Қаланы қоңыр күз құшағына алған шақ. Тамыры тас көшемен қауышқан талдар тұнжырай бастаған. Қазанның қара дауылы қуған жапырақтар желмен жарысып ұшып барады…
Таңертең жұмысқа жиналып жатқан аға тергеуші Айдаровтың телефоны шырылдай жөнелді. Тосын қоңырау қалада кісі өлімі болғанын жеткізді. Айдаров жұмысқа бармай, бірден айтылған мекенжайға бет алды.
Көпірдегі мүрде
Қылмыс қала шетіндегі үлкен көпір үстінде болыпты. Қайтыс болған қырық жас шамасындағы ер адам екен. Ең қызығы мүрденің жерде жатпай, көпірдің темір қоршауына сүйеніп тұрғаны болды. Оң жақ самайына оқ тигеннен болуы керек, бетін қан жуып кетіпті. Марқұм темір қоршауға етпеттей сүйенген, оң қолы қоршаудан асып көпірдің астына қарай салбырап тұр. Төменде ағысы бәсең өзен суы баяу жылжиды…
Полицейлер оқиға орнын мұқият тексеріп жүр.
– Оқ жақын жерден атылған. Денесінде көгерген, сызылған белгілер бар. Сол қолының алақанынан бір тал шаш таптық. Сонысына қарағанда өзіне қастандық жасамақ болған адаммен біраз алысқан секілді, – деп мәлімет берді бір полицей.
Медициналық сарапшы марқұмның қазіргі дене температурасы 90.8 °F екенін айтты. Әдетте дененің қалыпты температурасы 98.6 °F (37 °C) болады. Адам өлген соң алғашқы 5 сағатта дене температурасы сағатына 1.5 фаренгейт жылдамдықпен төмендейді, ал 5 сағаттан асқаннан кейін дене температурасының төмендеуі бәсеңдеп, алғашқы бес сағаттағы жылдамдықтың 1/5-індей болады. Осы бойынша есептегенде, марқұмның өлгеніне 6 сағаттай уақыт болған деп болжауға болады. Айдаров сағатына қарағанда таңғы тоғызға таяған, демек қылмыс түнгі 02:30-03:00 аралығында жасалды деген сөз.
– Адам аяғы сирек басатын қала шетіндегі көше екен, оның үстіне қылмыс түн ортасында жасалып отыр. Бейнебақылау камерасы да жоқ секілді. Қылмысты ашу оңай болмайды-ау, – деп ойлады Айдаров.
Таңғы сағат 09:30-да қалалық полиция басқармасында шұғыл жиналыс өткізілді. Өткен түнде болған қанды қылмысты ашу үшін тергеу тобы құрылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырған істі жедел ашу міндеті Айдаровқа жүктелді.
– Оқиға орнын тексерген мамандар бөгде аяқ киім ізін таба алмады. Тек марқұмның өз ізі ғана бар. Мылтық жақыннан атылғанына қарап алғашында ойға күдік кіргені рас. Шындығында азамат егер өзін-өзі атса, қолында мылтық болар еді. Өйткені, өзін тура бастан атқан жанның одан кейін қаруды лақтырып жіберуі мүмкін емес. Оның үстіне қолындағы жараның орны, костюміндегі жыртылған қалта азаматтың өлер алдында әлдекіммен алысып-жұлысқанын айғақтайды. Осыған қарап марқұмның кісі қолынан өлгенін анық айтуға болады, – деп қылмыс жайын қысқаша баяндады тергеуші.
Мақұмның кім екенін анықтау қиын болған жоқ. Қалтасынан жеке куәлігі табылды. Ерлан Нұрғазиев есімді 41 жастағы қала тұрғыны екен.
Шарасыз
Қалалық емханада ұзақ тексерілген Ерлан өзінің ауыр дертке шалдыққанын білгенде жанын қоярға жер таппады. Кейінгі бірнеше айда кеуде тұсы қатты шаншып ауыратын болған. Денсаулығы сырттай жақсы көрінгенімен, әртүрлі сырқат белгілері бұрыннан бар еді. Бірақ «бас ауырып, балтыр сыздағанға» бола емханаға бара беруге жағдайы да келмеді. Дәрігерге көрінуді қалтасы көтермеген соң, ауруды елемегенсіп жүре берген. Соның соңы қиынға соғып отыр. Мына дертті емдеп жазу үшін өте үлкен қаражат керек.
Жанын жегідей жеген сырқат пен сары уайым Ерланның еңсесін түсіріп жіберді. Жол бойындағы ұзын орындыққа отыра беріп, көкірегін қарс айыра ауыр күрсінді. Ауыру мұның жалғыз уайымы емес, үйде ішер ас, киер киімге жарымаған бала-шағасы отыр. Үлкені он төрт, кішісі бес жасқа келген төрт баласын қатарынан қалдырмай өсіру қолынан келер емес.
Зауыт жабылғаннан бері адам секілді уысы толып ақша тауып, отбасына апарған кезі жоқ. Жөнді жұмыс кездеспеді ме, әлде сүйікті қызметінен айырылған соң беті қайтып қалды ма, белгісіз. Жеті жылдан бері еш жерде тұрақтап жұмыс та істемеді. Бір жерде бір ай, кей жерде бірнеше ай тұрақтайды. Кейде тіпті айлар бойы жұмыссыз жатады. Әйтеуір қиындыққа қасқайып қарсы тұрған сабырлы әйелі жалғыз өзі отбасын асырап отыр.
Ерлан бұрын еңбекқор азамат еді. Қала шетінде орналасқан үлкен қант зауытында қызмет істеді. Тіпті көзге түсіп, сату бөліміне жетекшілік еткен де кезі болды. Кейін зауыт күтпеген жерден жабылып қалды. Себебін ешкім түсіндірген жоқ. Облыс аумағы қант қызылшасын өсіруге өте ыңғайлы болатын, өнім де жаман емес еді. Ел арасында, жоғарыда отырған бір дөкей «қантты егіп, баптап, оны өндіріп жүргенше шетелден импорттаған әлдеқайда тиімді» деп зауытты жаптырыпты деген алып-қашпа әңгіме бар. Қалай болғанда да зауыттың жабылуы облыстағы егінші ағайынға, қаладағы жұмысшы қауымға оңай тиген жоқ. Жұмыссыз қалғандарды айтпаған күннің өзінде Ерлан секілді сол беті есін жия алмай кеткендер қаншама?!
Сақтандыру салқыны
Тәжірибелі тергеуші істі неден бастауды жақсы біледі. Алдымен марқұмның жақындарымен сөйлесу керек, қылмыс болған маңнан куәгер іздеуді де естен шығармайды. Нұрғазиев туралы көбірек мәлімет жинап, оны өлтіруі мүмкін басты күдіктілерді сараптаған жөн. Суицид жасаған болуы да мүмкін, бұл нұсқаны да ерте жауып қоюға болмайды.
Нұрғазиев қала маңында тұрған екен. Жұпыны үйден жүзі жадау әйел кісі қарсы алды. Төбе шашы үрпиген төрт-бес жастағы бала келгендерге үрке қарайды. Жылаған ана, жиылған жұртшылыққа қарап, әкесіне бірдеңе болғанын сезетін секілді. Тым жабырқау.
– Ерлан кеше кешкі сағат алты мөлшерінде асығыс үйден шығып кетті. Бірнеше күннен бері көңілсіз жүрді, бізге ештеңе айтқан жоқ. Кеше үйден кетерде балаларға қараған да жоқ, үнсіз шығып жүре берді, – деп еске алды әйелі.
Ал көршілері Ерланның ешкіммен өштесіп, ренжіспегенін, өз алдына өмір сүрген елеусіздеу адам екенін айтты. Тіпті, жақын дос-жараны да болмаған секілді. Оны танитындардың көбі «жөнді өмір сүруге талпынбаған, қырсыздау, жалқау» дегенге саятын мінездеме берді. Жұбайы да қайғымен қатар бір өкпе-назының бар екенін аңғартып алды.
Қылмыс болған жерге жақын тұратын тұрғындар ештеңе байқамапты. Мылтық дауысын естігендер де аз. Марқұмның денесі табылған көпір қаладан шеткеріде болғандықтан, жақын деген тұрғын үйлердің өзі бір шақырымдай жерде. Соған қарағанда бұл қылмыста куәгер табылмайтын секілді.
Күмәнді қару
Тергеушілер Нұрғазиевтің өмірбаяны мен оған қатысты мәліметтерді алып келді. Айдаров құжаттарды ақтарып отырып, біршама мән-жайға қанықты.
– Бұған дейін сотталмаған, нашақор немесе алқаш емес, басқа да жаман әдеттері жоқ. Көптен бері тұрақты жұмыс та істемепті. Отбасының тұрмыс жағдайы төмен екенін үйіне барғанда көрдік. Соған қарағанда ешкімге пайдасы да, зияны да жоқ адам болғаны ғой, – деп ойлады Айдаров.
– Мына құжат маңызды көрінеді. Өмірді сақтандыру шарты екен. Шарт 8 жыл бұрын жасалыпты. Сақтандыру шартына сай жарна біржолғы негізде төленген. Құны да қомақты. Сақтандыру бойынша төлемге әйелі мен балалары ие болады деп көрсетілген екен. Ерлан ірі зауытта жауапты жұмыс істеп жүрген кезде жасапты, ол кезде табысы тәуір болғаны анық, – деді көмекшісі құжатты Айдаровқа беріп жатып.
Тағы бір құжаттан Нұрғазиевтің бір апта бұрын қалалық емханада болғаны анықталды. Арнайы сұрау жіберіп, ауруы асқынғанын білді.
– Әйелі бағана барғанымызда «соңғы бірнеше күнде тым көңілсіз жүрді» деп еді, себебі енді белгілі болды. Шынында айықпас дертке шалдыққанын білген адам қамықпай қайтсін! Оны неге жақындарына айтпағаны таңғалдырады, – деді аға тергеуші.
– Кісі қолынан өлмеген секілді. Суицид болуы әбден мүмкін. Мына екі құжат сондай ойға жетелейді. Өзі науқас, емделуге қаржы жоқ. Есесіне өмірді сақтандыру шарты бар. Өзі олай-былай боп кетсе, бала-шағасы үлкен төлемге ие болатыны анық.
– Сөзіңнің жаны бар, – деді Айдаров, – бірақ бұл тек болжам. Оның өзін-өзі өлтіргеніне дәлел жоқ. Басына оқ тиген, қолында мылтық жоқ. Тергеушілердің бөгде аяқ ізін таба алмағанына да назар аудару керек. Бұл да суицид болжамын бекемдей түсетін факті.
– Ал оның денесіндегі жарақаттар мен қолындағы шаш нені білдіреді, оқ атылған мылтық қайда? – деген көмекшісі өз-өзіне қол жұмсау болжамымен келіспейтінін білдіріп күдігін ашық айтты.
– Егер адам өзін өлтіруге бел буса, тергеуді шатастыру үшін денесін жаралап, қолына әлдекімнің бір тал шашын ұстап алу қиын шаруа емес. Оның үстіне сақтандыру төлемін алуды мақсат етсе, осындай жалған қылмыс алаңын жасау тіптен түсінікті. Ең маңызды жұмыс – мылтықты табу керек, – деген Айдаров қылмыс болған жерде түсірілген суреттерді қайтадан қарай бастады.
Темір қоршауы бар көпір, қоршауға еңкейе сүйенген мүрде. Оң қолы төмен салбырап тұр. Ұзақ ойланған аға тергеуші кенет «таптым» деп орнынан атып тұрды да, көмекшісіне қуана тіл қатты:
– Тез жинал, әлгі көпірге барамыз. Мылтық дәл көпірдің астында жатыр.
– Егер тапаншаны көпірден төмен тастаса, өзен суы әлдеқашан ағызып кетті емес пе? – деді көмекшісі түкке түсінбей.
– Жоқ. Тапанша ауыр затқа байланған, оны су ағыза алмайды, – деді Айдаров сеніммен.
Тәуекел
Ерлан науқас екенін білген соң өмірден біржола күдер үзді. Ақша тауып, отбасын асырай алмаса, жазылмас дертті арқалап өмір сүрудің мәні қанша? Сандық түбіндегі сақтандыру шарты есінде. Егер жақсы жоспарлап, оқыс жағдай ұйымдастыра алса, бала-шағасы қиыншылықтан құтылады.
Осы ойдың жетегінде шұғыл жоспар жасауға көшті. Бала-шағасын, өмірді қимай бірнеше күн жүрді. Бірақ қимастықпен тигізер пайдасы шамалы, одан да тәуекел ету керек. Қолы ұзын кезде сатып алған тапаншаны алып шықты. Әлдеқашан тіркеуден шығарылған, иесін ешкім білмейді. Үйден шығарда ойынан айнып қалмас үшін, балаларының бетіне қараған жоқ. Үнсіз шығып кетті…
Өзгелер кісі қолынан өлгеніне сенуі керек. Сонда ғана сақтандыру төлемін береді. Сол үшін қолдарын, мойны мен бетін аздап жаралады. Ағашқа қыстырылып тұрған бір тал шашты да ала салды. Өмірмен қоштасар орынды таңдап қойған. Қала шетіндегі көне көпірге барады. Ешкімнің көзіне түспес үшін түнде әрекет еткен жөн. Көпірдің қоршауына еңкейе сүйенеді. Тапаншаға ауыр темірді байлайды да, оң жақ самайға тіреп тұрып шүріппені басады. «Тарс» еткен үнмен бірге оң қолы «сылқ» етіп төмен құлайды, ал ауыр темір тапаншаны қолынан жұлып алып, өзенге түседі…
Қуаныш Қаппас