Құқықтық, зайырлы мемлекеттің тірегі – сот. Соған орай, отандық сотты дамытуға, жаңғыртуға үнемі мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлінеді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әділ атап өтіп, «Қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқарады. Сол себепті елде бұл салада жүйелі түрде реформа жүргізіліп келеді» деген болатын.
Расында, адам тағдырының арашасы, заңдылықтың қайнар көзі саналатын сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан жаңашылдықтардың барлығы азаматтар тілегі мен талабының жемісі, халықтың құқығы мен бостандығын қорғаудың негізі. Яғни, сот саласындағы реформалар заңды жетілдіріп, толықтырумен ғана шектелмейді, сот жүйесін халыққа жақындатуды, азаматтарға неғұрлым тиімді етуді көздейді. Жаңа технология, жасанды интеллектке сүйене отырып қолға алынған бастамалардың халық көңілінен шығып жатқаны да сондықтан.
Сот жұмысындағы іргелі өзгерістің бірі – 2015 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінде көрініс тапты. Осы кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, сот төрелігінде азаматтық істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қарау тәжірибесі қолға алынды. Бұл жаңашылдық та сандық технология жетістігінің бір нәтижесі. Негізгі мақсат – оңайлатылған іс жүргізу арқылы сот төрелігін азаматтарға ыңғайлы, оңтайлы, тиімді ету.
Оңайлатылған іс жүргізудің өзіндік артықшылығы мен ерекшелігі аз емес. Мұндай іс жүргізу барысында сот тараптарды сот отырысына қатысуға шақырмайды және сот отырысын жүргізбейді. Сот тараптар ұсынған құжаттарды зерделеп, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде сот шешімін қабылдайды. Істерді судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен талап арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қарайды және бұл мерзім ұзартылуға жатпайды. Міне, осының өзі бұл жаңашылдық уақыт тұрғысынан да тараптарға ыңғайлы екенін айғақтайды.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қаралатын істер санаты Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) 267-2-бабында дәйектелген. Соған сәйкес, талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюлар оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралады. Сондай-ақ талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады. Бұдан бөлек, алиментті өндіріп алу туралы дауларды қоспағанда, балалардың құқықтарын қозғайтын даулар бойынша істер де оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі қолданылады.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар негіз болған кезде судья істі оңайлатылған тәртіпте қарау туралы шешім қабылдайды. Ол туралы талап қоюды сот өндірісіне алу туралы ұйғарымда көрсетеді. Мұндағы басты ерекшелік – оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралатын істер электронды нысанда жүргізіледі. Егер тараптар істі қағаз нысанда қарауды өтінсе, онда сот істі қарауда электронды нысаннан қағаз нысанға көшеді. Сот істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қарайтыны туралы тараптарды хабардар етуі тиіс. Бұл хабарламада сондай-ақ тараптарға татуластыру рәсімдері шеңберінде дауды реттеу құқығы, осы кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес, дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы дәйектеледі.
Сәйкесінше жауапкер сот тарапынан белгіленген мерзім ішінде өзінің талап қоюды мойындайтынын немесе қарсылық келтіретінін айтуға құқылы. Егер талапқа қарсы болса, онда оны негіздейтін дәлелдемелерін сотқа ұсынуға міндетті.
Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде тараптарды сот отырысына шақырмай, тараптардың ұсынған құжаттары мен дәлелдемелері негізінде шешім қабылдайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын қысқаша шешім шығарады. Егер тараптар сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жазбаша өтінішхат келтірсе, онда сот кіріспе, уәждеу және қарар
бөліктерден тұратын шешімді дайындайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған істер бойынша тараптардың өкілге (адвокат, заң консультанты) кеткен шығындары тарапқа көрсетілген кеңес беру, сотқа дейінгі дауды шешу және арызды сотқа дайындау шығыстары шегінде өндірілуі мүмкін.
Жауапкер талап қою арызының келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және пікірге, сондай-ақ, шешімнің мазмұнына әсер ете алатын дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. Егер арыз қанағаттандырылса, онда сот шешімнің күшін жойып, істі жалпы тәртіпте қарау туралы шешім қабылдайды. Аталған тәртіпте іс қарау кезінде тараптар татуласу рәсімінің кез келген түрін қолдану арқылы, істі бітіммен аяқтай алады.
Сонымен қатар, оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде бірінші сатыдағы сотта сот отырысының хаттамасы жүргізілмейтінін, бұл процеске қатысушылардың хаттамаға ескертулер келтіру мүмкіндігін болдырмайтынын да ескергеніміз абзал. Шешімге шағымдану Жалпы ережелер бойынша жүзеге асырылады.
Әрбір қабылдаған жаңашылдықтар, құқықтық институттар маңызды және тараптарға тиімді болуы шарт. Бұл ретте талап қоюды оңайлатылған тәртіппен қараудың тиімді тұстары аз емес.
Төленді Боранов,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы