12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Ойыншық» жұмыртқа

Жатақханаға келе жатқан Айғанымға сыныптасы Әлия хабарласып, Орталық мұражайда өтіп жатқан неміс зергерінің көрмесіне шақырған. Әлем мойындаған Фаберже жұмыртқаларын кімнің тегін көргісі келмейді дейсіз? Бірден келісті.

Алтынмен апталып, күміспен күптелген жұмыртқаның бәрі қауіпсіздік мақсатында төртбұрышты шишаның ішінде сақталыпты. Әр жұмыртқаға қараған сайын, неге екені белгісіз, Айғаным осыларды бұрын да көргендей сезімде жүрді. Бірақ, қайдан көрді?! Бұларға Фаберже жұмыртқаларын таныстырып жүрген гидтің айтуынша, Карл Фаберже 71 жұмыртқа жасаған, оның 54 данасын орыс патшалары Александр ІІІ пен Николай ІІ тапсырыс беріп жасатқан. Бір қызығы, мұражай гиді «кейбіреулері із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың тек суреттері ғана сақталған» – деп суреттерді көрсеткенде, біреуі Айғаным көзіне оттай басылды. Сол ғой, дәл өзі. Әжесі «апамның көзі» деп сандығынан шығармайтын «әдемі ойыншық» қой мынау. Бәсе…

Астында «Николай ІІ-нің анасына сыйлаған сары раушан гүлді жұмыртқа» деп жазылған жазуы да бар-тын. Бірде, әжесінен ойыншықтар туралы сұрағанында «Шырағым, менің кішкентай кезімде анам баласы екеуі ақ патшаның қабылдауында болған екен, содан осы жұмыртқаны «патшаның сыйлығы» деп алып келіп, маған берген. Көп ұзамай Кеңес үкіметі орнап, біз жер аударылып, әкем атылып кеткен кезде де бұл сыйлық қалтамда жүріп аман қалды. Кейіннен патша берген деген сөзден қорқып ешкімге көрсеткен емеспін» – дейтін. Сүп-сүйкімді қызыл тастан жасалып, алтынмен көмкерілген ойыншық ортасынан бұралып ашылатын, сол сәтте ішінен сары раушан гүл шығатын еді. Мына суреттегі жұмыртқа дәл өзі көрген жұмыртқадан аумайды.

Хан қызының

құпиясы

– Міне, ойыншық! Жаңа ғана гид бұл жұмыртқалардың бағасы өте қымбат, сондықтан, оны иелену үшін талай адам қылмысқа барған, –  деді. Мынаны естіген Айғанымның жүрегі жиі соғып, басы солқылдап сала берді. Уайымнан болар. Сосын амалсыз Әлияға айтып, көрмені толық араламастан сыртқа шығуға асық­қан. басы ауырып, жүрегі айнып кетті де Әлияға «сыртқа шығайықшы» деді. Мұны байқаған құрбысы да:

– Айғаным, саған не болды, Фаберженің жұмыртқасымен ауырып қалғаннан саумысың, түріңнен түр жоқ, –  деп қалжыңдап қояды.

Ертеңіне сабаққа да бармай, күні бойы кітапханадан Фаберженің жұмырт­қалары туралы анықтап білді. Әжесінің айтуынша, анасы мен әкесі Николай патшаға «Қазақ жері мен елінің тыныштығы үшін» сауға сұрап барған екен. Қазақтың зиялылары мен хан тұқымынан шыққан бірнеше адам Петерборға барды деген құжатты тапты, бірақ, соның ішінде сыйлыққа жұмыртқа берілді деген дерек жоқ. Айғанымның әжесіндегі жұмырт­қаны «із-түзсіз жоғалып кеткен» деп бір-ақ ауыз сөз жазылған. Хан тұқымы екенін әр қимылынан білдіріп отыратын әжесінің бұл құпияны ұрпағының болашағы үшін жасырып ұстағаны даусыз. Тек осыдан кейін ғана әжесінің қолында құнды сыйлық барын болжаған Айғаным сырын құрбысына айтқан. Бірақ, мұны күле тыңдаған Әлия сөзіне аса мән берген жоқ.

Ит күзет

Жазғы демалысқа шығысымен Айғаным ештеңеге қарамай дереу ауылға қайтты. Әжесінің қолындағы жұмырт­қаға байланысты барлық мәліметті жинап барып, ақиқатқа үлкендердің көзін жеткізбек. «Егер біреу-міреу мұндай құнды жұмыртқаның барын білсе, өлтіріп кетеді» деп, әжесін қорқытып қоюды да ұмытпады.

– Е-е-е, анамның мұны ойыншық етіп бере салғанына қарағанда, байлық деп қарамаған-ау. Елден біздің тұқымның байлығы туралы түрлі аңыз-әңгімелер естігенмін. Аңыз емес шындық екен ғой,– деген әжесі бір жылап алды. Төрт балам төрт жақта күнін әрең көріп жүр еді, бұл да Құдайдың көмегі шығар, қызым әкемнің көзі деп сексен жыл сақтадым, сатсаң сат, –  деді ақыры.  

Сол сәттен бастап Айғанымның отбасы жұмыртқаны қайда, қалай сатуға болатынын білмей бастары қатты. Ақыл қоса қоятын адам да жоқ, ары-бері сұрастырып көріп еді, ешкім нақты жауап бере алмады. Әкесі Айғанымға күзде оқуға барған кезде мұғалімдеріңнен сұра, көздері ашық адамдар ғой,  жолын білетін біреу шықса, артыңнан өзім алып барамын, оған дейін жақсылап тығып қойыңдар, – деп жұмыртқаның тағдырын мұның жауаптылығына берді.

Қаралы хабар

Оқу басталып, Айғаным лағыл тастан жасалған жұмыртқаны кімге, қалай сатуға болатынын ақылдассам деп жүрген кезде, әкесі хабарласып, әжесінің нашар болып жатқанын жеткізген. Оқудан бір аптаға сұранып, ауылға құстай ұшты. Әжесін, аяулысын көріп қалғысы келген. Бірақ, үлгермеді. Әжесі ауырмай-сыр­қамай, намаз оқып отырған жерінде жүріп кеткен екен.  Енді «құлыншағым» деп күтіп отыратын жақыны жоқ. Әжесін жерлеп, ағайын-туыс тарағасын әкесі мен шешесі Айғанымға:

– Әжең екеуің жұмыртқаны қайда тықтыңдар? – деді. Айғаным:

– Әжем сізге айтамын деп еді ғой – деді әкесіне қарап.

– Айтты, бірақ ол жерден таппадым. 

– Әжем сізге дұрыс айтпаған шығар, әлде қайда тыққанымызды ұмытып қалды ма екен? Қазір мен барып алып келейін,– деп сыртқа жүгірген. Жүрегі атқақтай соққан қыз иттің үйшігіне келіп бір-ақ тоқтады. Әжесі екеуі ешкім көріп қоймасын деп түн ауғанда үйшік астына көмген. Төбетті үйшігінен қуып шығып жерді қаза бастады, бірақ, қанша қазса да жұмыртқа жоқ. Әкесі қасына келіп:

– Қызым, бұл жерде жоқ, мен де түгел қазып шықтым. Сен кеткесін әжең «қызымның айтқаны рас болып, ойыншықты қымбатқа сатсақ, ақшасын бес балама теңдей етіп бөліп беремін», – деді. Бұйырмаған ғой.

– Әке, әжемнің төрт баласы бар ғой? – деді Айғаным таңданып

– Өзіңді ұмыттың ба, немереден үлкені болғандықтан сен де сол кісінің баласы емессің бе? Әжең сенің жасауыңды ханның қызынан кем қылмаймын деуші еді ғой.

Сыртта біраз тұрған әке мен бала жұмыртқаның жоғалғанына таң.

– Бауырларыма айтпағаным жақсы болыпты, әйтпесе, өзі сатып жіберді деп күдіктенер ме еді. Жарайды қызым, ол ойыншықсыз да күн көрдік қой. Тек Қарауыз үйшігі  тұрмақ, үйге ешкімді жолатпаушы еді. Тығылған затты кімнің алып кетуі мүмкін сонда? – деген әкесі әлі де ой үстінде.

– Иә, әке, әжем екеуміз соны ескеріп үйшіктің астына тыққанбыз. Қарауыз үйшікті өзі қозғай алмайды, оны тек біздің үйдің адамы алуы мүмкін? – деді де Айғаным өз ойынан қысылып әкесіне жалт қарады.

– Қой ондай арам ой басыңа қайдан келді? Кім алады? Бауырларың бұл әңгімені білмейді де, оларға айтпадық, ойыншықтың қымбат екенін төртеуміз ғана білеміз,– деді әкесі мұны жұбатып. Айғаным ішінен «бесеуміз білеміз, әкем Әлияға айтқанымды білсе не істер екен?» деп ойлады, бірақ, «Әлия да біледі» деп айта алмады.

– Әке, енді қайда кетеді? Мен алмасам, сіз алмасаңыз, әжем жоқ, әлде анам алды ма екен?

– Жоқ ол сендердің қай жерге тыққандарыңды да білмейді, маған әжең айтпаса, мен де білмес едім және оны не істейді? Қой, қызым біреудің күнәсін арқалама,– деп есіктің алдына келіп тоқтады.

– Әке, не деген адамсыз, анамнан бұл үйде ешқандай жасырын сыр қалмайтынын сіз жақсы білесіз ғой. Керек болса ол тың-тыңдап жүріп-ақ біліп алады, сізді қайдам, мен анама онша сене бермеймін. Әжем айтушы еді ғой «әкеңнің бар тапқанын төркініне тасиды» деп. Жақында ғана інісі қара шаңырағымызды казиноға салып жіберіп қаңғып қалды деп жылап отыр еді ғой, –  деді әкесіне қарап. Әкесі басын шайқап:

– Ұстап алмағасын не айтарымды білмеймін, не ойларымды білмеймін, қызым, –  деді де үйге кірді.

Айғаным әкесіне «полицияға барып шағым жазайық, анау-мынау зат емес, Фаберженің жұмыртқасы десек, іздеу салар», деп еді, әкесі көнбей қойды.

Күдік

Айғаным әжесінің бұлай тез қайтыс болғанына әлі сене алмай жүр. Сол жұмыртқа туралы неге айта қойдым екен, бәрібір өзіме беріп кететін еді ғой,– деген ой күнде мазалайды. Қызының жәйдан-жай отырып, жылай бергенін жақтырмаған шешесі «неге жылай бересің, әжең жұмыртқаны тығып, басқа баласына тастап кеткен шығар, бізге теңдей етіп бөліп беремін дегені сөз ғана» деп ұрыса жөнелді. Айғаным не дейді, көз жасын сүртеді де іштей өзін-өзі жұбатады. Әжесінің жетісін бергесін Айғаным қалаға оқуына жиналды. Әкесі бір аптаның ішінде құр сүлдері қалған қызын вокзалға шығарып салып тұрып:

– Қызым, құрып кеткен жұмыртқа үшін өзіңді кінәлама, оқуыңды оқы, әкенің малы балаға мал болмайды дейді ғой, өз еңбегіңмен тапқанға ештеңе жетпейді. Әрине, ол сен айтқандай көп ақша тұрса талай жыртығымыз жамалып қалар еді, амал қанша, – деп Айғанымды шығарып салған.

Терезеден әкесіне қол бұлғаған Айғаным жайғасқан соң бірден қол сөмкедегі өшірулі тұрған ұялы телефонын қосып, Русланның нөмірін тере бастады.

– Алло, жаным, бәрі ойдағыдай өтті. Біз ойлағаннан да оңай болды, ешкім менен күдіктенген жоқ, жұмыртқаны сата бер, біз миллионерміз, – деді ол. Ішінен «әкеңде болғанша, алғаныңда болсын» деп қазақ бекер айтпаған ғой деді күбірлеп.

Поезд жүрісін жылдамдатып лезде вокзал көзден көрінбей кетті.

Жанар ҚАЛИБЕКҚЫЗЫ,

журналист

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...