Биыл Ақсу ауданында барлығы 3167 гектар жерге қант қызылшасының тұқымы себілді. Соның ішінде, 180 гектар алқапқа себілген тәтті түбір «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Жаз бойы күтіп-бапталып өсірілген бағалы дақыл күз айында жинала бастайды. Сол себепті қант зауыты алдағы науқандық жұмыстарға қызу дайындық үстінде.
Осыған байланысты Алматы облысының әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров аталған кәсіпорында жүргізіліп жатқан жұмыстарды көру үшін арнайы атбасын бұрды.
Өнім сақтайтын қойманы көруден бастаған Серікжан Іслямұлы кәсіпорынды тұтас аралады. Мұндағы жұмыстармен қант зауытының басшысы Самат Надырбаев таныстырды. Байқағанымыздай, зауыттағы ескірген құрылғылардың басым бөлігі жаңартылған. Жөндеу жұмысы барлық талапқа сай іске асырылып жатыр. Мамандар да өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда.
Қазіргі кезде бұл жерде жүзден аса адам еңбек етеді. Жазғы маусымда оған тағы жүз шақты адам қосылатын болады. Ал күзгі науқан басталған сәтте олардың саны алты жүзге дейін жетіп, өнім өндіруге кіріседі.
Облыс әкімінің орынбасары кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан соң зауыт қызметкерлерімен бас қосып, жалпы зауытта қандай проблемалар барын сұрап, білді. Мұндағы мақсат — маусымдық кезең басталған сәтте әлдеқандай кедергілер туындамас үшін осы бастан түйінді мәселелерді шешіп алу. Осы орайда мамандар ойларын ашық айтып, тұшымды жауаптар алды.
Серікжан Іслямұлы биыл «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы зауытты іске қосып, 20 қыркүйекте жұмыстың басталатынын және қазір ешбір проблеманың жоқ екенін жеткізді. Су шаруашылығы саласына жауапты мамандар биыл ауа райына байланысты өзендердегі су деңгейі былтырғыға қарағанда 40 пайызға төмендегенін айтып өтті. Сол себепті олар облыс, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, тәулік бойы суару жүйесін енгізу бойынша келісім жүргізіп, жұмыс атқарып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, «Ислам» даму банкінің қаржыландыруы аясында өңірдің суару жүйелерін қайта құру жобасы жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, өңірде қант қызылшасын себумен айналысатын алты сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Оның сыртында төрт ірі шаруа қожалығы қызылша себуге арналған техникалармен толық қамтылған.