Заңдардың орындалу тиімділігі және оларды іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің уақытылы қабылдануына байланысты.
Құқықтың негізгі қайнар көздерінің бірі-нормативтік құқықтық актілер болып табылады.
Нормативтік құқықтық акт ресми түрде мемлекеттік құжат ретінде жазбаша дайындалады, олардың міндетті түрде ерекше белгілері бар, яғни актінің аты (заң, жарлық, қаулы, шешім, бұйрық…), қабылдаған органның аты (парламент, президент, үкімет, жергілікті билік органдары).
Нормативтік құқықтық актілерде көпшіліктің (қоғамның) және жеке адамдардың мүдделерін қорғайтын құқық нормалары бекітіледі және құқық нормасын нақтылы экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық және халықаралық жағдайларға байланысты үйлестіреді.
«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабына сәйкес Әдiлет органдарының негізгі мiндеттерiнің бірі-жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің және облыстың тексеру комиссиясының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру болып табылады.
Өз құзіреті шегінде Түркістан облысының Әділет департаменті облыс аумағындағы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, атап айтқанда мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдеріне, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларыне, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдеріне және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларына мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады.
Әділет департаменті жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне қосымша зерделеу мақсатында құқықтық мониторинг жүргізеді.
Құқықтық мониторинг жүргізудің мақсаты-егер нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлық сипаты бар құқық нормалары анықталса, мәслихаттар мен әкімдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде, яғни заңның бұзылуын жою туралы ұсыныстар енгізеді.
Заңның бұзылуын жою туралы ұсыныстар Заңның 14-бабына сәйкес енгізіледі:
1) әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi, бiрақ одан өтпеген нормативтiк құқықтық актiлерiне қатысты;
2) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың, әкімдердің олар қолданатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес жариялануы мiндеттi, бiрақ белгiленген тәртiппен жарияланбаған, нормативтiк құқықтық актілерiне қатысты;
3) әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн нормативтiк құқықтық актiлерiне қатысты;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де жағдайларда.
Осы бағытта ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін Түркістан облысының Әділет департаментімен жергілікті мемлекеттік басқару органдарына 7 ұсыныс енгізіліп, анықталған НҚА заңнамаға сәйкестендірілді.
Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 457-бабымен нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ, Әділет департаментінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімімен құқықтық түсіндіру жұмыстары мен жергілікті өкілді және атқарушы органдарының қызметкерлерін тағылымдамадан өткізу жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
Түркістан облысы
Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің
басшысы Ү.Құлымбет