тігілген сәнді көйлек киген, бұтында көк бояу сіңірілген джинсі бар майор әдемі каминнің алдындағы креслода аппақ кроссовка ілген  аяғын-аяғына қойып, қолында тобылғы торы сыра құйылған саптаяғы бар,  бұған тесіле қарап отыр екен. Іштен жанға жайлы салқын самал еседі. Ескермес бір көзімен оң жақ  қабырғада ілулі тұрған  желдеткішті көзі шалып қалды.

Бір жағы шөл қысқан, бір жағы қан-жоса болған денесі ісініп-кебініп, әбден қалжыраған Ескермеске мына бөлме пейіштің төріндей көрінді. Ал жағасы жайлауда, салқын сыра сіміріп отырған майор әлемдегі ең бақытты жан болып елестеді.

Суретшінің әлемтапырық түрін көре тұра, бетіндегі бір тамыры бүлк етпей, аяушылық көрсету ойына кірмеген майор:

– Әбден болдырған екенсің, жігітім…, – деп  барып сөзден тиылды.

Ескерместің жүзінен  күлкіге ұқсас бірдеме елес беріп:

– Ағатай, бір сөз айтуға шамам жоқ…, – дегенге аузының икемі әрең келді. Онысын өзі әзер естіді. Майорға ол үні жетті ме, жетпеді ме, білмеді.

Осы екі ауыз сөздің өзін үш-төрт бөліп күшпен айтқан суретші аяғын жас баладай шәлкем-шалыс бір-екі басып, сол жағындағы орындыққа отыра берем дегенде, көзі еденде сұлап жатқан әйелдің денесіне түсті. Бет-ауызын қан жуып, бейнесі адам танымастай өзгеріп кеткен етжеңді әйелдің көзі алайып, шақырайған күйі көкке қарап қалыпты. Жанында қанға былғанған темір сүймен жатыр.

Ескермес түкке түсінбей, біресе майорға, біресе әйелдің денесіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Әбден қалжыраған басы шаршағанын да ұмытып кеткен сыңайлы.

– Бұл кісі менің әйелім, – деді майор түк болмағандай, дауысында бір діріл жоқ, ап-анық дауыспен. – Мен саған ол туралы анада айтқанмын.

Ескермес қанға бөккен әйелден көзін ала бере майорға көз салып еді, ол әлдеқайда телефон шала бастапты. Қолында бұған қарата оқталған «Макаров» тапаншасы.

Арғы жақтан «Әу!» деген дауыс шығысымен, майордың:

– Мен Байгуллинмін. «Опертопты» тез арада жіберіңдер! Изолятордан таяуда босаған қылмыскер менің аралдағы үйімде қақпанға түсті. Түнде балыққа барған едім. Мына иттің  тап менің лашығыма тап болғанын қараңдаршы! – деп жатқаны құлағына  шалынды. Ары қарай майор дауысына діріл қосып, жыларман дауыспен:

–Әйелім үйде жалғыз еді. Мына қанішер ол бейшараның  маңдайын жарып, жанын жаһанамға жіберіпті, оңбаған…, – деп жатқанын еміс-еміс қана естіді.

                                ***

Қайсеновтың ішкі сезігі оянып, Ескерместен фазенданың тұрақ-жайын бекерден-бекер тәптіштеп сұрап алмаған. Қазір міне, көздеген жеріне төте жолмен Ескерместен  ертерек келіп, майордың фазендасының сырт жағында жан-жағына зер сала  қарап тұр.  Мынадай  «барсакелмес» аралдан ойып тұрып оңаша үй салып алған мына майор нағыз жырынды ептінің нақ өзі-ау. Осылайша  ойға шомып тұрғанда, ол Ескерместің де ентелеп келіп, фазендаға кіргенін көзі шалды. Біраз күтіп барып, жанын шүберекке түйетіндей қауіп бар екенін біле тұра, ішке қарай батыл қадам басты. 

Кіріп келсе, Ескерместің есі кіресілі-шығасылы, көзі жынды кісідей алақ-жұлақ етеді. Қайсеновті көргенде, шарасыздықтан еңіреп  жылап жібере жаздады.

Бұл кезде майор Ескермеске қарай пистолетін кезеніп  отырған. Подполковникті жақсы танитын Байгуллин мұны көріп, сасқанынан не істерін білмей, қалшиып қатты да  қалды. Осы мезетті қалт жібермеген Қайсенов, қынабынан қаруын жалма-жан суырып алып, майорға кезене бере:

  • Таста қаруыңды! – деп бұйырды.

Бұл кезде дабылды қоңырауды қабылдап алған жедел топ та жеткен еді. Есікті айқара ашып, ішке жүгіре басып кірген капитан Болысов майорға қарата қару кезеніп тұрған өзінің тікелей бастығын көріп ә дегенде аңырып қалды. Қайсенов:

  • Бәрі түсінікті, капитан! Қылмыскердің кім екені айдан анық. Мән-жайды майордың өзі  дәл осы жерде, дәп қазір баяндап береді деп  ойлаймын, – дегенде барып капитан сұп-сұр болып, өне-бойы қалшылдап кеткен Байгуллинге  қарай бұрылды.

                                ***

Абылай пен Ескермес Өлеңтінің бойындағы өздері алғашқы рет танысатын балықты иірімнің жиегінде әңгіме-дүкен құрып отыр. Cоңғы кездері  подполковниктің  көңілі босаң тартып, әсершіл күй  иектейін деген бе, Ескермеске жақын адамындай бір түрлі жылыұшырай қарайды.

Қайсеновке асқан разы-хош көңілмен мейірлене көз салған Ескермес қатты толқып:

– Бауырым, сені маған жолықтырған Алла-Тағалама шексіз алғыс! Бес минуттың ішінде жан-дүнием астаң-кестең боп, миым қайнап кеткендей болды! Майордың бір оғының құрбаны болып, о дүниеге оның бейшара әйелінің өліміне  жазықты болып аттана жаздадым. Тірі қалсам да, мені ақтайтындай ешқандай айғақ-дәлел, не куәгер адам жоқ, арандап, кінәсіз пенденің пешенесіне жазылған  жазудан құтылмай, тар қапасқа қайта қамалып, одан енді қайтып шығуым неғайбыл еді,– деп қыстығып барып тоқтады. Сосын баяу аққан ағын суға көз алмай қарап отырып сөзін жалғады:

  • «Дүние түлкі болса, тазы боп шал» демей ме. Бірақ сол дүние кейде түлкі болмай, тазы болып өзіңді шалуы мүмкін екен. Еркіндік пен  бостандықтың қадірін жан түршігерлік түрменің тар камерасындағы темір төсекке таңылғанда білесің. Абақтыдағы адам астына мамық көрпе, басына жұмсақ құс жастық қойып, алдына алтын табаққа ас құйып, қолына күміс қасық берсең де бостандықты аңсайды. Еркіндіктегі қара нан мен қара суға не жетсін, шіркін!

Сайлау Төлеу

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...