Онлайн соттар – оң тәжірибе

Сот саласы бір орында тұрған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бұл саланың да жұмысы жанданып, халықаралық үрдіске сай заңдар да жаңғырып келеді. Сот жұмысын жандандыру, судьялар қызметін оңтайландыру бағытында қолға алынған жаңашылдықтар сот жүйесіне тың серпін берді. Мұндай іргелі өзгерістер судьяларды іріктеу тетіктерін күшейтуге, сот жұмысына деген талапты мейлінше қатайтуға ықпал етті. Себебі сот – адам тағдыры таразыға салынатын ең жауапты, ең мәртебелі орган. Осындай жоғары міндет жүктелген биік лауазым иелерінің өз қызметіне сай болуы, білімін ұдайы жетілдіріп, білігін үнемі арттырып жүруі маңызды міндет.

Соның ішінде соңғы жылдары халықтың соттағы әуре-сарсаңын азайтуға қатысты жаңашылдықтар бойынша көп ізденіс жасалды. Мұндай ізденісті екі бағыттан байқауға болады. Біріншісі – сот отырыстарын онлайн өткізуге деген талпыныстан байқалса, екінші өзгеріс – сот қызметін қашықтан көрсету тетіктерін қарастырудан аңғарылды.

Нәтижесінде «Төрелік», «Сот кабинеті» секілді жаңа технологияға негізделген электрондық қызметтер қолданысқа енгізіліп, азаматтардың үйден, кеңседен шықпай-ақ сотқа арыз-шағымдарын жолдап, сұраныстарына қашықтан жауап алуына мүмкіндік туды. Сонымен қатар, осы бағыттағы іргелі ізденістердің арқасында онлайн соттар күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды.

Айталық бұрын түзеу мекемелеріндегі күдіктілерден, айыптылардың жауап алу қашықтан жүргізілгенде қоғам ерекше қызығушылық танытқан еді. Бұл жаңашылдық түзеу мекемесіндегі азаматтарды әрі-бері тасудың уақыт, қаржы жағынан қолайсыз екендігімен, әрі бұл сотталушыларды сот отырысына  тасыйтындарға ғана емес, сот отырысына қатысушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзекті екенін ұқтырған болатын. Осылайша біртіндеп енгізілген бұл жаңашылдықтар кейіннен жаппай сот отырыстарын онлайн өткізуге мүмкіндік берді.

Қазір онлайн сот отырыстарын өткізу қоғам үшін таңсық зат емес. Технологияның қызметімізді жеңілдеткені соншалық, сот отырысының хаттамасы бүгінде электронды түрде жүретін болды. Машинкамен жұмыс жасаған судьялар үшін компьютерді меңгеру қиын болған жоқ. Жаңашылдыққа деген қызығушылықтың арқасында құжат айналымы қағазсыз, тек онлайн іске асырылып, сот отырыстарын адамның қатысуынсыз, қашықтан өткізу тез жолға қойылды. ІТ-технологияны жылдам меңгеріп, дреу тәжірибеге енгізген еліміздің сот жүйесі 2020 жылғы пандемия кезінде де кедергісіз жұмыс істеді.

Жоғарғы Соттың дерегінше, төтенше жағдайға дейін елімізде күніне 150 онлайн-процесс өтсе, карантин кезінде қашықтан өтетін процестер саны күніне шамамен 4,5 мыңнан асты. Халық денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтарын қорғауды бір сәтке тоқтатпау үшін сот отырыстары түгелдей қашықтан өтуге көшті. Осы шараның барлығы қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін жасалған мәжбүрлі әрекет еді. Оған халықтың да түсіністікпен қарағаны қуантады.

Бүгінде азаматтар сот отырысына «WhatsApp», «Zoom» бағдарламалары арқылы қосылып, іске қашықтан қатыса алады. Бұған еліміздегі жылдам ғаламторға қолжетімділіктің де оң ықпал еткені анық. Цифрландыру сот жүйесіндегі жұмысты бұдан ары қарай да жандандыра берері даусыз.

А.Акишов,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының судьясы

Азаматтық iстер бойынша сараптама жүргізудің тәртібі бар

Сот – дау алаңы. Сотқа жүгінген кез келген адамның...

Азаматтық істердегі эксаумақтық соттылық: сот төрелігінің тиімділігін арттыру тетігі

Қазіргі таңда азаматтық-құқықтық қатынастардың кеңеюі мен қоғамның цифрлануы сот...

БАЛА ТҰЛҒАСЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГ КӘСІБИЛІГІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «Бала тұлғасы және педагог кәсібилігі: мектепке...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КӨШПЕНДІЛЕР ӨРКЕНИЕТІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай университетінде «Көшпенділік – мәдениет пен өркениет түрі: заманауи...