12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Неке шарты — сыйластықты сақтап қалудың негізі

Елімізде неке бұзу деректері азаймай отыр. Статистика көрсеткендей, тіркелген әрбір үш некенің біреуінің соңы ажырасумен аяқталады. Ал ажырасу азаматтық, неке-отбасылық заңнама шеңберінде реттеледі. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу сот тәртібімен шешіледі. Некенің бұзылуы арыз жазумен, ажырасумен бітпейді. Алимент өндіру, баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты жерін анықтаудан бөлек, ортақ мүлікті бөлу де үлкен қиындық тудырады.
Сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікке таласпау өте сирек кездеседі. Неке және отбасы туралы кодексте бұған қатысты заңды сұрақтардың бәрі қарастырылған. Соған сәйкес, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезінде жинаған, сатып алынған дүниелері ортақ меншік болып табылады. Ортақ мүлікті бөлгенде, ерлі-зайыптылардың үлесі теңдей. Сот мұндай істерді қараған кезде, ерлі-зайыптылардың табысындағы айырмашылыққа назар аудармайды. Сонымен бірге, әйелдің некеде өмір сүрген жылдары жұмыс істемегені, отбасы шаруасымен айналысып, бала күтімімен отырғаны да назарға алынбайды. Яғни, заңға сүйене отырып, кез келген әйелдің ортақ мүліктің тең жартысына талап қоюға толық құқығы бар.
Неке шартын жасап, отбасылық міндеттемелерін құқықтық тұрғыда бекіткен жандардың дауын таразылау үлкен қиындық келтірмейді. Бірақ, бізде әлі күнге дейін неке шартын жасап, өз құқығын қорғайтындар көп емес. Соған орай, ортақ мүлікті бөлуде біраз ізденуге, анықтама, құжаттар сұратуға тура келеді. Отбасылық одақ кезінде ерлі-зайыптының біріне мұрагер ретінде жылжымайтын мүлік берілсе, туыстары мүлікті сыйға тарт­са, оған екінші тарап таласа алмайды. Неке кезінде біреуден сыйға алған дүниеге әркім өзінше иелік етеді. Осы жерде мына мәселеге ерекше назар аудара кеткен жөн. Мысалы, бізде ұл мен қызы бас қосқан ата-аналар үйлену тойында көпшіліктің көзінше қомақты сыйлық, үй, көлік сыйлауға құмар. Той кезінде тарту етілгенмен, бұл бағалы сыйлықты бөлуде Неке және отбасы туралы кодекске сүйенеміз. Оның тәртібі кодекстің «Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 7-тарауында егжей-тегжейлі көрсетілген. Айталық мүлікті сатып алған күн ерлі-зайыптылардың некесі қиылған күннен бұрын болса, мүлік кімнің атына рәсімделсе, сол тарапта қалады. Сондай-ақ, мұрагерлікке қалған, сыйға берілген мүліктен де келесі тарап үміттене алмайды. Ал ерлі-зайыптылардың біреуіне тиесілі үйді, пәтерді бірігіп өзгерткен, жаңғыртқан, күрделі жөндеуден өткізген жағдайда, екінші тарап үлес сұрап талап қоюға қақылы.
Соңғы жылдары ажырасқан жастардың қалың малды қайтаруды, қыздың артынан келген жасауын беруді сұрап арыз жазуы жиі кездеседі. «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, күні кеше ғана тоқшылық пен жоқшылықта бірге болуға уәделескен жандардың ажырасуға қатысты ойланбай шешім қабылдауы қынжылтпай қоймайды. Ал енді қыз жасауын қайтартуға келер болсақ, мұның да тәртібі реттелген. «Неке және отбасы туралы» кодекс­ке сәйкес, тұрмысқа шыққан қыздың артынан жасалатын жасау оның өз меншігі болып табылады. Әрі ол ортақ мүліктің қатарына кірмейді. Тек ерлі-зайыптылардың тойында сыйлық ретінде берілсе, бұл ортақ мүлікке жатады. Кейбір ата-аналар өз намысы үшін әрі қызына жақсы жасау беру мақсатында банктер мен шағын қаржы ұйымдарының көмегіне жүгінеді. Осылайша бірнеше жылға қарызға батқан жандар жатын бөлме, ас үйге қажетті жиһаздарды, тұрмыстық техниканы, ыдыс-аяқ пен қыздың киімдерін несиеге алып тарту етеді. Ал үлкендер үміт еткен некенің ғұмырының ұзаққа созылмауы әбден мүмкін. Дау, міне, осы жерден басталады. Кім өзінің сонша жылға пайыз­дық үстемемен алған дүние­сін қалдырып кеткісі келеді дейсіз? Кейде тараптар осы алған дүние­лердің чектерін ұсынып, өзіне тиесіліні қалпына келтіреді. Мұндай талассыз құжаттар болмаған жағдайда, куәларды сөйлетуге тура келе­ді. Сондай-ақ, қазіргі кезде кез келген құдалық, тойдың бейнекамераға жазылатыны белгілі. Кейде осы таспада таңбаланған жасауды таныстыру рәсімі де айғақ қызметін атқарады.
Қалай болғанда да мұндай даулардың алдын алу үшін неке шартын жасау пайдалы. Неке шарты біз үшін жаңалық емес. Ол 1998 жылы 17 желтоқсанда «Неке және отбасы туралы» заңына сәйкес қолданысқа енгізілген. Неке шарты некеге тұрған тұлғалардың немесе некедегі және ол бұзылғандағы жұбайлардың мүліктің құқы мен міндеттемелерін анықтайтын жұбайлардың келісімі болып танылады. Бұл шарт – неке бұзылған жағдайда, ерлі-зайыптылардың ұрыс-керіссіз мәселені шешіп, арадағы татулықты, сыйластықты сақтап қалуының кепілі.

Махамбет Толтанов,
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...