Әкімшілік құқықтық жаза айыпталушының қателігін түсінуіне мүмкіндік беріп, қоғам үшін де пайдалы жаза болуының маңызы зор. Осы орайда әкімшілік құқықтық жаза ретінде тәртіп бұзушы қоғамдық жұмыстарға көбірек тартылса, оң нәтижесі мол болар еді. Өйткені қашан да адамды түзу жолға салатын еңбек. Ал сол еңбек жазасының өтеуі болса қоғамға да пайдалы, өзіне де тиімді болмақ. Осы орайда айта кетер жайт, Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 2019 жылы қамауға алуды алмастыру жазасы ретінде әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын 12 199 іс тіркелген. Ал 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында осындай 4 826 іс қаралған.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай тіркелген істердің басым бөлігі денсаулыққа жеңіл зиян келтіру (ҚР ӘҚБтК 73-1 бап), ұрып-соғу (ҚР ӘҚБтК 73-1), ұсақ бұзақылық (ҚР ӘҚБтК 434-бап), шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы (ҚР ӘҚБтК 517 бап), жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру (ҚР ӘҚБтК 608 бап), төтенше жағдай режимiн бұзу (ҚР ӘҚБтК 476-бап) түріндегі тәртіп бұзушылықтар екен. Статистика тілінде сөйлейтін болсақ, 2019 жылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабы бойынша 120 іс қаралса, 2020 жылы алты айда 83 іс қаралған. Ал 2019 жылы 32 ұрып-соғу құқық бұзушылығы тіркелсе, биыл жыл басынан бері мұндай 12 іс қаралған. Өткен жылы 360 ұсақ бұзақылық тіркелсе биыл осы уақыт аралығында 34 іс тіркелген. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзудың өткен жылы 290 оқиғасы тіркелсе, биыл мұндай санатта 23 іс екен. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруына қатысты өткен жылы 65 іс тіркелсе, биыл 463 оқиғасы тіркелген. Ал карантиндік жағдайға орай төтенше жағдай тәртібін бұзған 605 іс қаралған.
Жоғарыда атап өткен және басқа да заң бұзушылықтарды ескерсек биылғы алты айда барлығы 1414 іс тіркелсе, былтыр 1253 іс қозғалғаны белгілі болып отыр. Әкімшілік санаттағы істердің көбейе түсуі жаза түрлеріне де өзгеріс енгізу қажеттігін аңғартады. Мәселен «Әкiмшiлiк жаза және әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары» 6 тарауына толықтырулар енгізіп, Әкiмшiлiк жаза түрлерi 41 бабына «қоғамдық жұмысқа тарту» жазасы енгізілсе, тиімділігі жоғары болар еді. Өйткені қоғамдық жұмысқа тарту қай жағынан болмасын өте тиімді. Құқық бұзушыны еңбекпен тезге салумен қатар бюджет ақшасын үнемдеп, түрмеге тоғыту арқылы жылдар бойы асыраудың орнына, дәл қазіргі уақытта қоғам үшін пайдасын көруге мүмкіндік туар еді.
Осыған дейін де соттардың назарын қоғамдық жұмысқа тарту сынды жаза түрін жиі қолдануға назар аударту туралы заңгер мамандар тарапынан ұсыныстар айтылған болатын. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жазаланушыны тарту үшін аула тазалау, коммуналдық жұмыстар сынды бағыттар қоғамдық жұмысқа ыңғайлы екенін осыған дейін де тәжірибе айғақтап берген болатын. Қоғамдық жұмыс арқылы құқық бұзушы қоғамнан ажырап қалмайды және соған орай кейін оларды ортаға бейімдеу де жеңілірек тиер еді. Бұған қоса, қоғамдық пайдалы жұмысқа тартудың тәрбиелік те мәні бар екендігін ескерген жөн.
Қолданыстағы қылмыстық әлеуметтік заңнамаларда қоғамдық жұмыстарға рұқсат ету қарастырылған. Алайда қоғамдық жұмыстарды белгілеуде оның шектеулілігі қолданысты қиындатады. Бас еркінен айырудың баламасы ретінде қарастырылатын қоғамдық жұмысқа тарту жазасы оған қоршаған орта жақсы баға бергенде ғана нәтижесін беретінін ескеру керек.
Бүгінгі таңда қоғамдық жұмысқа тартылушылар негізінен көшелерді сыпырумен шектеліп отыр. Ал қоғамдық жұмыстардың аясын көбейте білсек, оларды саябақтарды, бақтарды, скверлердi, көшелердi тазалау және безендiру, ағаш отырғызу; дуалдарды сырлау және жөндеу; бақтар мен гүлзарларды бөлу; қоғамдық ғимараттарды безендiруге де пайдалануға болады. Ал алыс және жақын шетелдердің тәжірибелеріне қарасақ, олар сандаған салаларға тартылады екен. Мысалы, аймақты көгалдандыру мен абаттандыру, құрылыстарда, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандардағы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарға тарту тәжірибесі тіркелген.
Сонымен қатар қоғам құқық бұзушылардың үнемі мемлекеттің бақылауында екеніне сенімді болуы керек. Бұл тұрғындардың қауіпсіздікке сенімін арттырады. Осы орайда қоғамдық жұмыстарды сапалы ұйымдастырудың маңызы зор. Айта кетер жайт бұл мәселе бір кездері Елбасының халыққа Жолдауында да айтылған болатын. Құқық бұзды деп танылған адамдарға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы мүлдем тағайындалмай, негізінен бас бостандығынан айыру жазасына кеңінен тартылып, босатылғандарды оңалту мәселесі ешкімді толғандырмайтыны, нәтижесінде олардың қайта тәртіп бұзуға бейім болатыны ашық айтылған болатын. Құқық бұзушыны қоғамдық жұмысқа тарту арқылы пайдасын көріп, еңбекпен түзелуіне жағдай жасасақ болашақта оларды қоғамға бейімдеу жұмыстарына да аз шығындалатынымыз анық. Тіпті еліміздегі құқықтық реформалар мен заңдарды ізгілендіру аясында 2017 жылға дейін түрмеде жазасын өтеушілерінің саны көп 50 елдің қатарынан шығаруды жүктеген де болатын. Қазір сатылап осы міндеттерді қоғамдық жұмыс арқылы шешу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қоғамдық жұмыстар — бұл адамның қоғам, мемлекет алдында өз еңбегiмен кiнәсiн өтеуге мүмкiндiгi бар жаза. Бұл ретте жұмысын, отбасын, үйреншiктi жағдайды, оқуды жоғалтпай қолданылатын жаза түрi. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның тұрғылықты жерi бойынша өтеледi. Қоғамдық жұмыстарды қолдану кезiнде келесi нәтижелерге қол жеткiзуге болады: бiрiншiден, бұл көрнекi нәтиже — көшелер мен аулалардағы тазалық; екiншiден, тәрбиелiк маңызы зор. Құқық бұзушы өзiнiң еңбегiмен қоғамға келтiрiлген залалды түзетiп, оны халықтың алдында жасайды. Сондықтан тәртіп бұзушыны қоғамдық жұмыстарға тартуға көбірек көңіл бөлген жөн.
Тәжіханов Бақытжан Әбдісәттәрұлы, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы