«Уәдені бұзған – ұяны бұзғанмен тең», «Ақшадан уәде күшті» деуші еді бабаларымыз. Бұл күнде уәде беру, ант ету, кепіл болу – ойыңдағыны орындау үшін қолданылатын жай сөзбен тең болып қалды. Кейде адамдардың бас пайдасы үшін небір құйтырқылыққа баратынын көріп еріксіз таңқаласың. Бұған сот тәжірибесінде мысал жеткілікті.
Мысалы, талапкер П. сотқа жүгініп, өзінің үшінші топтағы мүгедек екенін, А. деген азаматқа алданып, 1 млн теңге көлемінде қаржылық шығынға батқанын жеткізді. Сот отырысы барысында белгілі болғандай, П-ға қоңырау шалып, өзін «Банк Хоум Кредит» АҚ қызметкерімін деп таныстырған адам біреулердің мұның атынан несие рәсімдеп жатқанын айтып, қауіпсіздік қызметімен байланысуды сұрайды. Артынша қауіпсіздік қызметіненмін деп хабарласқан екінші адам алаяқтардың құрбаны болмас үшін смартфонына арнайы бағдарламаны орнатуды сұрайды. «Жанашырлар» айтқан бағдарламаны орнатқан азамат мобильді құрылғы арқылы «Банк Хоум Кредиттен» 1 млн теңге несие рәсімделіп, артынша бұл соманың «ForteBank-тегі» А-деген азаматтың атындағы есепшотқа аударылғанын біледі. Алаяқтарға алданғанын түсінген азамат несиенің пайызы өсіп кетпес үшін қарызды толықтай төлеп құтылған. Бірақ, мұның есебінен негізсіз байығандарды сотқа беріп, 1 млн теңге мен моральдық шығынды жауапкерден өндіруді сұрап сотқа шағымданған. Сот барысында ақшаның қалай аударылып, кімнің шотына түскені банк ұсынған мәліметтер негізінде дәлелін тапты. Ең өкініштісі, бұл іске жауапты болып танылған А. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша жауаптылыққа тартылып, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектелген. Осының өзі бұл азаматтың аңқау жандар есебінен баюды көздегенін көрсетсе керек.
Істі таразы басына сала келе сот талапкер П.-ның талабын қанағаттандырды. Негізсіз 1 млн теңгені иеленген жауапкер А. бұл соманы талапкерге қайтарумен бірге, мемлекет кірісіне он мың теңге мемлекеттік баж төлейді.
Сенімге қиянат жасап, заңсыз баюдың тағы бір көрінісін мына бір істен байқауға болады. Сотқа жүгінген Я. деген азамат 2024 жылдың маусым айында Инстаграмнан скутерлерді сату туралы хабарландыруды көріп, ыңғайлысын таңдап, көрсетілген «WhatsApp» нөміріне хабарласады. Өзін скутерлерді көтерме бағамен сатудың маманы деп таныстырған Н. талапкерге 1 097 700 теңге сомасына төлем жасау керектігін айтып, шот қояды. Әрі «Kaspi Bank» арқылы төлеген кезде бүкіл Қазақстан бойынша жеткізу тегін екенін жеткізеді. Алайда, 1 097 700 теңгені 24 айға бөліп төлеуге келіскен жауапкер осы күнге дейін уәде етілген тауарды алмаған. Несие болса ай сайын күнінен жаңылмай келіп тұр, тауар болса жоқ. Ақыры шыдамы таусылған азамат Я. өз құқығын сот арқылы қорғап, жеткізілмеген тауар үшін төлеген 1 097 700 теңге мен мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстарды және өкілдік шығыс ретінде 120 000 теңгені өндіріп алуды сұрады.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, талапкер несие лимиті бойынша соманы алып, жауапкердің есепшотына төлеген. Ал «Kaspi Bank» АҚ-дан түскен 1 097 700 теңге қаражат жауапкердің шотына «ZERE» ЖК сату ретінде жіберілгені анықталды. Осыдан кейін жауапкер өз шотынан алдымен 500 мың теңгені, артынан 822 618 теңгені үшінші тұлғаның шотына аударған. Сот отырысына куә ретінде шақырылған М.Б. бейтаныс адам ақшасын шеше алмай тұрғанын айтып, «егер карточкаңызға аударған ақшаны қолма-қол шығарып берсеңіз, 10 мың теңге сыйақы беремін» деп өтінгенін алға тартты. Міне, осының өзі жауапкердің өзіне жүктелген міндеттемені орындауды ойламағанын, керісінше заңсыз баюды мақсат еткенін көрсетеді.
Істі зерделей келе сот талапкер Я.-ның жауапкер «ZERE» жеке кәсіпкеріне соманы өндіріп алу туралы талабын қанағаттандыруға шешім қабылдады. Шешімге сай, жауапкер 1 097 700 теңгемен қоса, мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстарды, өкілдік шығыстарды төлеуге міндеттелді.
Гүлмира Рахимбаева,
Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы