90 жылдық тарихы бар Алматы облысының Райымбек ауданында бұрын бірде-бір құс шаруашылығы болмаған еді. Табиғаты қатал таулы өлке тұрғындары тек қосалқы үй шаруашылығында өсірілген тауық еті мен жұмыртқасын қанағат тұтып келген-ді. Ештен кеш жақсы дегендей, былтыр Тегістік ауылындағы алғашқы аудандық шағын өндірістік аймақта «ДИАС» кооперативі Эко-Чикен құс еті мен тауық жұмыртқасын өндіретін өндіріс орнын ашқан болатын.
Ұлттық статистика бюросының мəліметі бойынша, биыл сəуір айында Алматы облысында өндірілген 46 862,7 мың дана жұмыртқаның 30,7 мыңы осы ауданда өндірілген. Ал 4 айдағы өндірістің жалпы көлемі мұнда 173,9 мың дананы құрап отыр. Былтырғы сəйкес кезеңде ол 53,6 мыңды ғана құраған болатын. «Бұл Райымбек ауданындағы тауық еті мен жұмыртқасын өндіретін жалғыз өндіріс орны. Мұнда күніне 2000–2500 жұмыртқа өндіріледі. Қазір өңірдегі дүкендерден жұмыртқаға деген сұраныс өте жоғары. Оларда күн сайын ең кемінде 500 жұмыртқа сатылуда. Бұдан тауық еті де өндіріледі. Ет бағытында өсірілетін балапан 45 күннен кейін союға жарамды болады», – дейді Тегістік ауылдық округінің əкімі Қайнар Əбдіқасымов. Оның айтуынша, бұл фермада ақылды жүйе қойылған. Онда өсірілетін тауықтардың жұмыртқа өндіруіне жыл мезгіліндегі өзгерістердің ешқандай əсері жоқ. Сондықтан өнімділік тұрақты. Тауықтар тек жылына 1 ай ғана жұмыртқа бермейді. Қазіргі таңда тауық еті мен жұмыртқасын тек Райымбек ауданына ғана емес, көршілес Кеген ауданына да саудалап келе жатқан кəсіпорын алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, Алматы облысының нарығына шығуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Осыған орай жақында Алматы қаласына барып, тағы екі тауық қорасын салуға келісімшартқа отырып келген. Олардың əрқайсысы 3 мың басқа арналған. Яғни, қазіргі таңда 1,5 мыңнан екі қорада 3 мың бас тауық өсіріп отырған өндіріс орнының қуаты енді бірден екі есе ұлғаятын болады. «ДИАС» кооперативі бұған дейін бұл өндіріс орнын ашу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 жылға 2,5 пайыздық өсіммен 27 млн теңге несие алған болатын. Кəсіпкерлер оны 1,5 жылда қайтарамыз деп жоспарлауда. Олар қазіргі таңда Райымбек ауданындағы 7,5 гектар алқапта орналасқан алғашқы шағын өнеркəсіптік аймақтағы өз қызметін сəтті жүзеге асырып отырған бірден бір ірі кəсіпкерлік нысаны саналады. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Райымбек ауданында 2023–2024 жылдары 2,5 пайызбен 91 адам 521 млн теңгенің несиесін алған болатын. Былтыр 26 адам 240 млн теңге алған. Бұлардың қатары биыл да толығуда.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


