Әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызметі болып табылады. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді жүзеге асыру тәртібі.
Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
Оңайлатылған әкімшілік рәсімді мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға және олардың лауазымды адамдары осы бөлімде белгіленген тәртіппен, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен жүзеге асырады.
Осы мақсатта мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға және олардың лауазымды адамдарына хабарлама, ұсыныс, үн қосу немесе сұрау салу жіберген тұлға арыз иесі деп түсініледі.
Оңайлатылған әкімшілік рәсімді қарау барысында мына мән-жайлардың тым болмағанда бірі болған кезде:
1) қайталама хабарламаларда, ұсыныстарда, үн қосуларда, сұрау салуларда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтiрiлмесе, ал алдыңғы хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың материалдарында тексерудiң қажетті материалдары болса және арыз иесіне белгiленген тәртiппен жауаптар берілсе;
2) хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың авторын анықтау мүмкін болмаса, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы болмаса, оларда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер туралы және олардың құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға дереу жолдануға жататын мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда;
3) хабарламада, ұсыныста, үн қосуда, сұрау салуда мәселенің мәні баяндалмаса, оңайлатылған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.
Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды және оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге ӘРПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қараудың нәтижелері бойынша мынадай шешімдер қабылданады:
1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру;
2) назарға алу;
3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы.
Хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде мазмұны бойынша негiзделген және уәжделген болуға, оның қабылданған шешiмге шағым беру құқықтары түсiндiріле отырып, арыз иесінің дәлелдерiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиiс.
Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер мен лауазымды адамдар арыз иесіне әкімшілік істі қараудың нәтижелері және қабылданған шаралар туралы хабар береді.
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Г.Калдыбекова