Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі, ал неке – өзара сыйластыққа, сенімге, түсіністік пен жауапкершілікке негізделген маңызды әлеуметтік институт. Қоғамның тұрақтылығы мен болашағы отбасындағы тәрбиеге, адамгершілік құндылықтарға және отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасына тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, неке және отбасы мемлекет қорғауында болады. Отбасылық қатынастар ерлі-зайыптылардың тең құқықтылығы, өзара келісімі, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қағидаттарына негізделеді.
Дегенмен, қазіргі қоғамда отбасылық қарым-қатынастарға байланысты түрлі мәселелер кездеседі. Олардың қатарында ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, тұрмыстық жанжалдар, ажырасу, алимент өндіру, сондай-ақ балалардың тұрғылықты жерін анықтау және олармен қарым-қатынас жасау тәртібін белгілеу мәселелері бар.
Әсіресе, ата-ананың ажырасуы бала үшін күрделі психологиялық жағдайлардың бірі болуы мүмкін. Мұндай кезеңде бала өзін кінәлі сезінуі, ата-анасының бірін ренжітіп алудан қорқуы немесе ішкі сезімдерін ашық жеткізе алмауы ықтимал. Сондықтан ата-аналар өзара келіспеушіліктерін шешу барысында баланың психологиялық жағдайын бірінші орынға қоюы қажет.
Бала үшін ең маңыздысы – ата-анасының бірге тұруы ғана емес, олардың тарапынан көрсетілетін мейірім, қамқорлық, қауіпсіздік пен тұрақты эмоционалдық қолдау. Ата-аналар бөлек тұрған жағдайда да баланы тәрбиелеу мен оның болашағына қатысты жауапкершілікті бірдей сезінуі тиіс.
Сонымен қатар, отбасылық дауларды шешу кезінде баланың пікірі мен мүддесін ескеру ерекше маңызға ие. Баланың жас ерекшелігіне, даму деңгейіне және психологиялық жағдайына назар аудару – әділ шешім қабылдаудың маңызды алғышарттарының бірі.
Отбасы – тек ортақ шаңырақ емес, ол – өзара түсіністік пен құрмет қалыптасатын орта. Әрбір ата-ана баласының бақытты балалық шағы үшін жауапты екенін ұмытпауы керек.
Қорытындылай келе, берік отбасы – берекелі қоғамның негізі. Неке мен отбасы құндылықтарын сақтау, ата-аналық жауапкершілікті арттыру және балалардың құқықтарын қорғау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені баланың бақытты болашағы бүгінгі ересектердің қабылдаған шешімдері мен жасаған қамқорлығына байланысты.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты судьясы Б.Сауран


