Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заң елімізде 2007 жылы 12 қаңтарда қабылданған болатын. Ол ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты; ойынның өзін өткізу және бәс тігу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын; ойын бизнесін ұйымдастырушы мен уәкілетті органның арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi.
Бұл заңға 17 жылдың ішінде 22 рет түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Ойын бизнесіндегі – бәс тігу, букмекерлік кеңсе, интернет-казино, құмар ойын, казино, ойын мекемесi, тотализатор, электрондық казино, ұтыс сияқты негізгі ұғымдарға заңның 1-бабында анықтама берілген. Мәселен, бүгінгі таңда еліміздегі спорттық ойындардың телекөрсетілімі кезінде ең көп көрсетілетіні және атауы жиі айтылатыны – букмекерлік кеңсе. Оған заңда «қатысушылармен бәс тігу жасасатын ойын бизнесін ұйымдастырушы» деген анықтама берілген. Ал, бәс тігу – қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм. Өкінішке қарай, букмекерлік кеңселердің әрбір адамның ұтысқа ие болу мүмкіндігі бар деген жарнамасына сеніп, оңай олжаға кенелгісі келгендер саны елімізде күн санап өспесе, кемитін түрі жоқ. Оған соңғы кезде, Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын ресми жарыстардың бас серіктесіне айналған ресейлік букмекерлік компаниялардың да қосып жатқан үлесі аз емес. Ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды заң бойынша Президент, Үкімет, уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Сондықтан ел тұрғындарының құмар ойын жетегінде кеткен туыстарының тағдырына араша түсуді сұрап Мемлекет басшысынан бастап, Үкімет пен Парламент мүшелеріне хат жазып, үндеу жолдауы қалыпты жағдайға айналды. Уәкілетті органдар әзірге казино, интернет-казино, электрондық казино сияқты мекемелер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде айтарлықтай үлкен өзгеріс жасай алмауда.
Былтыр Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев құмар ойынның жарнамасына шектеу салу қажет екенін айтып, жауапты министрлерге жолдаған сауалында: «Лудомания қазір ғасыр дертіне айналды. Құмар ойынның құлқыны қандай десеңіз санамалап айтайын, қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда былтыр құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек алдық. Ол ол ма, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат және келді. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан», – деген еді.
Оған Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: «Бұл өте өзекті мәселе. Құмар ойын, ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ол заң қазіргі өзгеріcтерге жауап бере алмайды. Жарнамаға қарсы шектеу жоқ. Осыған қатысты ұсыныстарды құзыретті органдармен бірге қарап шықтым, 16 шектеу бар. Ұлттық экономика министрілігімен бірге қарап, сегізін бітірдік, қалған сегізін келесі айда бітіреміз. Қаржы министрлігімен бірігіп түзетулер жасалады. Бизнес өкілдерімен келісу қиындау болды. Бірақ Ұлттық экономика министрлігі де жұмыс істеп жатыр», – дегенді айтты.
Сондай-ақ, депутаттың «Құмар ойын ұйымдастырушылар 109 млрд теңге салық төлейді. Ал лудомандарды емдеуге бір жылда 140 млрд теңге кетеді шамамен. Айтпақшы, қазір Ұлттық спорт алаңдарына, көкпар мен бәйгеге тотализатор еніп жатыр. Бейресми көбіне. Бұл не сұмдық? Ұлтымызды сақтаймыз деп жүріп ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болды? Бұл кімнің бастамасы»,– деген жанайқайына Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров көңіл көншітерліктей жауап айта алмады. Уәкілетті органның интернет сайтындағы деректер бойынша өзін құмар ойындардың жағымсыз салдарынан қорғағысы келетін адам құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға шектеу қоя алады. Ондағы бірінші қадам, жеке тұлға құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге шектеу туралы еркін нысанда кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға жазбаша өтініш толтырады және береді. Екінші қадам, ойын бизнесін ұйымдастырушы қабылдаған және тіркеген өтініштің көшірмесі ол қабылданған күннен кейінгі 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органға жіберіледі. Үшінші қадам, уәкілетті орган осындай өтініш келіп түскен күннен кейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлға туралы мәліметтерді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізіміне енгізеді. Осыдан кейін жаңартылған тізім ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жолданады. Бұдан басқа, жеке тұлғаның өзі құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектеу туралы өтініш беруден бас тартқан жағдайда, құмар ойын салдарынан өз отбасын материалдық жақтан ауыр жағдайға душар еткен азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен шектеуі мүмкін. Сонымен бірге, 15-1-баптың 2-тармағына сәйкес, жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде уәкілетті органға осындай адамды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізу туралы өтініш жасауға құқылы. Тек ойын бизнесінің ұйымдастырушысы нақты тізімді жасырын бөлімге өту арқылы жүктей алады және ол ойын бизнесін ұйымдастырушының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы авторланған. Яғни, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия саналады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


