Елімізде сот процестерін виртуалды өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы кедергілерді жойып қана қоймайды, сонымен қатар, уақыт пен материалдық ресурстарды да үнемдейді әрі сотқа деген қолжетімділікті арттырады. Пандемия кезінде соттар сақтық шараларын сақтау мақсатында істерді бейнебайланыстар арқылы қарауға көшті. Соттар үшін істі қашықтықтан қарау жаңалық емес, себебі, төтенше жағдай енгізілмей тұрып-ақ процестер онлайн өткізілетін. Яғни, сот отырысына қатыса алмайтын, атап айтқанда, денсаулығына немесе өзге де тұрмыс-тіршілігіне байланысты келе алмаған, өзге қала, шетелде жүрген тараптар немесе олардың заңды өкілдері бейнеконференц арқылы байланысқа шыға алатын.
Процестерді қашықтықтан өткізуге ел соттарында барлық жағдай жасалған. Мысалы, елде төтенше жағдай жарияланғалы бері Алматы қаласының Әуезов аудандық сотында сот істері онлайн режимінде Zoom, WhatsApp және TrueConf арқылы жүргізіліп келеді. Онлайн процесс әдеттегі сот отырыстарымен бірдей. Оған қатысушылар пікілері де бірдей тыңдалады. Бірнеше ай ішінде осы бағдарламалар арқылы процеске қатысушылардың қатысуы жақсарды, сондықтан, мемлекеттік айыптаушы мен адвокат да аталған бағдарламаларды игерді. Айта кетерлігі, онлайн процестерді өткізу үшін оған қатысушылар, соттан бастап үлкен дайындық керек. Оның тиімді өтуі және әр қатысушының сөзі мұқият тыңдалуы үшін ең алдымен тыныш, жайлы орын дайындалады. Мысалы, ол орын жақсы жарықтандырылған болуы керек. Сондай-ақ, сурет экранда жоғалып кетпеуі үшін камера қатысушының өзіне бағытталуы тиіс, өйткені, процеске қатысы барлар бір-бірін, яғни, айтылған сөздерді толық естулері қажет.
Ең бастысы процесс басталмас бұрын қажетті барлық материалды түгендеп алу шарт. Осы жағдай адам көңіліне алаңдаушылық тудырмайды. Бұл өз кезегінде оның өз құқығы мен мүддесін жоғары деңгейде қорғауына ықпал етеді. Бейнебайланыс кезінде фонда шу деңгейі өте төмен болуы үшін есіктер мен терезелер жабылады. Тыныштықтың мүмкіндігінше сақталуы сот отырысының сапалы өтуіне оң әсерін тигізеді. Жұмыс істейтін бейнебайланыс технологияларын мұқият қарап, Zoom, Whatsapp, TrueConf сияқты платформаларды пайдалануға арналған әртүрлі онлайн нұсқаулықтарды тексерудің артықтығы жоқ. Керісінше, пайдасы көп.
Сот отырысының хатшысымен іс-қимыл алгоритмін алдын ала талқылап, сынақтық бейне қоңыраулар жасап алудың да маңызы зор. Себебі, қандай да бір техникалық ақау немесе басқа да кем-кетіктің бар-жоғы анықталады, нәтижесінде оларды процесс басталмас бұрын түзету мүмкіндігі туады. Сот процесі барысында қатысушылардың өз ойларын нақты білдіруі және түсінікті әрі анық сөйлеуі әділ шешімге кепіл болады. Іске қатысы бар әрбір азамат өзге қатысушылардың да, өзінің де уақытын ұтымды пайдаланса нұр үстіне нұр.
Сот отырысы аудио және бейнежазба арқылы жазылады. Бұл өз кезегінде процессуалдық ережелердің кепілдігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елдегі барлық сот жүз пайыз деңгейде ғаламторға қосылған. Сот төрелігі сақтық шаралары ұйымдастырыла отырып жүргізілуде. Саладағы игі істер азаматтардың әділ сот шешімдерге қол жеткізуінің бірден-бірі кепілі. Тек сотқа жүгінушілер қоғамда болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауы керек.
Динара Джузбаева,
Әуезов аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы