Жақында ғана Шымкент қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған эстрада әншісі Ақбота Керімбекова өзін «бұл қызметке лайық емес» деп сынағандарға әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді.
«Қадірлі әнсүйер қауым, аяулы тыңдармандарым, тілеулестерім! Мен жайлы жарияланған жаңалық бірін таңырқатып, бірін жабырқатып, ал енді бірін шынайы қуандырып жатыр. Көпті толғандырып отырған осы ақпараттың ақ-қарасын өзімнен білсін деп Сіздердің назарларыңызға жазбамды ұсынып отырмын. Иә, рас, Шымкент қаласының басшылығы, мәдениет саласының жетекшілері аталмыш қызметті ұсынды. Мен бірден келісе салған жоқпын, басқарма басшылығы маған саланың тыныс-тіршілігімен жете танысуға мүмкіндік жасауда. Тап қазір сала жұмыстарына зер салып, Мемлекеттік қызметке орналасу үшін тапсырылуға тиіс тестке дайындық үстіндемін», — деді өнер иесі.
Керімбекованы сынаған әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі оның «заңнан хабарсыз» екенін айтқан. Ал әртістің өзі мұнымен келіспейтінін алға тартады.
«Жазбалардан «заң мен құқықтан хабарсыз» деген пікірлерді көзім шалды. Аталмыш тест (мемлекеттік қызмет талабы – ред.) барлық заңдық және құқықтық нормативтерді қамтиды. Сол себепті, сәл сабыр етіп қояйық. Жақсы хабардың бәрі алда! Менің басшылық лауазымға қол жеткізуіме ешқандай конститутициялық шектеулер мен заңды құқығымнан айыру шешімдерінің жоқтығын ескерсек, орынбасар қызметіне тағайындалуым жұртты алаңдатпауы керек деп ойлаймын. Осыған дейін 25 жыл үлкен сахнада жүріп, бүтін басқарма жасайтын жұмыстарды, бүтін құрылым жасайтын есептік концерттерді өзім жасадым. Мүмкіндігім келгенше мамандығыма адал болып, тыңдармандарыма сапалы дүние ұсындым. Соны енді елдік деңгейде мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана отырып жалғастыратын кез келген секілді», — деп сөзін жалғады эстрада өкілі.
Керімбекованың сөзінше, өзіне бұндай қызмет бірінші рет ұсынылып отырмаған сыңайлы. Әнші бұған дейін бірнеше лауазымды қызметтен бас тартқанын жасырға жоқ.
«Бұған дейінгі ұсыныстардан жастығымды, албырттығымды алдыға тарта отырып бас тартқанмын! Қазір менде бәрі басқаша, көзқарасым да, ойлау-бағалау дәрежем де. Жылдармен бірге пайым-парасатым да жетіліп, кемелдене түсудемін. Менікі “ұялмаған бұйырмағанды алады” емес! Кейбір кісілерге айтарым: некелерімді санамай, баталарыңызды беріңіздер! Сол абзалырақ! Ал тілеулестеріме айтарым: біздің ауылда да бір думан болатын күн жақын!», — дейді өнер иесі.
Жазбасын қорытындылай келе Керімбекова қызметке шақырған Шымкент қаласына алғысын білдірді.
«Шымкент – менің өз жұртым, туған жерім. Мені іздеп, сенім артып, шақырғандарына шын қуаныштымын. Шын таланттарды бауырына қайта шақырған Шымкентіміздің бастамасы – ұлы іс. Барлығыңызды жақсы көремін. Жүз шет елден шырайлырақ Шымкент жасай берсін!», — деді ол.